Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Алматыда 455 миллион теңгенің тендерін ұтқан компания жолды аяқтамай, қазулы күйінде тастап кеткен

Алматы қаласы әкімдігі қалыптасқан проблемаға қатысты жауапты Алатау аудандық аппаратында отырған Ертіс, Қуатбек сынды шенділерге сілтеді.

Алматыда 455 миллион теңгенің тендерін ұтқан компания жолды аяқтамай, қазулы күйінде тастап кеткен
Фото: ашық дереккөз

Алматы әкімдігінен 455 миллион теңгенің тендерін ұтқан компания 4,5 шақырымдық су құбырын екі жылдан бері аяқтай алмай келеді. Осы күнге дейін бөлінген 240 миллион теңгені жаратып үлгерген компания тас жолды қазған қалпы тастап кеткен, деп хабарлады Azattyq Rýhy.

Алатау ауданының Боралдай шағынауданына су құбырын тартуы тиіс компанияның жұмысы көктемнен бері тоқтап тұр. Мыңдаған көлік ағылып жатқан негізгі жолды қазып тастаған «Қарасай құрылыс» ЖШС шұңқырларды жаппай кеткен. Жолдың ортасы мен шетін апанға айналдырған қарасайлық компанияның әрекеті жүргізушілердің де, тұрғындардың да ызасын тудырып отыр.

«Жолды қазып тастады. Автобустар жолға сыймайды, бір біріне апаттық жағдай тудырып өтеді үнемі. Қазып тастағанына 3 ай болды. Ешкімге керегі жоқ, қопарды да тастап кетті. Көліктің жарытсы асфальтта, жарты доңғалағы қазылған шұңқыр арқылы жүреді. Машинасының астын соғып ашуланған қаншама жүргізуішіні көрдім. Бастамау керек, бастады ма тастамау керек бұлай. Міне, енді қараусыз қалды, айнала ойлы-шұңқыр, шаң», - деді Алатау ауданының тұрғыны Еркін Бейсенбин.

Асфальт жолдағы қазылған апанға ағылған көліктер түсіп кетпес үшін шұңқырдың шетіне бетон құдықтарды (колодец) қойып кеткен. Онсыз да тар жол кішірейіп қалғандықтан, ағылған мыңдаған көліктің жүргізушілері қарсы бағытқа шығып, жолға таласуға мәжбүр. Апаттық жағдайдан қашқандары шаңды жолмен айналады.

«Қолдан апаттық жағдай жасап отыр. Ақылсыз істелген жұмыс. Шет жақ болған соң қаланың әкімдігі қарамайды. Бардак болып жатыр. Неге билік халықтың өміріне қауіп тудырады», - деді Махамбат есімді жүргізуші.

Боралдай шағынауданына дейінгі 4572 метр су, 4915 метр кәріз құбырын тарту жұмыстары былтыр басталған. Тендерді ұтқан компания 2020 жылы 196 миллион, биыл наурыз айында тағы 40 миллион теңгені алып үлгерсе де, құрылыс жұмысы тоқтап тұр. Құрылыс материалдарының қасында бастықтарының келуін күтіп жүрген үш жігіттің сөзінше, айлық дұрыс төленбегендіктен жұмысшылар тиіп-қашып жүр. Өздері де 1,5 айдан бері еңбекақыларын күтумен келеді екен.

«Трудовиктен бері қарай қаздық, Боралдай арқылы Момышұлы көшесіне өтіп кетеміз. Материал жоқ, тоқтап тұр жұмыс. Менің қарамағымда 5 жұмысшы бар. Уақытша жұмыс істеуге келдік. Бетон құдықты орнына қойып, ішін бояп, құбырларды жалғау міндетіміз. Біздің алдымызда басқа жұмысшылар болған. Олар кетіп, біздің келгенімізге 1,5 ай болды. Айлықты да күтіп жүрміз, күнде ертең деп. 200 мың теңге ақы төлеуге уәде берген, жұмысқа құжат жүзінде қабылдамады. Жолға, тамаққа деп 5 мың теңге беріп қояды. Құбыр жоқ, техника жоқ. Техниканы жан-жақтан жалдап әкеледі. Қазылған жерлер материал жоқ болған соң ашық тұр», - деді өзін бригадирмін деп таныстырған Болат Рахымов.

Алматы қаласы әкімдігі қалыптасқан проблемаға қатысты жауапты Алатау аудандық аппаратында отырған Ертіс, Қуатбек сынды шенділерге сілтеді. Алайда, олар жағдайды түсіндіруге құлық танытқан жоқ. Компания директорының орынбасары Орынбек Сәрсенқожаевтың сөзінше, әкімдік Мәдениет ауылындағы су мәселесін жылдам шешуге тапсырма берген көрінеді. Жұмысшы мен техникаға жарымаған компания орып тастаған жерлерді тастауға мәжбүр болған. Айтуынша, былтыр 1260 метр су, 1660 метр кәріз құбыры тартылған. Арам су мен ауыз судың құбыры орталық жолдың екі жағынан өтетін болғандықтан, жолаушыларға қиындық тудырып келеді.

«Жұмысты ертең қайта бастаймыз, құрылыстың тоқтап қалғаны рас. Құрылысқа тапсырыс беруші – Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы. Жұмысшылардың айлық алмадық дегені шындыққа жатпайды. Биыл 450 метр құбыр тарттық. Осы күнге дейін 238 миллион теңгенің жұмысы жасалды», - деді «Қарасай құрылыс» ЖШС директорының орынбасры О.Сәрсенқожаев.

Ағылған көліктердегі жүргізушілер Боралдайға беттегенде әкімдікті бір балағаттап алады. Жол бойындағы шұңқырлардың қашан жабылатыны нақты белгісіз. Компания өкілінің сөзінше, былтыр басталған қаржыландыру жылдың соңына дейін жалғасуы тиіс.