Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың көздегені – қаладағы діни ахуалды қалыпты ұстау. Білмегеннің діни сауатын ашып, адасқанға жол көрсету, қауіптен сақтандыру, алдын алу. Шаһар халқы басқарманың әр айтқанына құлақ түргені жөн болар еді. Жау жоқ деме жар астында деп қазақ халқы бекер айтпаған.
Бәле-жаланың аяқ асты келетінін өмір көрген жандар жақсы біледі. Ондайды жазымыштан озымыш жоқ, басқа салғаны осы болды деп пешенеге тірейміз. Маңдайға жазылғаны солай болған ғой деп амалсыздық танытамыз. Әрине, кездейсоқ, байқаусызда, күтпегеннен болған қиындыққа амал бар ма?! Ал ескермегендіктен, ықтиятсыздықтан, тыңдамағандықтан, мән бермегендіктен болатын қиын оқиғаларға не дейміз?! Әсіресе, діни сауатсыздықтан, шариғи білімсіздіктен болып жатқан оқиғалардың себеп-салдарын естігенде жаның ауырады және мұндай оқиғалар әдейі жасалатыны, қасақана істелетіні алаңдатпай қоймайды. Біздің де айтпағымыз, әлеуметке ескертпегіміз осы. Көптеген жастар өз өмірлеріне өздері балта шауып жатады. Тіпті, кейбірі өзін-өзі өлімге қиғанын естігенде денең түршігеді. Мұндай оқиғалар аз емес және ол біздің елімізде болып жатқаны өкінішті. Өкініштен өзек өртеніп, бармақ шайнап қалмас үшін ойлана жүргеніміз абзал. Ойлану үшін әңгімені әріректен бастайық.
Адам жаратылысы қызық та күрделі ғой. Мәселен мидың жұмысымен айналысатын ғылымды нейробиология десек, оны зерттейтін маманды нейробиолог дейміз. Осы нейробиологтар мидың жұмысын әлі күнге дейін толық зерттеп болмапты. Миды тез зерттей қойып, тұжырым жасай кететін, белгілі бір байламға тірей салатын оңай дүниеге жатқыза алмайсыз. Ми – өте күрделі дүние. Мидың ішінде милиярдтаған нейрондар болады екен. Сол нейрондар неғұрлым көп жұмыс істеген сайын, адамның қабілеті, есте сақтауы, ойлап табуы, идея туғызуы деген сияқты дарын-таланты ашыла береді, ашыла береді.
Ғұлама-данышпандардың көп нейрондары жұмыс жасаған деуімізге болады. Олар ізденуден жалықпаған, білімнің соңына түскен, әр нәрсеге мән берген. Сараптай, саралай білген. Әрине, барлық адамның данышпан, ақылман, әулие болуы мүмкін емес, бірақ айтылған сөзге зейін салып, болып жатқан оқиғалардан сабақ алып, мән беріп, ойланып, әрбір қадамын есті есеппен басқан адамнан қауіп-қатер алыс болады.
Өсіп келе жатқан жасөспірімнің миына әсер ету арқылы теріс бағытқа жетелеп кету оңай. Сәтін тауып, жақсылап бір әсер ете алуы керек. Деструктивті топтар осы әсер етудің сәтін күтеді. Жаратылыс, Жаратушы, Құдай, Алла тағала ұғымы әсер етуге өте қолайлы тақырып. Өйткені біз жаратылыспыз. Жалған дінді жамылатыны да сол, олардың...
Өмірге енді араласа бастаған жасөспірім өмірдің мәнін іздей бастайтыны заңдылық. Туабітті ақылдылары саналы түрде өмірдің мәнін түсінуге тырысады, кейбірі әрбір әрекеттен, әсерден ойлана бастайды. Міне осындай ой жетегінде жүрген жасөспірімнің ыңғайлы сәтін дәл басатын радикал идеолгтар өз құрбандығын адастырып, жетелеп әкетеді. Теріс діни топтар жасөспірімді жұмақ арқылы арбайды. Санасын улайды. Түрлі дәлел, мың бір мысалмен еліктіреді. Құранды бұрмалап, өтірікті судай төгіп, жұмақтың кілті қолында тұрғандай сөйлейді. Әңгімесінің әсері еліткен жасөспірім сену үстіне сене береді. Бұл тұрғыда мысал да табылып тұр.
