Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

ТЖ уақытында ел азаматтарына қандай әлеуметтік көмек көрсетілді?

2020 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 3 434 758 664, 3 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді.

ТЖ уақытында ел азаматтарына қандай әлеуметтік көмек көрсетілді?
Дереккөз: liter.kz

2020 жылы әлемде індет дендеп, дүниежүзі елдерінің экономикалық әрі әлеуметтік жағдайы тұралап қалған сәтте, Қазақстан елдегі жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырмай, елдегі төтенше жағдай кезеңінде азаматтарды қолдау үшін, бірқатар бастамаларды қолға алды. Осылайша ел Үкіметі республика халқын жұмыспен қамту әрі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, дағдарысқа шараларды қолға алды. Осы ретте, 2020 жылы елдегі ТЖ уақытында қазақстандықтарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілді деген заңды сауал туындайды. Материалдың бүгінгі санында осы сұраққа жауап іздейтін боламыз.

Әлеуметтік төлемдерге қанша қаражат бөлінді?

2020 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 3 434 758 664, 3 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Олардың қатарында ынтымақты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері, мүгедектік бойынша мемлекеттік базалық жәрдемақы, бала тууына байланысты берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы және т.б. әлеуметтік төлем түрлері бар. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек көлеміне жеке тоқталып өткен жөн. Мәселен, аталған көмек түріне бюджеттен 76,7 миллиард теңге (республикалық бюджеттен  – 68,9 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 7,7 миллиард теңге) қарастырылса, мектепке дейінгі балаларды кепілді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге бюджеттен 13,4 миллиард теңге көлеміндегі қаржы қарастырылды.

Карантин кезеңінде ел тұрғындарына қандай көмек көрсетілді?

Сондай-ақ, Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына байланысты, елде төтенше жағдай енгізіліп, салдарынан республиканың миллиондаған азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге тура келді. Нақтырақ айтсақ, төтенше жағдай уақытында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 4,6 миллионнан астам адамға 322,8 миллиард теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілді.

Қазақстанда бірнеше мәрте карантин енгізілуіне орай, аталмыш кезеңде де республика азаматтарына ел Үкіметінің назарынан тыс қалмады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2,4 миллионнан астам адамға, 153,5 миллиард теңге сомасында әлеуметтік төлем төленді.

Зейнетақы мен жәрдемақыға тек былтырғы жылы 257,3 миллиард теңге бөлінді

2020 жылдың қорытындылары бойынша, Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан 947,2 мыңнан азаматқа жалпы сомасы 257,3 миллиард теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдер төленгені белгілі болды. Жалпы ел бойынша шектеу шаралары кезеңінде, табыс көзін жоғалтқан азаматтарға Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан 4,6 миллионнан астам адамға 476,3 миллиард теңгеден артық көмек көрсетілген.

Айта кетерлігі аталған азаматтардың арасында індетпен күресте барын салған ақ халатты дәрігерлер де бар. Мәселен Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры қаражатынан вирус жұқтырған дәрігерлерге 2 миллион теңге, ал коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 10 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек берілді. Қолда бар деректерге сәйкес, былтырғы жылы індеттен көз жұмған 186 ақ халаттыға және Covia-19-ды жұқтырған 9600 медицина қызметкерлеріне толықтай әлеуметтік төлем төленген. Бұл ретте мемлекеттік қор осы мақсатта 20,5 миллиард теңге мөлшерінде қаржы бөлгенін ескерген абзал. Оның ішінде 1,8 миллиард теңге вирустан опат болған медицина мамандарының жанұяларына берілсе, қалған 18,6 миллиард теңге коронавирус жұқтырған дәрігерлерге берілді.

Өткен жылы зейнетақы мен жәрдемақы өсті

Ел экономикасындағы қысыл-таяң кезеңге қарамастан, Қазақстан Үкіметі тұрғындар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттерін атқара алды. Оған дәлел, тек былтырғы жылы зейнетақы мен жәрдемақы көлемі 10%-ға, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 12%-ға артты. Сол сияқты мүгедектік және асыраушысының айырылуына байланысты берілетін мемлекеттің әлеуметтік жәрдемақы да аталған төлемге мұқтаж барлық азаматтарға уақытымен берілді. Еске сала кетерлігі, мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейі, мүгедектік себебі мен тобына байланысты берілсе, асыраушысының қайтыс болуына орай тағайындалатын жәрдемақы - ең төменгі күнкөріс деңгейі мен оған мұқтаж жандардың санына байланысты ұсынылады. Осыған орай, жыл сайын ең төменгі күн көріс деңгейінің өсуіне қатысты, жәрдемақы мөлшері де жыл сайын артып келеді.

