Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"100 жаңа есім" бірегей ұлттық жобасының биылғы жеңімпаздапы кімдер?

Дауыс беру нәтижесі бойынша қазылар алқасы "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының IV маусымының 30 жеңімпазын анықтады.

"100 жаңа есім" бірегей ұлттық жобасының биылғы жеңімпаздапы кімдер?
Дереккөз: liter.kz

Қазақстан тәуелсіздің жылдары талантты әрі елге еңбегі сіңген жастарды көпке тану жұмысына баса мән берді. Дарынды жастарды халыққа кеңінен танытып, оларды көпке үлгі етуді көздейтін осындай бірегей жобалардың бірі – «100 жаңа есім» бірегей жобасы болып табылады. Назарларыңызға аталған жоба жайлы қызықты әрі тың ақпаратты ұсынып, «100 жаңа есімнің» биылғы жеңімпаздарымен таныстыратын боламыз.

 

Жобаның шығу тарихы қандай?

 

«100 жаңа есім» идеясының авторы – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады. Тұңғыш рет 2017 жылдың 12 сәуірінде өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жоба жайлы мәлімдеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, теңдессіз жобаның негізгі мақсаты не екенін түсіндіріп өткен болатын. «Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Жобаның басты мақсаты Қазақстанның дамуына елеулі өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың жеке өмір жолы арқылы табысқа жету, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге талпыну идеяларын ілгерілету болып табылады.

Егер ұлттық жобаның 2017 жылдан бері қарай өткізілу тарихына шолу жасасақ, алғашқы жылы оған 2000-нан астам адам қатысқанын аңғарамыз. Бір қызығы бұл жылы жобаға Түркістан және Қостанай облыстарынан қатысушылар көп болған. Республиканың түкпір-түкпірінен қатысушылар легі көп болса да, Талдықорған қаласынан оған қатысуға ниет білдірген азаматтар аз болған. Бұл жылы онлайн дауыс беру арқылы 302 үміткер іріктеліп алынған. БАҚ беттеріндегі ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Қазақстан бойынша дауы беруге жалпы 324 910 адам қатысып, олар 1 млн 300 мыңнан астам дауыс берген. Нәтижесінде жобаның алғашқы жылы 102 ел азаматы жеңімпаз деп танылған.

Ал, 2018 жылы Қазақстанның әр облысынан 11 өтінім келіп түскен. Олардың арасында ең көп өтінім бергендер елордадан болса, өтінімді ең аз берген өңір – Қызылорда облысы болған. Осы жылы тек Нұр-Сұлтан қаласынан 129 өтінім келіп түскен. Осылайша іріктеуден өткен үміткерлерге, кейін онлайн дауыс беру жалғасқан. Оған барлығы 200 үміткер қатысқан. 2018 жылы оларға 160 000-нан астам тұрғын 836 000-ға жуық дауыс берген. Сөйтіп 2018 жылы «100 жаңа есім» жобасының 29 жеңімпазы анықталған.

         2019 жылы жобаға барлығы 1678 өтінім қабылданып, 658 142 азамат 1 млн 975 мыңға жуық дауыс берген. Бұл жылы жеңімпаз ретінде 32 азамат танылған. Олардың 25-ін ел тұрғындары дауыс беру арқылы таңдаса, қалған 7-еуін әділқазы өкілдері іріктеген. Бұл жылы үміткерлерге жасы 39-дан аспауы керек деген айрықша талап қойылған.

«IV маусым»: Қанша адам қатысты?

         Биылғы жылы жоба қатысушылардан өтінім қабылдау мерзімі 22 ақпан мен 22 наурыз аралығында жеті бағыт бойынша жүзеге асырылды. Олар білім, мәдениет және спорт, медицина, ғылым және инновация, қоғам, бизнес, экология. Айта кетерлігі "Экология" номинациясы биыл жобада алғаш рет ұсынылды.

         Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанның барлық өңірлерінен биыл 2 790 өтінім келіп түскен. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілдері бұл көрсеткіш жоба үшін рекорд болғанын айтады. Осылайша жалпыхалықтық дауыс беру кезеңінде қатысушыларды қолдау үшін 871 254 дауыс берілген.

Ақтық кезеңде қазылар алқасының отырысы өткен. Белгілі болғандай, биыл қазылар алқасының құрамында белгілі қайраткерлер, сондай-ақ өткен жылдардың финалистері: дәрігер Бауыржан Рақышев, өнертанушы Дина Байтасова және эколог Әсел Баймұқанова болған.

