Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

2021 жылы Қазақстандағы жәрдемақы түрлерінің мөлшері қалай өзгерді?

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш 34 302 теңгені құрады.

2021 жылы Қазақстандағы жәрдемақы түрлерінің мөлшері қалай өзгерді?
Дереккөз: inbusiness.kz

2021 жылғы жәрдемақы мөлшері – мемлекет арнайы халық үшін қарастыратын материалдық қамсыздандырудың маңызды бір бөлігі болып табылады. Қазақстан Республикасының әрбір тұрғыны дәлелді әрі белгілі бір себептермен, әлеуметтік төлемдерге жүгіне алады. 2021 жылдың басынан бастап төлемдерді есептеу кезінде кейбір толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Олармен осы мақалада кеңінен танысуға болады.

Қазақстанда 2021 жылы кейбір төлемдердегі өзгерістердің көпшілігі ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне тікелей байланысты болды. Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш 34 302 теңгені құрады. Осыған байланысты, елдегі әлеуметтік төлемдер де өзгерді. Сол сияқты айлық есептік көрсеткіш көлемі де (АЕК) осы жылы 2 917 теңгені құрады.

Қазақстанда зейнетақы мөлшеріне келер болсақ,  оның да артуы күн көріс деңгейінің ұлғаюымен байланысты болып отыр. Қазіргі таңда еліміздегі жалпы ең төменгі зейнетақы - 43 272 теңгені құраса, ал мемлекеттік базалық төлем (ең төменгі деңгей) - 18 524 теңге болып отыр. Бұдан биылғы жылы зейнетақы көлемі біршама өскенін аңғаруға болады.

Аталған толықтырулар мен өзгерістер әйел адамдардың зейнет жасына да қатысты болып отыр. Енді Қазақстандағы нәзік жандылар 60 жасқа дейін жұмыс істеуі тиіс. Нақтырақ айтсақ, бұл өзгеріс 1960-1964 жылдар аралығында дүниеге келген әйел адамдарды қамтып отыр. Жалпы ел бойынша 2027 жылдан бастап әйелдер 63 жаста зейнетке шығады деп жоспарлануда. Ал ерлер үшін зейнетке шығу жасы бұрынғысынша, өзгеріссіз - 63 жас болып қалады деп күтіліп отыр.

Қазақстан Республикасының кейбір тұрғындары үшін зейнетақы кезеңі белгіленген жастан ерте басталады. Ондай азаматтарға 5 жылдан астам қауіпті аймақта тұрған Семей ядролық полигоны маңайының тұрғындары, көп балалы әйелдер (5 және одан да көп баласы бар), сондай-ақ 50 жасқа дейін 13,5 миллион теңге қаржы тауып үлгерген тұрғындар жатады.

2021 жылы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы

Жарақаттану немесе ауру салдарынан толық немесе ішінара еңбек қабілеттілігінен айырылған тұлғаларға республиканың әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтары ретінде жәрдемақы төленеді. Жәрдемақының нақты мөлшері белгісіз, себебі оны белгілеу уақытында кешенді факторлар ескеріледі. Төлем мүгедектік тобына және мүгедек мәртебесін алу себебіне, сондай-ақ ағымдағы күн көріс деңгейінің көрсеткішіне байланысты болады. Бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы мөлшері 35 675 теңге мен 65 860 теңге аралығын қамтиды. Ауру, өндірістік жарақаттану, кәсіптік аурулар салдарынан мүгедектік жағдайында төлемдер келесідей болады:

- III топқа – 35 675 теңге;

- II топқа – 52 483 теңге;

- I топқа – 65 860 теңге.

Сонымен бірге, мемлекетімізде 16 жасқа дейінгі мүгедектер 48 023 теңге алады. Бала кезінен бастап мүгедек болған тұлғалар, сондай-ақ 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек жандар төмендегі жәрдемақы мөлшерін ала алады:

- III топ – 41 162 теңге;

- II топ – 54 540 теңге;

- I топ – 65 860 теңге.

Осылайша, 2021 жылы Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы көлемі орта есеппен 5%-ға өсті.

Асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақы қалай өзгерді?

Қазақстанда отбасылар тұрақты табыс әкелетін жалғыз адамнан айырылатын болса, олардың жанұясына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы беріледі. Мұндай жағдайларға көбінесе кәмелет жасына толмаған балалар душар болып жатады. Сол себепті олар асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын болады. Әлеуметтік көмектің бұл түрін 8 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған аталар мен әжелер, ата-анасынан алимент алмаған, кәмелетке толмаған балалар, 23 жасқа дейінгі студенттер алады. Төлем мөлшері қайтыс болған адамның орташа табысы мен асырауында қалған адамдардың саны ескере отырып есептеледі.

