Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

2020 жылы жұмыссыз қалған 70 мыңнан астам азаматқа жәрдемақы берілді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, былтырғы жылдың тек тоғыз айында 70 600 қазақстандық жұмысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алған.

2020 жылы жұмыссыз қалған 70 мыңнан астам азаматқа жәрдемақы берілді
Дереккөз: inform.kz

Қазақстанда жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем немесе көпшілік білетін жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақы, былтыр шектеу шараларына қарамастан барлық табысын жоғалтқан азаматтарға уақтылы берілді. Жәрдемақынының мұндай түріне тұрақты жұмыс орны жоқ қазақстандықтар қалай қол жеткізе алады? Сұрақтың жауабын бүгінгі материалдан біле аласыздар.

Елімізде жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны жұмыстан босатылған және табысын жоғалтқан барлық қазақстандықтар ала алатынын көпшілік біле бермейді. Бір ерекшелігі, аталған жәрдемақы былтырғы карантиндік шектеулер, елдегі эпидемиологиялық жағдайға және басқа факторларға қарамастан оған мұқтаж азаматтардың барлығына тағайындалды.

Мемлекетте жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) тағайындап, жүргізеді. Осылайша оған жұмыс беруші өз қызметкері үшін жарна аударады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, былтырғы жылдың тек тоғыз айында 70 600 қазақстандық жұмысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алған. Ал осы жылдың қыркүйек айында жұмысынан айырылған тағы 9 374 азаматқа аталған әлеуметтік төлем тағайындалған.

Жұмысынан айырылған азаматтар қанша жәрдемақы алады?

Азаматтардың жұмыссыз қалуына байланысты берілетін жәрдемақының, былтыр карантиндік іс-шаралар салдарынан табысынан айырылған жандарға берілген 42 500 теңге сияқты белгіленген, белгілі бер мөлшері жоқ.  Бұл әлеуметтік төлемнің мөлшері тұрғындардың бұрын алған жалақы көлемі мен жұмыс өтіліне тікелей байланысты. Нақтырақ айтқанда жұмыс берушінің өз қызметкері үшін қандай көлемде әлеуметтік төлемдерді аударғанына байланысты болмақ. Осыған орай, барлық компаниялар мұны ресми есеп негізінде есептеп шығарады. Ол үшін алдымен азаматтың соңғы екі жылдағы бір айда алатын орташа айлық жалақы сомасын есептеу керек. Яғни осы уақыт ішінде әлеуметтік жарналар төленген барлық кірістердің қосып, шыққан соманы 24-ке бөлу қажет. Бұл ретте жалақыны алу барысында, арасында үзілістердің болуы маңызды емес екенін ескерген абзал. Егер тіпті қызметкер аталған уақыт ішінде жалақыны бір-ақ жыл ғана алса да, соны 24-ке бөлу шарт. Одан кейін соңғы екі жылдағы орташа айлық жалақыны жұмыс тәжірибесіне сәйкес коэффициенттерге көбейту керек. Сөзіміздің дәлелі ретінде төмендегі деректерге көз жүгірткен жөн екенін еске саламыз.

  • алты айдан аз уақыт – 0,1
  • жарты жылдан бір жылға дейін – 0,7
  • бір жылдан екі жылға дейін – 0,75
  • екі жылдан үш жылға дейін – 0,85
  • үш жылдан төрт жылға дейін – 0,9
  • төрт жылдан бес жылға дейін – 0,95
  • бес жылдан алты жылға дейін – 1
  • әлеуметтік сақтандыру жүйесінде 6 жыл бойы қатысқаны және одан артық әр бір жылға 0,02 коэффициент қосылып отырады.

Осы шыққан соманың 40%-ын жұмысын жоғалтқан адам жәрдемақы ретінде ала алады.

Жәрдемақыны қанша уақыт алады?

Мақұлданған әлеуметтік төлемді табысынан айырылған қазақстандық азамат жарты жылға дейінгі уақытта ала алады. Бұл тұста да жәрдемақыны алу мерзімі оның жұмыс өтіліне тікелей байланысты болмақ.

  • Егер азамат материалдық көмекке өтінім жазғанға дейін, жарты жыл мен бір жыл уақыт аралығында жұмыс істесе, онда ол әлеуметтік төлемді бір рет алады.
  • Бір жылдан екі жылға дейін жұмыс істегендер – екі рет алады.
  • Үш жылға дейін қызмет еткендер – үш рет алады.
  • Төрт жыл қызметте болғандар – төрт рет алады.
  • Бес жыл еңбек еткендер – бес рет алады.
  • Ал егер жұмыс өтілі бес жылдан астам уақытты құраса, онда жәрдемақы жарты жылға дейінгі уақытта беріледі.

Әлеуметтік төлемді алу үшін қайда бару керек?

         Әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш беру үшін, тұрақты табысынан айырылған тұрғын жұмыссыз мәртебесін рәсімдеп, оны растайтын, тиісті анықтама алу керек. Мұндай анықтамаға электрондық үкімет порталында қол жеткізуге болады. Ол үшін: "Қызметтер" бөліміндегі "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" парақшасын таңдап, оның ішінде "жұмыс іздеп жүрген тұлғаларды тіркеу" бетіне өтіп, қызметке тапсырыс беру керек.

         Одан кейін тұрғылықты мекенжайы бойынша қызмет ететін жұмыспен қамту орталығы, азаматқа қолайлы бос жұмыс орындарын ұсынатын болады. Егер жұмыссыз тұрғынға үш тәулік ішінде жұмыс орны табылмаса, онда өтініш берушіге жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл жағдайда оған төлемді мақұлдау туралы хабарлама келіп, ол оған жауап беріп, растауы тиіс. Нәтижесінде жұмыс орны жоқ азаматқа жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады. Айта кетерлігі, жұмыссыз мәртебесін алуға онлайн-өтініш беру үшін, қашықтан электрондық цифрлық қолтаңбаны алу керек немесе мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет.