Таланатты әрі білімді жастарға қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттік басқару ісіне тартуды көздейтін «Президенттік кадрлық резерві» жобасы бүгінде өз тиімділігін көрсетуде.
Елімізде түрлі салаларда еңбек етіп жүрген, тәжірибесі мол жас мамандар мен дарынды жастар үшін, оларды қолдаудың түрлі мемлекеттік жобалары жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы болып табылады. Жастар саясаты саласындағы басқа да тың бастамаларды аталған мақаладан білетін боласыздар.
Таланатты әрі білімді жастарға қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттік басқару ісіне тартуды көздейтін «Президенттік кадрлық резерві» жобасы бүгінде өз тиімділігін көрсетуде. «Президенттік жастар кадрлық резерві» мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, «Болашақ» қауымдастығы атқарушы директоры Лаура Демесінова елімізде жастардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін барлық жағдайлар жасалғандығын айтады. «Менің ойымша, біздің елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін, көп жағдай жасалуда. Оның дәлелі соңғы жылдары көптеген бағдарламалар мен жобалардың іске қосылып, табысты түрде жүзеге асырылуы болып отыр. Өзіме келер болсам, мен де мемлекет ұсынған екі мүмкіндікті пайдалана алып отырмын. Олардың біріншісі – Елбасы авторы әрі бастамашысы болып табылатын "Болашақ" стипендиясы болса, екіншісі «Президенттің жастар кадрлық резерві» болып табылады. «Болашақ» бағдарламасына келер болсақ, теңдессіз жоба 1993 жылы құрылған және осы күнге дейін жас мамандарға шетелде жаңа тәжірибе мен білім алуға және оларды өз Отанында дұрыс қолдануға көмектесіп келеді. Өзім де бағдарламаның 2011 жылғы стипендиаты болып табыламын. Маған өзімді көрсетуге берілген тағы бір мүмкіндік – 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске қосылған Президенттік Жастар кадрлық резерві болып табылады. Әрине кадрлық резервке мен мемлекеттік құрылымдарда, қаржы ұйымдары мен қоғамдық секторда еңбек өтілі бар, саналы маман ретінде келдім. Президенттің кадрлық резервке енуіме маған өзімнің 9 жылдық еңбек өтілім септігін тигізді деп ойлаймын»,-дейді Лаура Демесінова.
Болашақ стипендианты сондай-ақ тәуелсіздің жылдары еліміздің азаматтық қоғам әрі үкіметтік емес ұйымдар саласында жеткен жетістіктеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша Қазақстан қашан да азаматтық қоғам үшін әрдайым ашық болған екен. «Осы ретте Қазақстанда құрылған алғашқы үкіметтік емес ұйым – ядролық қаруға қарсы саясатта өлшеусіз үлес қосқан "Невада-Семей" үкіметтік емес ұйымының қызметіне назар аударған жөн. Қазір ойлап қарасақ, сол жылдары мемлекет пен үкіметтік емес ұйымның өзара бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде біз биыл Қазақстан тәуелсіздігімен қатар ядролық полигонның жабылу мерейтойын да атап өтпекпіз»,-дейді маман.
Жас маманның пікірінше Қазақстан азаматтық секторды институттандыру жолында да біршама жетістікке жеткен. Оның айтуынша мәселен, мемлекет басшысының бастамасымен "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы үкіметтік емес сектордың дамуына айтарлықтай үлес қосқан екен. Сонымен бірге «Президенттік жастар кадрлық резерві» мүшесі өзінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамындағы қызметі жайлы да айтып берді. «Бұл бастама «Президенттік Жастар кадрлық резерві» сияқты Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірегей жобасы бола алды деп айтар едім. Меніңше бұл идея "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасымен де пара-пар келеді. Шынын айтқанда осы кеңестің мүшесі болуды өзімен үлкен мәртебе санаймын. Қуантарлығы осы бірегей бастама арқылы азаматтар өздерінің идеялары мен ұсыныстарын ашық түрде жеткізуге мүмкіндік алды. Ең бастысы, ел басшылығы бұл ұсыныстарды естіп, шара қолдана алады. Демек Ұлттық кеңес елдегі көптеген өзекті мәселелерді шешуге себепкер бола алады»,-дейді ол.
Лаура Демесінова сонымен бірге Ұлттық кеңесте көтерілген мәселелер бүгіннің өзінде өз шешімін тауып жатқандығын жеткізді. «Мысалы, өткен парламенттік сайлауда әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Әйелдер өкілі ретінде гендерлік мәселелердің жоғары деңгейде көтерілгені мені шын қуантты. Сол сияқты Ұлттық кеңестің ақпан айындағы соңғы отырысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қатысты мәселе белсенді талқыланды. Меніңше аталған мәселенің кеңесте қаралғаны маңызды шешім, себебі бұл проблема қазіргі таңда қоғамда белең алып отыр. Сосын жақында Президенттің ІІМ-де штат санын қалпына келтіру туралы тапсырмасын орындау туралы жаңалық шықты. Бұл жерде олардың қызметі әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға тікелей бағытталатын болады. Былайша айтқанда Ұлттық кеңес халық арасындағы түйткілді мәселелерді билік деңгейінде шешуге мүмкіндік берді. Ал көп уақыт бойы көптеген қазақстандықтарды толғандырып жүрген жаһандық проблемалар туралы айтатын болсақ, жақында жер мәселесінің шешілуіне тоқталып өткен жөн. Себебі ол Ұлттық кеңес мүшелері деңгейінде көтеріліп, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге толық тыйым салу туралы шешім қабылдады. Ал жақында ҚР Парламенті Мәжілісімен осы норманы қарастыратын заң мақұлданды. Енді соңғы инстанция — Сенат қалды. ҚР Парламенті жоғарғы палатасының соңғы шешімі Ауыл шаруашылығы жерлерін реттеу мәселесін шешіп, барлық талқылауларды тоқтатады деп үміттенеміз»,-деді ол.
Отандық БАҚ беттеріне берген сұхбат соңында Президенттің кадрлық резерв мүшесі жастар саясаты саласындағы оң бастамаларды да тілге тиек етті. «Менің ойымша, егер біздің елдегі барлық елдімекендерде цифрландыру және интернетке қолжетімділік мәселесі шешілсе, жастарға өздерін ашуға және көрсетуге көмектесудің тағы бір жолы ашылатын еді. Себебі бүгінгі жастар мобильді және әрдайым байланыста болуы керек. Сол сияқты мемлекет басшысының "Тәуелсіздік ұрпақтары" ұлттық жобасына да тоқталып өтсем. Білуімізше ол барлық жоспарланған бағыттар мен жастар саясатының қолданыстағы жобаларының кластері болуы тиіс. Бұдан ел билігі жастардың дамуына көп көңіл бөлетінін тағы бір мәрте көруге болады. Десе де мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалармен бірге, біз жастарға деген сенімімізді жоғалтпауымыз тиіс. Себебі білімді де алғыр жастар – елдің жарқын болашағының кепілі»,-деп сөзін қорытындылады ол.