Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Адасудан айықпас жара қалады

Қалыптасқан жүйені бұзу, құлату теріс пиғылды діни ағымдардың негізгі мақсаты. Осындай мақсатты көздегендіктен де оларды деструктивті топ деп атаймыз. «Деструктивті» деген сөздің мағынасы «бұзу, құлату» дегенге саяды. Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы осындай «бұзу мен құлатудың» алдын алып, олармен күресіп  келеді.

Адасудан айықпас жара қалады
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде экстремистік топтар жаһандық сипатқа ие болып отыр. Олар халықаралық экстремистік ұйымдарға айналған. Олардың қанаты кеңге жайылып барады. Бұл дегеніңіз – террористік-экстремистік топтар өздерінің жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп келеді деген сөз. Осылай  кете берсе қауіптің көлемі ұлғая береді. Олардың күш бермей кетуі, бейбіт өмірдің астаң-кестеңі шығуы мүмкін.  Сондықтан олармен ел болып күрескеніміз абзал. Күресу  дегенде оларға қарсы қару алып шық деп отырғанымыз жоқ. ХХІ ғасырдың күресі басқаша. Бүгінгі таңда ақпарат арқылы майдан жүреді. Ең бастысы жалған ақпаратқа арандалып қалмау керек.

Қаншама тағдыр жалған ақпараттың құрбанына айналды. Мысал көп. Арбалып, арандалып, көзі байланғандар бақытқа жетем деп ойлайды. Бүкіл санасы жалған идеологтардың өтірігімен бітеледі. Ақырында сол теріс діни топтардан басқалардың барлығы жау көрініп, дұшпан саналады. Қоғамға қарсылық туады. Ортасынан, достарынан, отбасынан алыстайды. Ой-санасын жалған иедологтың ақпараты шырмайды. Сөйтіп, өзінің қылмыстық қадамға барып, заңды аттағанын білмей қалады. Темір торға қамалып, абақтыға отырғанда ғана ойланады. Бірақ бұл кезде бәрі кеш болады. Сол себепті де арбауға ілініп, алданып қалмас үшін, кеш түсініп, бармақ шайнамас үшін сергек болған жөн. Ақпарат ағынында ақ-қараны ажыратқан ләзім.              

           Мысалы үшін айтар болсақ,  мемлекеттік «Жусан» операциясымен елге оралып, бүгінде жазасын өтеп жатқан Нуриновтар отбасы (аты-жөндері өзгертілген – ред.) кезінде қандай еді?!  Ұлдары Асхат пен Нурбол қатарының алды, ортасына сыйлы жігіттер еді. Қарындастары Дария көрген адамның көзі тоятын көрікті бойжеткен еді. Бүгінде бұл отбасы ойран болды. Шаттығы ешкімнен кем емес шаңырақтың шайқалуына  ең үлкен ағалары Сағатбек себеп болды. Теріс пиғылды діни топтардың тырнағына алғаш іліккен де сол. Тұзаққа интернет арқылы түскен.   Интернеттегі әдейі жасалған әдемі ертегіге елтиді, содырлардың айтқанына сенеді. Сөйтіп, әкесін көшуге көндіреді. Сағатбекке содырлар қолға қару алып, соғысқа емес, хижра жасауға аттанасың деп айтқан. Осы жерде аса назар аударылуға тиіс жайттарға тоқтала кетуіміз керек. Айталық теріс діни ағымның идеологтары уағызды өте жақсы жүргізеді. Сөздеріне сендіреді. Олар уағыздарында құраннан бұрмаланған дәйек сөздерді алға тартады. Өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсетеді. Көзді байлайды, сананы улайды. Қалай дейсіз ғой... Өздерінің ортасына келген адамның дербес ойлануына, сын көзбен қарауына, өз бетімен шешім шығаруына, қалаған өмірді таңдауға шектеу қояды. Әрине, бірден емес, қағидаларын санаға сыналай қағып, түсінікке там-тұмдап енгізеді. Яғни, деструктивті діннің мүшелігіне қабылдану барысында алданған адам әртүрлі психологиялық кезеңдерден өтеді. Ең бірінші кезең танысудан басталады. Осы кезде радикалды идеологтар өз ұстанымын таңу үшін бұрмаланған ақпараттарды ұсынып, қызметін адал әрі өте дұрыс етіп көрсетеді.