Осылайша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоғарыда аталған жәрдемақы сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты 5%-ға артты.

ТЖ уақытында көп балалы аналарға да көңіл бөлінді

Қазақстан баласы бар отбасылар мен көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында бірқатар бастамаларды қолға алған болатын. Олардың қатарында отбасылы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуден бастап, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беру сынды көмек түрлері бар. Осы орайда елімізде көп балалы отбасыларға қандай жәрдемақы беріледі деген сауалға жауап іздеуді жөн көрдік.

Қазақстан Республикасында көп балалы ана ретінде «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» және І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иелері танылады. Мұндай алтын құрсақты аналар өмір бойына мемлекет тарапынан қолдауға ие болады және оларға белгілі бір мөлшерде арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.

Айта кетерлігі, 2020 жылы әлеуметтік көмектің бұл түрін 232,3 мыңнан астам ана қол жеткізген. Бұл мақсатта мемлекеттік сақтандыру қоры бюджетінен 49,1 миллиард теңге қаражат бөлінген. Сонымен бірге көп балалы аналар мемлекеттік тұрғын-үй қоры есебінен баспаналы бола алады. Сонымен бірге «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері салық пен мемлекеттік баж салығының біразынан босатылған. Атап айтқанда:

  • көлік салығынан (1 көлікке босатылған);
  • тұрғын-үй қоры арқылы алынған жер учаскесі мен ондағы құрылыс және ғимараттарға салынатын салықтан;
  • тұрғын-үй жанындағы жер учаскесі салығынан;
  • жеке тұлғаларға салынатын салықтан (шамамен 1000 еселік көлемдегі айлық есептік көрсеткіш);
  • нотариалды қызметке жүгінгенде мемлекеттік баж салығынан;
  • интеллектуалды жекеменшік саласында құзыретті мемлекеттік орган тарапынан болатын маңызды заңнамалық қызметтерді жасау барысында мемлекеттік баж салығынан босатылған.  

Сол сияқты ҚР «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңының 11 бабы, 3 тармағына сәйкес, 5 немесе одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асырап алған әйелдер, 53 жастан бастап зейнетақы алуға құқылы болады.

Бұған қоса 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табыс көлеміне қарамастан, 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау жөніндегі мемлекеттік қызметті жаңарту жолымен, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі толығымен жаңғыртылды. Бұл ретте жәрдемақыны тағайындау барысында отбасындағы балалардың санына байланысты, жәрдемақы мөлшерін әртараптандыру әдісі енгізілген болатын. Сөзіміздің дәлелі ретінде келесі дәлелді көрсетудің жөн көрдік. Мысалы отбасында 4 баласы бар жанұялар – 44 532 теңге көлемінде жәрдемақы алса, 5 баласы барлар – 55 672 теңге, 6 баласы барлар – 66 811 теңге, 7 баласы бар отбасылар – 77 951 теңге, ал 8 және одан да көп баласы бар жанұялар әр балаға 4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы алатын болады. Былтырғы жылы аталған төлем шамамен 392,4 мың отбасыға тағайындалып, бұл мақсатта бюджеттен 236,2 миллард теңге бөлінген болатын. Қуантарлығы, бұл сома 2019 жылмен салыстырғанда (32,1 миллиард теңге) 7 есеге артқан еді.

2020 жылы АӘК беру тетіктері қалай өзгерді?

Былтырдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау (АӘК) жүйесі жаңартылды. Мемлекет басшысының айтуынша бұл бастама аталған жүйенің ашықтығы, әділдігі әрі еңбек етуге деген талпынысты күшейті үшін қолға алынған еді. Осы ретте АӘК-ті тағайындаудың қолданыстағы жүйесі қалай өзгерді деген сауалға жауап беру үшін, төмендегідей шолу жасап көрдік.

  1. Әлеуметтік жәрдемақыны тоқсан сайын тағайындау жолын алып тастау арқылы,  жәрдемақыны алушыларға өз табысын жасыруға жол бермеуге қол жеткізу.
  2. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы түрі, көп балалы отбасылардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, олардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын жақсартуға жол ашылды.
  3. Еңбекке жарамды АӘК алушыларға қойылатын талаптардың күшеюі. Бұл ретте жаңа өзгерістерге сай, бұл санатқа жататын азаматтың табысы енді тұрмысы төмен отбасының жиынтық табысымен ескерілетін болады. Сонымен бірге, егер жұмыспен қамтуға қатысты ұсынылған шаралардан азамат бас тартса, оның отбасы мүшелеріне түгелдей АӘК берілмейтін болады.
  4. Учаскелік комиссия институты күшейтілді.