Ұлттық жобаның IV маусымы биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойы аясында өтті. Жоба жеңімпаздарын құттықтау Мемлекет басшысының қатысуымен өтті. «Біз түрлі салада жетістікке жеткен осындай отандастарымыздың еңбегін дәріптеуіміз керек. Өйткені табысты жандардың тәжірибесі әрдайым басқаларға үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді, ұқсауға тырысады. Мен еліміздің әрбір перзенті сіздер сияқты өнегелі болсын деп тілеймін. Қазақ: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деп дара тұлғаларының мерейін асырған. Бүгінгі белес сіздерді жаңа биіктерге бастайды деп сенемін. Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек. Солай боларына кәміл сенемін. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі реформаларды міндетті түрде жалғастырамыз»,-деді Мемлекет басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Жеңімпаздар кімдер?

Дауыс беру нәтижесі бойынша қазылар алқасы "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының IV маусымының 30 жеңімпазын анықтады. Биыл олардың қатарынан дәрігерлер, мұғалімдер, спортшылар, ғалымдар, волонтерлер мен кәсіпкерлер табылған. 2021 жылғы жеңімпаздар жоба тарихындағы ең жас құрам болып есте қалмақ. Жеңімпаздарды салалар бойынша жіктесек: қоғам – 6 адам, мәдениет және спорт – 8 адам, ғылым және инновация – 4 адам, медицина – 3 адам, бизнес – 5 адам, білім – 3 адам, экология – 1 адам екеніне көз жеткізуге болады.

Айта кетерлігі, жоба жеңімпаздарының басым көпшілігі пандемиямен күресте және жаңа, қызықты, өзекті бағыттарды дамытуда өзінше үлес қосқандарын атап өткен жөн. Солардың бірі – вакцина әзірлеуші Қайсар Табынов. Ол ҚазҰАУ халықаралық Вакцинология орталығының директоры қызметін атқарады. Жас ғалым адамдарға, жануарлар мен құстарға арналған вакциналарды зерттеумен және өндіріске енгізумен айналысатын көрінеді. Қайсар және оның командасы соңғы 15 жыл ішінде түрлі қауіпті инфекцияларға қарсы 3 медицина вакцинасын және 7 ветеринария вакцинасын әзірлеген.

Пандемиямен күресте және білім беру саласында, жаңа жағдайларда білім алуға оқушыларды бейімдеген тағы бір жас жеңімпаз, Алматы қаласы мектептерінің бірінің химия пәнінің мұғалімі - Ұлан Үсенов болып табылады. Ол әртүрлі химиялық реакцияларды, элементтерді және жалпы оқу материалдарын аниме бейнелері мен ассоциациялары арқылы түсіндірудің стандартты емес тәсілімен танымал болды. Ұланның пікірінше, мұғалімдерге өз ойын еркін білдіруге және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беру арқылы қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыруға болады екен.

Естеріңізде болса, өткен жылы әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көктал кентінің тұрғындары өзеннен қауіпсіз өту үшін өз күштерімен көпір салғаны туралы ақпарат тараған еді. Бір қызығы аталған көпірді жобалаушы әрі оның салынуына себепкер болған, сызу пәнінің мұғалімі Ахат Рақышев болған. Қуантарлығы жас маман биыл "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы атанды. Мектеп мұғалімінің айтуынша, ол өзінің бұл бастамасын елге танылу үшін қолға алмаған көрінеді. "Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Ауылда көпір салу туралы ұзақ уақыт айтылды. Осылайша, сыныптастарымен мектепті бітіргеннен кейін 20 жылдықты ерекше атап өту туралы шешімге келдім. 30 жыл бұрын мектепті бітірген түлектер де осындай шараларды жүзеге асырғысы келді. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, біз көпір құрылысына қажетті қаражат жинадық. Халық та көмек қолын созды. Мен сурет сабағынан сабақ бергендіктен, көпір схемасын жобалау маған ұсынылды. Мен осы ауылда тұрамын, сондықтан құрылыс жұмыстарына басынан аяғына дейін қатысуға тура келді. Біз бұл бастаманы бүкіл елге танылу үшін жасамадық. Бар ойымыз тек аулымыздың игілігі үшін пайдалы іс жасағымыз келді. Қазір көпір тұрғындардың игілігі үшін жұмыс істеуде. Көпірдің құрылысына тікелей қатысқан әрбір ауыл тұрғыны "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы болуға лайық деп ойлаймын. Жобадағы менің жеңісім ауыл тұрғындарының, бүкіл ауылдың жеңісі деп білемін», - дейді жас ұстаз.

Айта кетерлігі, ұлттық жоба Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Бүгінде жоба жұмыс істеген 4 жылдың ішінде оған қатысуға 7 500-нан астам өтінім білдірген.

Ал біз өз кезегімізде "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы – бұл көптеген жастар өкілдері үшін серпінді бастама екенін атап өткіміз келеді.