Қазақстан Республикасының президенті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа кезекті жолдауында, адамзат табиғи және техногенді апаттар дәуіріне аяқ басқанын атап өткен-ді.
Биылғы жылы отандық құтқару қызметіне 26 жыл толады. Ширек ғасырдан астам уақытта аталған салада бірқатар өзгерістер орын алып, төтенше жағдайлар министрлігі қатарынан бірнеше рет таратылып, өзге министрліктердің құрамына енген болатын. Десе де 2020 жылы республикада төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылып, министр лауазымына Юрий Ильин сайланған болатын. Аталған салада соңғы жылдары қандай өзгерістер орын алды? Жыл сайын елімізде тіркелетін төтенше жағдайлардың саны қанша? Елдің құтқару қызметін жаңғырту үшін, қандай іс-шаралар қолға алынуда? Мақаланың бүгінгі санында осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз.
Қазақстан Республикасының президенті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа кезекті жолдауында, адамзат табиғи және техногенді апаттар дәуіріне аяқ басқанын атап өткен-ді. Осы ретте ел билігінің дербес, тәуелсіз уәкілетті органды құру бастамасы түрлі апатты жағдайлар орын алғанда, оған тойтарыс беріп, алдын алу шараларын қолға алуға оң әсерін тигізетіні анық. Осыған орай мақаланың алғашқы бөлімінде мемлекеттің төтенше жағдайлар министрлігі алдында тұрған басты мақсаттарға тоқталып өтуді жөн көрдік. Олар:
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы министрлікке жылыту маусымына дайындық, ТЖ санын азайту, қыс уақыты мен қар құрсауында қалу кезеңіне дайындық жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ су тасқыны мен елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу сияқты бірқатар нақты міндеттер қойған еді.
Сонымен бірге ширек ғасыр ішінде еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша елеулі жұмыс жүргізілгенін де атап өткен абзал. Мәселен осы уақыт аралығында салада тиісті заңнама қабылданып, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салынды, сондай-ақ, құтқару және өрт сөндіру техникалары мен жабдықтар сатып алынды. Бұған қоса азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын көтеріліп, кәсіби кадрлар даярлау ісі бір жолға қойылды. Ведомство аз уақыт аралығында өрт сөндіру-құтқару спорты мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту ісін де жандандырып үлгерді.
Cонымен бірге соңғы жылдары республиканың өрт-құтқару бөлімшелерін инновациялық техникалық қайта жарақтандыру бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Дәлірек айтсақ, заманауи талаптарға сай келетін, жаңа және тиімді өрт сөндіру технологиялары қолданысқа енгізілді. Қазіргі таңда республиканың төтенше жағдай министрлігі зілзалалар мен авариялардың зардаптарын жою емес, керісінше оларды болдырмаудың, алдын алудың жолдарын жасауға, нәтижесінде елдің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағдайына оң әсерін тигізуді көздеп отыр. Сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар қолға алынуда.
Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған ресми мәліметке сәйкес, осы жылдар ішінде құтқару қызметі мамандары 1 миллион 400 мың рет ТЖ ошағына барып, олардан 374 мың адамды құтқарған. Сондай-ақ ширек ғасыр аралығында 334 мыңнан астам адам эвакуацияланып, апаттан зардап шеккен 55 мың азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Елімізде қанша құтқарушы бар?
ТЖ министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің саны 18 мың адамды құрайды. Ел бойынша 200-ден астам өрт сөндіру бөлімі маман саны аз бөлімше қатарына жатады. Аталған маман саны аз бөлімшелерді қызметкерлермен толықтай қамтамасыз ету үшін, қосымша 4 мыңнан астам азаматты осы іске тартуға тура келеді.
Республикада өрт сөндіру бекеттерінің саны қанша?
