Бұған қоса жұмыссыз азаматтар жалақы мемлекет тарапынан толық төленетін қоғамдық жұмыстарға да тартыла алады.
Жұмыспен қамту орталықтары жайлы көпшілік естігенімен, жұмыссыз азаматтар оларға барып, қалай тіркеуге тұру керектігін біле бермейді. Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарда 203 халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейтінін ескерсек, аталған орталықтардың халықты жұмыспен қамтуда атқаратын ролі ерекше екенін аңғаруға болады. Ендеше мақалының кезекті санын осы орталықтардың жұмысына арнамақпыз.
Жұмыспен қамту орталықтары қашан және қандай мақсатта құрылды?
Мемлекеттік халықты жұмыспен қамту орталықтары "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңы негізінде жұмыс істейді. Олар 2011 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылған болатын.
Еліміздегі жұмыспен қамту орталықтары қызметінің басты мақсаты – азаматтар мен жұмыс берушілерге арасында «алтын» көпір орнату, жұмыспен қамтуға қатысты шараларды белсенді түрде жүзеге асыру және халықты жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру болып табылады. Айта кетерлігі, жұмыспен қамту орталықтары халыққа және жұмыс берушілерге қызмет көрсететіндіктен, мұндағы барлық қызметтер тегін көрсетіледі.
Жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерге жұмыс іздеп жүрген азаматтардың түйіндемелер дерекқорына кіруінен бастап, оларға өздері іздеген талаптарға сай келетін жұмыскерлерді тауып беруге дейінгі қызметтерді ұсынады. Ал жұмыс іздеушілерге керісінше бос жұмыс орындарын таңдау, азаматтарға лайықты жұмыс іздеуге жәрдемдесу, электрондық еңбек биржасы арқылы "Online" режимде жұмыспен қамту орталықтарымен түйіндеме алмасу, жұмысқа орналастыру немесе оқыту бойынша кәсіптік бағдарлау, кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және т.б. қызметтерді ұсынады. Бұдан бөлек орталықтар жылдың әр уақытында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін, тәлімгерлердің түрлі мамандық өкілдерімен кездесулер сынды азаматтарға пайдалы іс-шараларды ұйымдастырып тұрады.
Орталықтар жұмыссыз азаматтарға не береді?
Жұмыс іздер жүрген адамдар жұмыспен қамту орталықтарына есепке алынуы үшін, алдымен тиісті мәртебеге ие болулары кереке кен. Ескере кететін жайт, бұрындары лайықты бос жұмыс орындарын таңдауға 10 жұмыс күні берілсе, содан кейін ғана азамат жұмыссыз ретінде рәсімделсе, былтыр елдегі төтенше жағдай және карантин режимі кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес аталған мерзім үш жұмыс күніне дейін қысқартылған. Ал азаматтардың білімі және алдыңғы жұмыс орны туралы деректер мемлекеттік органдардың басқа да ақпараттық жүйелерімен интеграциялау аясында автоматты түрде жұмыспен қамту орталықтарында жаңартылады екен. Сонымен бірге жұмыссыз ретінде орталықтарда тіркелу үшін, бар болғаны жеке басын куәландыратын төлқұжаты болса жеткілікті дейді мамандар.
«Жұмыссыз мәртебесін және анықтамасын алғаннан кейін азаматтар жұмысынан айырылуына байланысты, әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады. Төлемдер "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Оған соңғы 24 ай ішіндегі кез келген кезеңдегі алты айда аударымдары бар азаматтар қол жеткізе алады. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталықтары жұмыс іздеушілерге уақытша жұмыс орындарын - әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарды және жастар практикасын ұсынады. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, пробация есебінде тұрған балалар үйлері мен интернаттардың түлектері және т.б. үміткер бола алады. Бұл ретте мемлекет жұмыс берушіге осындай қызметкердің жалақысының бір бөлігін – жалпы жалақының 35% мөлшерінде, бірақ бір ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде, яғни 42 500 теңгесін субсидиялайды»,-дейді сала мамандары.
Бұған қоса жұмыссыз азаматтар жалақы мемлекет тарапынан толық төленетін қоғамдық жұмыстарға да тартыла алады. Ал мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ және 29 жасқа толмаған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері "жастар практикасы" бағдарламасы аясында жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болмақ.
Сондай-ақ білім жоқ азаматтарға да орта арнаулы техникалық білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Ал мамандығын немесе кәсіп түрін өзгерткісі келетін жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді курстарды бітіріп, алған мамандықтары бойынша кәсіптерін жалғастыра алады. Мұндай курстар бір айдан алты айға дейін созылады және азаматтар үшін тегін, сонымен қатар оларға стипендия төленеді.
"Біз көрсететін тағы бір қызмет – жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын адамдарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау болып табылады. Бұл көмек шартсыз және шартты болып бөлінеді. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмекті еңбекке жарамсыз адамдар, мүгедектер, үш жасқа дейінгі жалғыз басты аналар және көп балалы аналар міндетті түрде ала алады. Ал шартты көмекті еңбекке қабілетті адам бар отбасылар алады. Бұл ретте онымен әлеуметтік келісімшарт жасасады, оны жұмыссыз ретінде есепке қояды, содан кейін оған жұмыс іздейді. Егер адам әлеуметтік келісімшартта көрсетілген мерзімде жұмысқа орналаспаса, онда отбасына көмек тағайындалмайды", - де йді Алматы қаласы жұмыспен қамту орталықтары бірінің бөлім басшысы Әділет Жаңабаев.
Әділет Жаңабаевтың айтуынша 2020 жылы жұмыспен қамту орталықтары көмегіне 2019 жылмен салыстырғанда көбірек жүгінген екен. Маман оның себебін пандемиясын байланыстырады.
Біз өз кезегімізде аталған орталықтар елде жұмыспен қамтылғандар санын көбейтуге одан ары атсалысатынына сенімдіміз.