Бір мұғалімнен естіген әңгімем еді:
– Мен ол кезде ауылдағы мектепте сабақ беретінмін – деп бастады танысым. 8-класта Айдар (аты өзгертілген – ред.) деген қағілез бала бар-тын. Жаңа сабақты тез меңгеріп, жылдам түсінетін оқушы болды. Қиялы жүйрік, әрнәрсені бір сұрайды. Қатарластарынан оқ бойы озық еді. Білгісі кеп тұрады. Қызығушылығы зор. Сол бала бір күні күрт өзгерді. Бұрынғыдай тақырыпқа байланысты сұрағы азайды, мүлде жоқ болды. Бір тоға, үнемі ой үстінде отыруды шығарды. «Әй, Айдар, сен неге үндемейтін болғансың? Бұрынғыдай емессің ғой...» деп бірнеше рет сұрадым. Көбіне сұрағымды жауапсыз қалдырып жүрді. Тіпті, сабақ айтуды қойды.
Тағы бір күні Айдардан сабақ сұрап, мінезінің өзгеруіне байланысты қойған сұрағыма ол: «ағай, бұл жалған өмір екен ғой. Нағыз өмір о дүниеде дейді. Менің сол жаққа тезірек барғым келеді, жұмақта өмір сүргім келеді» деп көзі жасаурап, шынайы тебіреніп айтты. Мен тіксініп қалдым. «Айдар, айналайын. Сенің өмірің алда. Болашағыңда үлкен жетістіктер күтіп тұр. Қазірден мақсат қойып, жақсы оқып, тырысуың керек» деген сияқты әрбір оқушыға айтуға тиіс мұғалімнің сөзін айтып едім, байқауымша, әсер етпеді. Бұрын болашақ туралы айтқанда көзі жанып, елпеңдеп, өзінің кім болғысы келетінін айтып, арманға толы ойымен бөлісетін Саматты көре алмадым бұл жолы. Сабақтан кейін алып қалып, сөйлесіп көріп едім, илікпеді. О дүние туралы айтып қалды, тағы да... Кеткісі келетінін, шейіт болғысы келетінін айтты.
...Сол күні ағасына жолықтым. Ағасымен қатар оқып едім. Ол да інісі Айдардағы өзгерісті байқағанын жеткізді және бір күдігін де айтып қалды. Сол уақытта сақалдары омырауына түсетін, балақтары шолтиған біреулер жүретін. Намаз оқып, үнемі шариғат туралы сөйлеген соң, оларды жатсына қойған ешкім болған жоқ. Олар көбіне оқушы балаларды жағалап жүретінін, Айдар та соларға барып тұратынын айтты. Содан бері Айдарда өзгеріс барын байқапты. Енді бұл баламен дұрыстап айналыспасам, болмайды екен деген ағасы сол күні қоштасып кете барды. Бірақ... кеш қозғалғанымызды сол күні түнде білдік. Айдар асылып қалыпты. Хат жазып қалдырыпты: «Бұл өмір жалған. Мен жұмаққа барғым келеді. Жоспар бойынша кәпірлерді жарып, шейіт кетуім керек еді. Мен асықтым. Осылай тез кеттім» деп тілдей қағаз тастап кетіпті. Абыр-сабыр, не болып не қойғанын түсінбеген ата-анасы, ағасы ертесі күні әлгі сақалдыларды іздеді. Олар бірақ ұшты-күйлі жоқ боп шықты. Біздің түсінгеніміз оқушылардың санасын жалған дінмен улаған сақалдылар теріс діни топтың өкілдері болып шықты. Кейіннен ұсталды деп естідік. Жазасын өтеп жатқан болу керек. Бірақ баланың санасын улап, қыршын жіберді ғой» деп аяқтады мұғалім танысым әңгімесін.
Бұл болған оқиға және сабақ алатын жайт. Балаларыңыздың кіммен жүріп, қайда баратынын қадағалап тұрғаныңыз абзал. Сақтансаң сақтаймын деген. Сақтанайық! Сақ болайық!
Еділ АНЫҚБАЙ