БАҚ беттеріндегі ашық мәліметтер бойынша Қазақстанда алдағы жыладары 11 өрт сөндіру депосы іске қосылмақ. Осыған сәйкес, азаматтық қорғау органдарындағы қызметкерлердің штат саны 1041-ге көбейеді деп күтіліп отыр. ТЖ министрі Юрий Ильиннің айтуынша мемлекет ішінде әр елдімекенге өрт сөндіру депосын құруға болатын еді, алайда оған көп қаражат керек екен. «Сол себепті біз шалғайда жатқан немесе халық саны аз елдімекендерді өрт сөндіру қызметімен қатамасыз ету үшін, тілсіз жаудың алдын алатын өрт сөндіру бекеттерін құруды жөн көрдік. Жалпы қазіргі таңда Қазақстанда мұндай 387 бекет бар. Сонымен бірге болашақта ел бойынша 2021-2023 жылдарға арналған жоспар негізінде осында 221 бекет салу жоспарланып отыр. Сол сияқты шалғай жатқан елдімекендерде 40 мыңнан астам волонтерлер мен 8 мың техникамен жабдықталған 3960 ерікті өрт сөндіру қызметтері құрылды»,-дейді ведомство басшысы Юрий Ильин.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы қандай?
2020 жылдың қаңтар айынан бастап азаматтық қорғаныс органдарының 19 мыңнан астам қызметкерінің қызметтік жалақысы көтерілді. Яғни, сала мамандарының еңбекақысы атқаратын жұмысы әрі қызметіне қарай 20%-дан 65%-ға өсті. Мәселен қарапайым санаттағы өрт сөндірушінің жалақысы 40 мың теңгеге артқан. Министрлік өкілдерінің айтуынша, өрт сөндірушілердің жалақысы енді олардың еңбек өтілі мен сыныптық біліктілігіне қарай берілетін көрінеді. Ал жалпы алғанда тілсіз жаумен күресушілер енді 99 мың мен 160 мың теңге арасындағы жалақыны алады. Сол сияқты сала мамандарының әлеуметтік пакетін жақсарту мақсатында, оларға ведомство жатақханаларынан қызметтік пәтер берілуде.
Елімізде жылына қанша төтенше жағдай тіркеледі?
Соңғы жылдары дүниежүзінде түрлі табиғи апаттардың, ірі зілзалалардың және басқа да табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың жиі орын алуы байқалуда. Мамандардың пікірінше, бұған жаһандағы экологиялық жағдайдың нашарлауы, климаттың өзгеруі, технологиялық процесс мен басқа да бірқатар себептердің тікелей әсері бар екен. Осылайша құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің күшімен жыл сайын мыңдаған адамның өмірі құтқарылып, ТЖ аймақтарынан ондаған мың азамат эвакуацияланады.
ТЖ министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 17 мың төтенше жағдай тіркеледі екен. Елдегі ТЖ мен оқыс оқиғалардың басым көпшілігі – адамдардың өмірі мен ел экономикасының дамуына қауіп төндіретін тұрмыстық, өндірістік және табиғи өрттер болып отыр. Өкініштісі, ресми статистикасы олардың дені қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстанбаудан орын алатынын көрсетеді.
ТЖ-дың алдын алу үшін қандай кешенді бастамалар қолға алынуда?
Қазақстан территориясында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әр түрі кездеседі. Мәселен елдің оңтүстігі мен Алатау баурайы зілзала қаупі бар аймаққа жатқызылса, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарды көктемде сел, көшкін, су тасқыны алып жатады. Бүгінде мемлекет басшысы мен үкімет ТЖ-дың алдын алу үшін және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бітқатар іс-шаралар кешенін қабылдап жатыр. Мәселен қазіргі таңда Қазақстанда нақты және орын алуы мүмкін сын-қатерлердің алдын алу бойынша, ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бекітілді. Сонымен қатар су тасқыны қатерін болдырмау және жою, сел, көшкін және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықты кенеттен орын алуы мүмкін ТЖ-дан қорғау, тұрғындарды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету арқылы, күшті әсер ететін улы, радиоактивті және биологиялық қауіпті заттардың қалдықтарынан қорғайтын жол картасы әзірленді. Аталған құжатта ТЖ - ды төмендетуге және оларға жедел түрде тойтарыс беретін іс-шаралар кешені қарастырылған.
Бұған қоса ТЖ саласындағы түрлі бағыттарда мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, өңірлер бойынша облыстарды дамыту жоспарлары әзірленді. Оған сәйкес аумақтарды қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Азаматтық-қорғау органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы қалай?