Құрбандыққа психологиялық ықпал ету тетіктерін қолданады. Бастапқы кезде алданған адамның шариғи қызығушылығын ояту үшін өздерінің діни сенімге беріктігін, әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін дәлелдеуге тырысады. Осылайша достық қарым-қатынас орнатады.

Достық орнағаннан кейін екінші кезең басталады. Бұл кезең – алданушы адамның теріс  діни ұйымның мүшелігіне өтуі. Мүшелікке өткеннен кейін «біздің ұстанған діни сеніміміз ғана ақиқат, шынайы бақытқа тек осы топпен ғана жетесің» деген ойларды таңады және құрбандығын соған сендіреді. Осыдан әрі қарай алданған адам радикал идеологтардың көрсеткен бағытымен қалыптаса бастайды. Ақпараттардан оқшауланып, өй-өрісі солар сілтеген жолға түседі.

Нәтижесінде радикал иедолог алданған құрбандығының әрбір қадамын бақылап, бағалай отырып, оның кез келген мәселеде ақыл-кеңес сұрайтын ұстазына айналады. Осыдан кейін үшінші кезең басталады. Үшінші кезеңде алданған адам деструктивті топтың өңдеуінен өткен, сыртқы ақпараттық және әлеуметтік байланыстан оқшауланған, теріс ұйымға әбден бауыр басып, өмірін осы топтың мүддесіне арнауына дайын болады. Деструктивті топтан тыс тұрған туысқандар, қоғам, мемлекеттің барлығы өңдеуден өткен адам үшін жат болып тұрады. Ондай адам теріс топтағы адамды ғана дос тұтып, ұйым басшысына көзсіз бойсұнады, кез келген тапсырмасын орындау ол үшін үлкен абыройға айналады. Теріс ағымның үлкен мақсатының бірі өз жақтастары мен тобын көбейту. Сондықтан өңделген адамда екі жол пайда болады. Өз жақындарын, туыстарын өзімен бірге ерту немесе олардан мүлде алыстау.

Нуриновтардың үлкені Сағатбекте те дәл осы өңдеуден өткен құрбандық. Ол ең алдымен әкесін Сирияға көшуге көндіреді.  Сөйтіп сегіз жан Сирияға көшеді. Хижраға емес, назыз қанды қырғынның ортасына түскенін барған кезде ғана біледі. Ағалары Қырымбек бақыт табам деп барғандағы тапқаны ажал болды. Ол оққа ұшып, айдалада көмусіз қалады. Өрімдей жас, он екіде бір гүлі ашылмаған қарындастары Дария әзірбайжандық содырға екінші әйелдікке беріледі. Дария азаптың айрықша түрін көргенін көзінен жасы сорғалай отырып жеткізгенімен, бәрі кеш еді.

Енді тек қана жазасын өтеп қана ел қатарына қайта қосылуға мемлекет мүмкіндік беріп отыр. Ал кіші және ортаншы ағалары  Асхат алты жыл,  Нурбол сегіз жыл бас бостандығынан айрылған.  Дарияның өзі болса бес жылға сотталды. Жазаның өтеуі азайып, бостандықтың уақыты жақындап келеді. Бірақ бұрынғы тыныш та бақытты өмір, ел-жұрттың сенімі, оларға деген құрмет бәз қалпына түспесі, қайта орнына келмесі анық. Қателік түзелер, жара жазылар, алайда орнында тыртық қалатыны бар ғой. Ол тыртық жоқ болып кетпейді. Көз жұмғанша белгі болып қалады.

            Тоғымовтардың ұлдары мен қыздары көрген азабын досы түгіл дұшпанына да тілемейді. Сондықтан қандай іске, нендей шешімге бармас бұрын әбден ақылға салған абзал. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Әр азамат мұндай қателіктің алдын алу керек. Сақтанайық! Сақ болайық!

 

                       Еділ АНЫҚБАЙ