Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Жастарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

Бүгінгі таңда еліміз бойынша тек елордадағы жастар саны 220 мыңнан астам адамды құрап отыр.

Жастарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?
Дереккөз: liter.kz

Елімізде халықтың бестен бір бөлігін жастар құрайтынын бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Сондай-ақ статистика республика бойынша қазақстандық жас азаматтардың басым көпшілігі елордасы Нұр-Сұлтан мен оңтүстік мегаполис Алматыда шоғырланғанын көрсетеді. «Ел болашағы жалынды жастардың қолында» екенін қашан да жадында ұстаған ел билігі, оларды қолдап, әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысына барынша ден қойған еді. Ендеше мақаланың бүгінгі тақырыбында ел жастары мен оларға көрсетілетін қолдау жөнінде әңгіме өрбітетін боламыз.

Жастар саясатындағы басты мәселе – оларға қолдау көрсету

Қазақстанда "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Заңға сәйкес жастар ретінде он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары танылады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша тек елордадағы жастар саны 220 мыңнан астам адамды құрап отыр. Оның ішінде ЖОО студенттері 64 мыңға жуық болса, колледждерде 26 мыңнан астам студент тәлім алуда. Ал NEET санаты бойынша жастардың үлесі 7%-ды құрап отыр, ол дегеніміз шамамен 8800 адам.

ҚР-ның жастар саясаты саласының басты міндеті – оларды қолдау болып табылады. Оларға білім беру, жұмысқа орналастыру, тұрғын-үймен қамтамасыз ету, жастарды спорт және мәдени шараларға тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және т.б. түрлі қызмет салаларында қолдау көрсету жатады. Елдің жас азаматтарына қолдау мақсатында қабылданып жатқан шараларға келер болсақ, мұнда бірнеше негізгі бағыттарды атап өткен жөн:

  • жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын-үй беру;
  • волонтерлік қызметке қолдау көрсету және дамыту;
  • аула клубтарының қызметін дамыту;
  • NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша іс-шаралар;
  • жыл сайын 1200 студентті уақытша жұмыспен қамтуды көздейтін Jasyl EL студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының қызметін дамыту;
  • жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтанда астаналық және сырттан келген жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған Elorda Jastary бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мақаланың келесі бөлімінде аталған бағдарламамен толығымен таныстыратын боламыз.

Elorda Jastary бағдарламасы жайлы не білеміз?

Жоғарыда атап өткеніміздей, Elorda Jastary бағдарламасын алдағы 3 жылда жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бағдарлама негізінен Нұр-Сұлтанға көшіп келген және жергілікті жастарды жан-жақты қолдауды мақсат етеді. Еске салар жайт, бағдарлама бүгінде мемлекеттің жастар аясында іске асырылуда. «Елорда әкімдігі не себепті аталған бағдарламаны қолға алды? Себебі біз жастардың әлеуетін дамыту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ елордасы - Нұр-Сұлтанның қаласының дамуы үшін жағдай жасағымыз келеді. Айта кету керек, бағдарламаны әзірлеу туралы алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов 2020 жылдың тамыз айында волонтерлермен және жастар ұйымдарының өкілдерімен бейресми кездесуінде айтқан еді. Содан бері бағдарлама әзірлену үстінде және жақын арада жүзеге асырылатын болады»,-дейді бағдарлама жайлы Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Оның айтуынша бағдарламаны әзірлеуге ең алдымен жастар мен белсенділер тартылған. Осылайша 2000-нан астам ұсыныстар жинақталып, олардың негізінде бағдарламаның 5 негізгі бағыты белгіленген.

Бірінші бағыт – жастарға сапалы және қолжетімді білім беру. Бұл бағыт бойынша жұмыс елорданың тікелей білім басқармасымен, колледждермен және жоғары оқу орындарымен жасалады деп күтіліп отыр. Оның басты мақсаты – білім беруді сапалы жаңа деңгейге көтеру болып табылады.

Екінші бағыт – жастарға жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсету, сондай-ақ кәсіптік бағдарлау. Белгілі болғандай, ел жастары Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласын жұмыс, табыс және өз әлеуетін көтерудің басты қалалары деп санайды. Аталған екі қалаға жастар көп жағдайда оқуға келіп, кейін сонда қалып қояды. Сондықтан оларды, ең алдымен, жоғары оқу орнын немесе колледжді бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мәселесі қашан да маңызды болып қала бермек. Сонымен қатар, бірегей жоба болашақ мамандықты таңдау жолында тұрған оқушыларды баса назарда ұстайды. Бұл бағыт бойынша бағдарлама болашақ талапкерлерге жол сілтеп қана қоймай, кейін жас маман атанғаннан кейін жұмыспен қамтуды көздейді.

Үшінші маңызды бағыт – жастардың тұрғын-үй мәселесін шешу болып табылады. Көпшілік еліміздегі жас мамандарға тұрғын-үй мәселесі әлі де өзекті екенінен хабардар. Сол себепті аталмыш бағдарлама осы олқылықтың орнын толтырады деп күтіліп отыр. Мәселен бүгінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама 2019-2020 жылдары өзінің нәтижелі екенін көрсетіп үлгерген. Оған дәлел, көптеген жастар жалдамалы пәтер алып, бүгінде өз баспаналарына қол жеткізу үшін қаражат жинауында болып отыр. Мысалы Нұр-Сұлтанда осы бағдарлама бойынша 2019 жылы 1050 жас маман пәтер алса, ал 2020 жылы олардың саны 350-ді құраған. Ал биыл жас мамандарға 1050 пәтер беру жоспарлануда. Жастар бұл бағдарламаға бес негізгі қағидат бойынша таңдалады: жасы 29-дан аспаған, жұмыс істейтін, меншігінде тұрғын-үйі жоқ, қаражат жинау үшін депозиттік шоты бар, сондай-ақ соңғы 6 айда кемінде 111 120 теңге/40 АЕК табысы бар болуы шарт. Сонымен қатар, іріктеу шарттарына сәйкес отбасының болуы үшін ұпайлар қосылады. Сондықтан аталған бағдарлама бойынша көп жағдайда жас отбасылар өтеді екен.