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша азаматтық қорғау органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру жұмысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратын көрінеді. Ведомство басшысының сөзінше соңғы жылдары минстрлік жаңа техниканы сатып алу ісіне баса мән беріп отыр. «Жалпы, екі жыл ішінде (2018-2019 жылдар) республикалық және жергілікті бюджет есебінен әртүрлі мақсаттағы 400 (404) бірліктен астам (РБ – 199 бірлік, ЖБ – 205 бірлік) техника, 19 мыңнан астам өрт-құтқару жабдығы мен жарақтар сатып алынды, бұл бізге материалдық-техникалық жарақтандыруды 47%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде бөлімшелерде 3 мыңнан астам (3 162) бейінді және көпфункционалды, оның ішінде өрт сөндіру бөлімшелерінде 2 800 (2 836) бірліктен астам және жедел-құтқару жасақтарында 300 (326) бірліктен астам техника бар. Сонымен бірге бүгінде 92 бірлік көлік құралдары жеткізіліп, жыл соңына дейін біз 3,5 мыңнан астам (3 700) бірлік өрт-құтқару жабдығы мен 2 мыңнан астам (2 257) бірлік арнайы киім-кешек аламыз»,-дейді ТЖ министрі Юрий Ильин.
Министрдің сөзінше бүгінде технологиялардың цифрлық дамуы ескеріле отырып, командалық-штабтық машиналар ТЖ орындарынан сапалы бейне байланысын қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы бейнетерминалдармен жабдықталған. Сондай-ақ, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін заманауи өрт-құтқару техникасымен және жабдығымен жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Министрліктің жоспары қандай?
Отандық БАҚ-на берген төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өзі басқарып отырған министрліктің алдағы жоспарларымен де бөлісе кеткен. «Бірінші кезекте, қызмет көрсету сапасын арттыруға тырысамыз. Ол ең алдымен азаматтардың өтініштеріне жедел және тез әрекет етуден басталады. Екіншіден, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін қайта қарауды, яғни халықты, объектілерді және ел аумағын ТЖ кезінде туындайтын қауіптерден қорғау жөніндегі жалпы мемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының бірқатар функцияларын қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, республика автожолдарының апаттық-қауіпті учаскелерінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін құрылған трассалық медициналық-құтқару пункттерін дамыту жайлы жобамыз да бар. Бұл ретте қазірдің өзінде Жамбыл және Ақтөбе облыстарында (Жамбыл облысында "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" республикалық маңызы бар тас жолының 237-238 км, Ақтөбе облысы бойынша "Самара - Шымкент" республикалық маңызы бар тас жолының 613 км) қосымша 2 трассалық медициналық-құтқару пункттерін құру пысықталуда»,-дейді ведомство басшысы.
Министрлік өкілдері сонымен бірге Ресей, Беларусь сияқты басқа да мемлекеттердің ТЖ алдын алу және жою саласындағы тәжірибесін зерттеп жатқандығын мәлімдеді. Айтуларынша апат қаупін азайту жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарлама аясында Қазақстанда тәуекелдерді басқару жөніндегі жұмысты жалғастыру жұмысы одан ары жалғастырылатын болады.
«Қазіргі қиын жағдайда әр түрлі тәуекелдерді салыстыру және іс-әрекеттің басымдылығын анықтау үшін Ұлттық тәуекелдерді бағалауды жасау қажет. Бұл процесс әртүрлі тәуекелдер туралы арнайы білімі бар мемлекеттік мекемелердің күш-жігерін үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз азаматтық қорғау органдарын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеудеміз, онда дамудың үрдісі мен пайымы айқындалатын болады»,-дейді министр өкілдері.
Ал біз өз кезегімізде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың кесірінен орын алатын түрлі апатты жағдайлар азайып, ел тұрғындары тілсіз жаудың кесірінен қаншама адам өмірі қиылып жатқандығын елеп, ескерсе дейміз. Себебі сақтықта қорлық жоқ, жақындарымыз мен отбасымыздың амандығы – қашан да әр адамның өз жауапкершілігінде болуы тиіс. Ал өрт сөндіру қызметі мамандары мен құтқарушылардың қиын да қауіпті жұмысы қашан да ел назарында болып, олардың өлшеусіз еңбегі қоғам тарапынан жоғары бағаға ие болады деген сенімдеміз.