Порталдың басты ерекшелігі – рейтинг, пайдаланушылар пікірі, құны және сапасымен таныса отырып, оңалту құралдары мен қызметтерін дербес таңдау мүмкіндігіне қол жеткізу болып отыр.
Мүгедек азаматтарға арналған жаңа жұмыс орындары мен Мамандықтар атласы, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру, әлеуметтік қызмет көрсету және оңалту жүйелерін жаңғырту және бұдан да басқа игі бастамалар – Қазақстанда мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарға енгізіліп отыр. Сол себепті материалдың бүгінгі санын осы тақырыпта өрбітуді жөн санап отырмыз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоғарыда аталған Ұлттық Жоспар аясында 4 бағытты жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Олар: "экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту", "әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту", "әлеуметтік оңалту мен абилитацияның тиімділігін арттыру" және "кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта". Бірінші бағыт бойынша министрлік алдағы жылдары еңбекке қабілетті жасқа жеткен адамдардың жалпы санының 30%-ына дейінгі мөлшерде мүгедектігі бар адамдардың үлесін арттыруды көздеп отыр. Бұл ретте жауапты атқарушы орган қосымша 30 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудың қолданыстағы бағдарламаларының бірі - "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы болып табылады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша аталған бағдарлама бойынша 16,3 мыңнан астам мүгедек адам жұмысқа орналастырылып, 2,2 мыңнан астам азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Ал 1 236 мүгедек азамат өтеусіз грант және 672 микрокредитке қол жеткізген. Елімізде мүгедектігі бар адамдарды қазіргі заман талабына сай, сұранысқа ие мамандықтарға оқыту ісі жолға қойылып отыр. Оның ішінде оларды ІТ саласын оқыту шараларына баса назар аударылып отыр. Сонымен бірге, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қатысуымен жүзеге асырылған жобаларға қаржылық емес қолдау көрсету шаралары қолға алынып отыр. Атап айтқанда оларды акселерация, масштабтау, бизнес-тәлімгерлік және басқа да шаралар іске асырылуда. Сонымен бірге былтырғы жылы мүгедек адамдарға арналған мамандықтар атласын әзірлеу жұмысы толығымен аяқталды.
Сол сияқты екінші бағыт бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғанын атап өтуіміз тиіс. Порталдың басты ерекшелігі – рейтинг, пайдаланушылар пікірі, құны және сапасымен таныса отырып, оңалту құралдары мен қызметтерін дербес таңдау мүмкіндігіне қол жеткізу болып отыр. Бүгінде порталда техникалық оңалту құралдарын, арнаулы әлеуметтік және оңалту қызметтерін жеткізушілердің 83%-ы тіркелген және жеке іріктеуді талап етпейтін ТОҚ-ның 55 түрінің 24-і сатып алынды.
Сонымен бірге 2020 жылдың қазан айынан бастап порталда пилоттық режимде жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтеріне тапсырыс беру және санаторий-курорттарда емделу үшін ұйымды таңдау қызметі қосылды. Сол сияқты жеке іріктеуді талап ететін техникалық оңалту құралдарының тағы 31 түрі 2021 жылдың қаңтарынан бастап қолжетімді болды. Қазіргі таңда портал арқылы 19 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары берілді. Бұған қоса министрлік БҰҰДБ және ЮНИСЕФ-тің қолдауымен әлеуметтік қызметтердің интеграцияланған моделін енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ әлеуметтік салада волонтерлік қызметті ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі өкілдері атап өткендей, Қазақстанда білікті әлеуметтік қызметкерлердің тапшылығы көп жағдайда олардың еңбегінің ауырлығы мен күрделілігіне сәйкес келмейтін жалақының төмен деңгейімен байланысты болып отыр.
"2020 жылдың басынан бастап Үкіметтің қолдауымен 25 мыңнан астам әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп, қосымша төлемдер белгіленгеніне қарамастан (психоэмоциялық және дене жүктемесі үшін 15%-дан 60% -ға дейін), бұл саладағы жалақы денсаулық сақтау және білім беру жүйелеріндегі жалақы деңгейімен салыстырғанда 20-30%-ға төмен болып отыр. Сол себепті еңбек және халықты әлеумметік қорғау министрлігімен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен ұлғайту және оны денсаулық сақтау мен білім беру салалары мамандарының жалақысы деңгейіне дейін жеткізу бойынша Үкіметке кешенді ұсыныстар енгізілді", - дейді еңбек министрлігі мамандары.
Естеріңізде болса, былтырғы жылдың тамыз айында ведомстволық бұйрықпен әлеуметтік қызметкерлердің Этикалық кодексі бекітілген болатын. Ал саладағы барлық құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қатынастар Әлеуметтік Кодексте қаралатын болады деп күтіліп отыр. Бұған қоса ЮНИСЕФ пен Елбасы Қорының қолдауымен 11 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерлерді оқытылып, тестілеуден өтеді деп жоспарлануда. Мамандардың пікірінше, бұл ретте балалар әлеуметтік-медициналық мекемелердің әлеуметтік қызметкерлеріне ерекше назар аударылмақ.
"Үшінші – "әлеуметтік оңалту мен абилитацияның тиімділігін арттыру" бағыты бойынша әлі де болса мемлекеттік қолдау керек және оның көлемі де жыл сайын артып келеді. Жалпы Үкіметтің қолдауының арқасында 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге арналған қаражат көлемі 10% – ға (315-тен 347 млрд теңгеге дейін) ұлғайды", - деп нақтылады министрлікте.
Жалпы былтырғы жылы Президенттің 2019 жылғы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында техникалық оңалту құралдары және қызметтерді қамтамасыз етуге қаржыландыру 16%-ға, яғни 85,5-тен 101 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын атап өту қажет. Бұл мақсатта 2020-2022 жылдарға арналған бюджеттен 53 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаражат ең алдымен 400 мыңнан астам мүгедек адамды, оның ішінде балаларды техникалық оңалту құралдарымен мен қамтамасыз етуге бағытталатын болады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түрлі қоғамдық ұйымдар мен мүдделі тараптардың ұсыныстарын жинап, олардың негізінде мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге 30-дан астам өзгерістер енгізілді.
Мұндай өзгерістердің бірі жеке көмекшілердің жалақысы мәселесіне де қатысты болып отыр. Дәлірек айтқанда, олардың қызметтеріне ақы төлеудің бірыңғай тәртібі енгізіліп (сағатына 358 теңге), есептілік жүйесі жеңілдетілді. Сондай-ақ АИТВ қызмет көрсетуге болмайтын тізімнен шығарылып, осы сынды басқа да салаларда түрлі өзгерістер енгізілді.
Бұған қоса, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап мүгедек адамдар үшін санаторий–курорттық емдеу мерзімі-жылына кемінде 14 күн ретінде регламенттелді. Сонымен қатар, мүгедек балаларды оңалту жүйесін жетілдіру бойынша қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Ал өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен, республика бойынша түрлі жеке әлеуметтік оңалту орталықтары ашылуда. Өткен жылы осындай 12 орталық құрылды. Сондай-ақ, 2021-2023 жылдары 8 өңір мен қалада (Ақмола, Ақтөбе, Алматы облысы, БҚО, ШҚО, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент) 150 орындық әлеуметтік оңалту орталықтарын салу жоспарлануда.