Жалпы елдегі төтенше жағдай уақытында Үкімет Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамту мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке тарту бағдарламасы табысты түрде жүзеге асырылды. Сонымен қатар, АӘК тағайындау қызметінің тиімділігін арттыру үшін, жанұяның материалдық жағдайын тексеру уақыты да үш күннен жеті күнге дейін ұзартылды.

Бұдан бөлек 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік пакет тағайындау жұмысы қолға алынды. Мәселен, мұндай отбасылардың мектеп жасындағы балалары мектепте ыстық тамақпен, тегін жолақымен, сондай-ақ, мектеп формасы және оқұ құралдарымен қамтамасыз етіледі. Ал мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер ай сайын азық-түлікпен, ал тоқсан сайын тұрмыстық химия тауарларымен қамтамасыз етілуде. 2020 жылы мектеп жасына дейінгі 218,2 мың балаға аталған көмек берілген. Сол сияқты мектеп жасындағы мемлекеттік әлеуметтік көмекті алушылар саны 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы дерек бойынша 217 мың баланы құраған. Бұл әлеуметтік көмектің әрқайсысы да білім және ғылым министрлігі ұсынған деректер бойынша, жергілікті әкімдіктердің қолға алуымен іске асырылып келеді.

ТЖ уақытында мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілді?

Қазақстан Үкіметі мүгедек азаматтардың әлеуметтік тұрғыда коғамға бейімделуіне жол ашу мақсатында, түрлі техникалық қосалқы құралдармен, сонымен бірге, жеке көмекші және арнайы тіл маманы қызметтерімен қамтамасыз етіп келеді. Осылайша 2020 жылдың қорытындысы бойынша техникалық құралдармен оңалту және оңалту қызметтерінің жеке бағдарламасы аясында 340 мыңнан астам мүгедек адам немесе олардың 81%-ы осы қызмет түрімен қамтамасыз етілді. Айта кетерлігі, 2019 жылы бұл қызметпен бар-жоғы 69,5% адам қамтамасыз етілген еді. Сонымен бірге 2020 жылы электр жетегі бар, отандық кресло-арбалар өндірісі іске қосылды. Өкінішітісі, бұған дейін мұндай арбалар Ресей, Қытай және Еуропадан әкелінетін. Осылайша мемлекеттік тапсырыс бойынша «Тыныс» АҚ жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгені құрайтын 1381 алғашқы отандық кресло-арбаларды шығарып, олар мүмкіндігі шектеулі жандарға тапсырылған болатын.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсарту және оларды тең құқықпен қамтамасыз етудің ұлттық жоспарын жүзеге асыру мақсатында, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметтерді алушы және оларды берушілердің Бірыңғай әлеуметтік порталы енгізілді. Аталмыш портал арқылы мүгедек тұлғалар өздерінің жеке қажеттіліктеріне қарай, оңалту қызметі мен құрлдарын өздігімен танысып, таңдай алады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік даму министрлігі ұсынған деректер бойынша, Портал арқылы 28 мыңнан астам тауар мен қызмет көрсетілген.

Сол сияқты жауапты министрлік «Қазақстан Республикасының жеке санаттағы азаматтарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» Заңы жобасын әзірледі. Оған сәйкес, Нұр-Отан партиясының саяси тұғырнамасында көрсетілген 75 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілмек. Бұл  толықтырулар мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сонымен Заңдағы өзгерістердің маңыздыларына тоқталып өтсек:

  • «мүгедек» кемсітушілік терминін Мүгедектер құқығы туралы конвенцияға сәйкес, «мүгедектігі бар тұлға» терминіне алмастыру;
  • ЛСИ бойынша жұмыспен қамту жөніндегі квотаны пайдаланбайтын жұмыс берушілерге өтемақы төлеуге міндеттеу;
  • мүгедек болуының себептеріне қарамастан, 1 топтағы мүгедек адамды күтіп отырған тұлғаларға жәрдемақы беруді ензізу;
  • 7-16 жас аралығындағы балаларды мүгедектік топтары бойынша бөліп, оларға берілетін жәрдемақы мөлшерін қайта қарау;
  • жәрдемақының екі бірдей түрін алуға бір уақытта алу құқығын беру: мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша;
  • «инватакси» қызметі мен басқа да арнайы әлеуметтік қызмет түрлерін Бірыңғай порталға аудару;
  • мүгедек балаларды асырап отырған және 18 жасқа дейін баспана ала алмаған отбасыларды, мүгедектің 1 және 2 топтарына жатқызу барысында олардың баспана кезегін сақтап қалу;
  • еңбек ету барысында немесе кәсібінің салдарынан сырқаттанып, мүгедектік алған тұлғаларды әлеуметтік қолдау шараларын қолға алу.