Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан этносаяси бағытта қандай жетістіктерге қол жеткізді?

Бүгінде ол елдегі демографиялық жағдайға, тіл мәселесіне де өзінше атсалысып отыр.

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан этносаяси бағытта қандай жетістіктерге қол жеткізді?
Дереккөз: inform.kz

Қазақстан этноасаралық татулық пен бірлік, ұлт пен ұлыстардың ынтымағы саласына тәуелсіздіктің 30 жылында барынша көңіл бөлді. ТМД және әлем елдерінде теңдессіз деп саналатын, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен бүгінгі жетістіктері соның дәлелі бола алады. Осы орайда бүгінде елімізде этносаясаттың қандай жаңа трендтері қалыптасты? Қазақстан халқы Ассамбелясы несімен бірегей жоба саналады? Бүгінгі мақалада осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

         Сан ғасыларлар бойы адамзат пен жер жаһан өзгерістер әлемін бастан кешіруде. Адамдар арасындағы көзқарас, заман талабы, халық пен түрлі этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынаста да көптеген өзгерістер орын алатыны һақ. Бұл жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та талай мәрте айтқан болатын. Ассамблея жайлы Елбасы былай деген еді: «Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлт­ара­лық келісім. Қазір ол біздің басты құн­дылығымызға айналған. Күн­делікті өмірде біз оны байқамайтын да шығар­мыз, бірақ болашақта нақ осы фак­тор біздің бәсекелестікке төтеп бере алуы­мызға мүмкіндік береді», - деді Елбасы.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінде бейбітшілікті, ұлттық бірегейлікті қамтамасыз ету мен нығайтудағы Ассамблеяның елеулі үлесі, қазақ тілінің біріктіруші фактор ретіндегі рөліне ерекше тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысына оң баға берген болатын. «Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде бұл құрылым – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі саналады»,-деді ол.

         Қазақстан халқы Ассамблеясы өзіне жүктелген елдің бірлігі мен татулығы міндетін күні бүгінге дейін табысты түрде жүзеге асырып келеді. Оған дәлел, Ассамблея барлық этностардың тілдерін сақтау үшін жағдай жасай отырып, ортақ қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға, мемлекеттік тілді қолдауға бағытталған жұмысты орындауды жалғастыруда. Десе де оның басты аспектісі – бұл ел аумағында тұратын түрлі этникалық топтардың өкілдерін біріктіру болып қала бермек. Бұл жөнінде қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова былай дейді: "Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі бүгінде екі тұрғыдан бағаланады. Біріншісі - институт алдына қойылған міндеттерді орындап, этносаралық қатынастардың интеграциясы мен дамуына ықпал етеді. Екіншісі – бүгінде Ассамблея өз міндеттерін қайта форматтау жұмысына ден қоюда. Әрине, бұл жерде қоғамдық институт 90-шы жылдары, ең жақын ортада және елдің өзінде жағдай біркелкі болмаған кезде құрылғанын ескеру қажет. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін "Посткеңестік кеңестік елдерде ұлт мемлекеттерінің қандай модельдері құрылатын болады?» деген сауал әлемнің көптеген елдерін мазалған еді. Бұл ретте Қазақстан азаматтық ұлтты қалыптастыру, халықтың полиэтносты құрамымен біртұтас мемлекет құру жолымен жүрді. Бүгін міне тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан таңдаған бірлік пен татулық, бейбітшілік пен келісім жолы өзінің дұрыс саяси бағыт екенін дәлелдеп берді. Оның дәлелі – Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдерінің жылдар бойы татулық пен ауызбіршілікте өмір сүруі болып отыр", - дейді Айгүл Сәдуақасова.

Маманның пікірінше қазіргі таңда қазақстандықтардың басым көпшілігі Ассамблеяны тек ынтымақ пен бірлікті сақтаушы қоғамдық институт ретінде қабылдайтынын атап өтті. Алайда оның пікірінше Ассамблея ел дамуына игі ықпалын тигізетін бұдан да басқа бірқатар бастамалардың басы-қасынан табылып жүр. Олардың қатарында медиация, қайырымдылық шаралары, жастар саясатындағы ауқымды шаралар және т.б. бар. "Бүгінде бұл басымдықтарға әрине баса мән беріліп отыр. Алайда Ассамблеяны елдегі ұлт пен ұлыстардың татулығын сақтаушы ұйым ретінде ғана қабылдау қате түсінік. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы баяғыда бұл кезеңнен өтіп қойған. Бүгінде ол елдегі демографиялық жағдайға, тіл мәселесіне де өзінше атсалысып отыр. Соны ескеруіміз керек»,-дейді сарапшы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан тәуелсіздің алған алғаш жылдары өзінің келісім мен бейбітшілікті ту етуінің арқасында, елді түрлі қақтығыстардан арашалап қалған бірден бір ұйым екенін атап өткен жөн. Себебі естеріңізде бұрынғы пост кеңестік елдердің бірқатарында этносаралық мәселе сол жылдары ушығып тұр еді. Алайда еліміздің көп векторлы саясаты, әрі бейбіт жолды таңдауының нәтижесінде республика бұл сындарлы жолдан еш қауіп-қатерсіз өткен-ді. "Қазақстанда өзара түсіністіктің, өзара құрметтеудің берік дәстүрлері бар. Бұл тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен этносаралық қатынастың орасан зор жетістігі деп айтар едім. Тарих бойынша біздің байтақ территорияда бұған дейін көптеген ғасырлар бойы түркі тілдес, славян және басқа да этникалық топтар бірге өмір сүргенін білеміз. Осылайша тарихтың түрлі кезеңдерінде Қазақстан аумағына түрлі мәдениеттер мен діндердің өкілдері қоныс аударған болатын. Біз басқа елдерде түрлі-түсті төңкерістер орын алған 90-шы және 2000-шы жылдардың басындағы қауіп-қатерді сәтті өттік. Ал сосын жалған діни идеологияны пайдалана отырып, радикализмді жандандыру кезеңін де табысты еңсердік. Мұның бәрі жоғарыда айтып өткенімдей, еліміздің көп ұлтты мемлекет ретінде дұрыс жолды таңдауының жемісі", - дейді қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова.

Сондай-ақ маман елдегі этносаралық қатынастар алдағы жалдыра да оң бағытта дамитынына сенім білдірді. «Сарапшылар "шешуді талап ететін ең қиын жанжал – ұлтаралық қақтығыс" дейді. Мысалы 2020 жылы орын алған Қордай оқиғалары этникалық мәселе қолданылған кезде қақтығыстардың салдары қандай болуы мүмкін екенін нақты көрсетті деп ойлаймын. Сондықтан этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау және дамыту үшін үнемі жұмыс істеу қажет және ол елімізде болашақта да өз орнымен дамиды", - деп сөзін түйіндеді маман.