Төртінші бағыт – жастарды рухани және мәдени тұрғыда қолдау. Бұл бағыт олардың жеке дамуын, бос уақытын тиімді ұйымдастырду және салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздейтін болады.

Бесінші бағыт - елордалық жастардың бейімделуі мен әлеуметтенуін қамтиды. Оған жастар үйі, коворкинг-орталығын ашу, волонтерлер қозғалысын дамыту, жастар қылмысын азайту, олардың үкіметтік емес ұйымдарын қолдау және т.б. көптеген жобалар мен іс-шаралар жатады.

Жұмыспен қамту – басты назарда

Қазақстанда тәжірибесі жоқ жоғары оқу орындарының, колледж түлектерін мамандық бойынша  жұмыспен қамту мақсатында "Жастар практикасы" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама жұмыссыз жастардың жұмысқа орналасуына және тәжірибе алуына мүмкіндік бермек. Аталған бағдарлама бойынша тағылымдамадан өтетін түлектер айына 94 000 теңге мөлшерінде жалақы төленіп, олар қолына 73 000 теңге алады және тағылымдамадан өту кезеңі олардың еңбек кітапшасына еңбек өтілі ретінде енгізілетін болады. Сала мамандарының айтуынша аталған бағдарлама өз мамандығын тереңдетіп оқып, тәжірибе жинағысы келетін жастар таптырмас мүмкіндік дейді. «Шын мәнінде "Жастар практикасы" - ең тиімді мемлекеттік бағдарламалардың бірі. Бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарын бітірген 29 жасқа дейінгі түлектер қатыса алады. Жастар осы жоба арқылы өздерін жұмыс берушіге көрсетуге, тәжірибе жинауға және жалақы алуға мүмкіндік алады»,-дейді мамандар.

Жас отбасыларды қолдау – мемлекеттің жастар саясаты саласындағы басым бағыттардың бірі

Қазақстанда отбасы институтын нығайту жұмысына қашан да баса мән берілген. Мемлекет оларды тұрғын-үй, жұмыспен қамтудан бөлек, «шағын мемлекет» ретінде берік қалыптасу ісін де мықтап қолға алуда. Еліміздегі осындай шаралардың бірі елордалық жастар саясаты басқармасымен жүзеге асырылып жатқан 2020-2022 жылдарға арналған неке және отбасы институтын нығайту жөніндегі "Отбасы – бақыт мекені" іс-шаралар кешені болып табылады. Кешен 7 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда:

  • жас отбасыларға отбасылық құндылықтарды түсіндіру бойынша семинарлар.
  • "Үздік жас отбасы"байқауы.
  • "Отбасы – мақтанышым!" отбасылық құндылықтарды насихаттау бейнеролик байқауы.
  • техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары оқу орындары мен мекемелерінде оқитын жастардың неке және отбасы институтының құндылықтарын насихаттауға бағытталған факультативтік сабақтар.
  • алғашқы онлайн спорттық 21 күндік "Денсаулық - зор байлық" отбасылық марафоны.
  • жас жүкті әйелдерге арналған тренингтер, сондай-ақ өмірлік қиындықтарға тап болған отбасыларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бойынша тренингтер.
  • ұлттық туризм мен тарихи мұраны, отбасылық демалысты насихаттауға бағытталған Instagram әлеуметтік желісіндегі "Отбасылық демалыс" байқауы.

2020 жылдың қорытындысы бойынша аталған жобаға 500-ден астам жас отбасы қатысқан. Ал биылғы жылы жоба 19 сәуірде басталған. Кешенді бастама биылғы жылы да 7 бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

Айта кетерлігі, жоба тегін және оған кез-келген адам қатыса алады. Байқаулардың белсенді қатысушылары мен жеңімпаздары бағалы сыйлықтар және әртүрлі сертификаттармен марапатталады.

Ел ертеңі – жастарда!

Жастар – еліміздің басты ресурсы және болашағы болғандықтан, мемлекет олардың әлеуетін көтеруге көп көңіл бөлуде. Сондай-ақ жастарды  волонтерлік қызметке тарту бойынша да бірқатар жобалар іске асырылуда. Мәселен, Нұр-Сұлтанда жастардың волонтерлік бастамаларын іске асыру үшін 300 000 теңге көлемінде ақшалай қаражат алуға байқау өткен. Осылайша комиссия мүшелері әр түрлі бағыттағы 22 үздік жобаны анықтаған. Олардың қатарында жоғалған адамдарды іздеу бойынша еріктілер қозғалысы, тегін медициналық тексерулер, ағылшын тілін оқыту, бағдарламалау, гитарада ойнау және тағы басқа салалар бар. Сол сияқты елордада "Жастар жалыны - 2021","Жайдарман" ойыны сияқты басқа да жобалар жүзеге асырылған.

Жалпы, мемлекет жастарды қолдау және олардың әлеуетін арттыру бойынша орасан зор жұмыс атқаруда. Сол себепті ел ертеңі – жастардың әлеуметтік жағдайы алдағы жылдары одан ары жақсарып, олардың әлеуетінің кеңейетініне сеніміміз мол.