Облыс әкімінің тапсырмасымен жер учаскесі бөлініп, тұрғындарға үй салатын мердігер компания да анықталған.
Риддерде болған өрт салдарынан үйінен айырылған әр отбасыға «Қазцинк» компаниясы бір миллион теңге жәрдемақы бермекші. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Риддер қаласы әкімдігінің ресми өкілі Асхат Бейсенұлы мәлім етті.
«71 адам баспанасыз қалды, оның ішінде 17 ересек адам, 11 бала бар. Дәл қазір 17 адам «Қазцинк» жатақханасына орналастырылды, төрт уақыт ыстық тамақ беріліп жатыр. Қалғандары туыстарының үйіне өз еріктерімен кетті. Қазцинк әрбір отбасыға 1 миллион теңгеден ақша бөледі. Қала бойынша 3 жерде гуманитарлық көмек берілетін пункт ашылды. Оның ішінде университеттер, қоғамдық бірлестіктерден келуде. Волонтерлар қажетті заттарды мұқтаж жандарға таратып жатыр. Арнайы комиссия тобы құрылып, әрбір үйдің шығынын есептеп жатыр», - деді әкімдік өкілі.
Облыс әкімінің тапсырмасымен жер учаскесі бөлініп, тұрғындарға үй салатын мердігер компания да анықталған.
«Арнайы жер учаскесі бөлінді. Ботаника ықшам ауданында үйі өртенген барлық 32 адамға жаңадан үй салынады. Мердігерлер анықталды, кеше облыс әкімі тұрғындармен кездесті, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Үй-жайынан айырылғандарға жер үйлер салып береді», - деді баспасөз өкілі.
Еске сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында шыққан өрт 310 гектар аумақты шарпып, салдарынан 1 адам қаза тапты. 30-дан аса үй өртеніп, 80-ге жуық адам панасыз қалды.