2021 жылы мұндай ақшалай көмектің мөлшері 29 500-ден басталып (егер асырауындағы адам саны біреу болса) және 72 378 теңгеге дейін жетеді (асырауында алты және одан да көп адам болса). Ал жетім балалар 40 476 теңге алады. Десе де республика бойынша жәрдемақының аталған түрінің мөлшері 87 813 теңгеден аспайды.

Көп балалы отбасылар қандай жәрдемақы ала алады?

2021 жылы көп балалы жанұялар алып отырған  жәрдемақыда да өзгерістер орын алды. Елімізде төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік қолдау міндетті түрде беріледі. Мұндай жанұялар алатын жәрдемақы мөлшері отбасылық кіріске байланысты болмайды, бұл жағдайда тек ондағы балалар саны ескеріледі. Төлемдер келесідей болады:

- 46 759 теңге - төрт бала;

- 58 457 теңге - бес бала;

- 70 154 теңге - алты бала;

- 81 851 теңге - жеті бала.

Сондай-ақ аталған жәрдемақыға ерекше мәртебесі бар, көп балалы аналар қол жеткізе алады. «Ана Даңқы», «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградалары бар әйелдерге 18 669 теңге көлеміндегі жәрдемақы беріледі.

Атаулы әлеуметтік көмек: 2021 жылғы өзгерістер

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – елімізде табысы төмен азаматтарға төленетін жәрдемақының түрі болып табылады. Сондай-ақ, АӘК көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тағайындалады. Мұндай материалдық көмек жылдың әр тоқсанына бір рет беріледі. Аталған жәрдемақыны алу үшін, отбасындағы кіріс мөлшері күн көріс деңгейінен 70%-дан аспайтынын растайтын құжаттарды тапсыру керек. Осыған орай, 2021 жылғы күн көріс деңгейі 34 302 теңгені құрағандықтан, отбасының әрбір мүшесіне үйдің табыс мөлшері 24 011 теңгеден аспайтын жағдайға ғана АӘК тағайындалады.

АӘК мөлшері жекелей есептеледі және оны тағайындаған кезде, арнайы комиссия бір апта бойы АӘК-ке үміткер отбасының өтінімін қарап, содан кейін ғана қорытындысын жариялайды. Жәрдемақыны тағайындау кезінде табыстың барлық түрлері ескеріледі. Тек мүгедек балаларға арналған жәрдемақы, стипендия, батыр аналарға төленетін жәрдемақы, баланың туылуына байланысты берілетін жәрдемақы, аз қамтылған отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы түрлері есепке алынбайды. Сонымен бірге аз қамтылған жанұялардың балаларына азық-түлік пен гигиена заттарынан құралған әлеуметтік пакет беріледі. Бұған қоса 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдікпен жол жүру құқығына ие болып, оқу орындарында тегін тамақтана алады. Сондай-ақ олар жыл сайын мектеп формасымен қамтамасыз етіледі.

Бала туу бойынша берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері қалай өзгерді?

Мемлекетте әрбір әйел өмірге сәби әкелгеннен кейін үкіметтен берілетін декреттік төлемдерге жүгіне алады. Бала туу бойынша жәрдемақыны барлық аналар алады. Бұл ретте төлем мөлшері әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейін жұмыс істегеніне байланысты болып табылады.

Сонымен бірге, бірінші және кейінгі балаларға (3 балаға дейін) 110 846 теңге мөлшерінде көмек тағайындалады. Егер бала төртінші, бесінші және одан көп болса, онда отбасы 183 771 теңге мөлшерінде жәрдемақы алуға құқылы. Ал егіздер немесе үшемдерді дүниеге әкелген отбасылар балалардың әрқайсысына бөлек жәрдемақы алатын болады.

Сол сияқты  2021 жылы бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін  жәрдемақы мөлшелеріне тоқтала кетсек.

Баланы бір жасқа дейін тәрбиелеп отырған әйелдерге мемлекет есебінен бала күтімі бойынша жәрдемақы беріледі. Жәрдемақының бұл түрі бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Жәрдемақы мөлшері бірнеше факторларға байланысты болады. Ең алдымен, әйелдің декреттік демалысқа дейін жұмысқа орналасу фактісі ескеріледі. Егер, Қазақстан Республикасының тұрғыны жұмыс істемесе, онда оған стандартты, белгіленген төлемдер төленеді. Мысалы:

- бірінші балаға - 16 802 теңге;

- екінші балаға - 19 865 теңге;

- үшінші балаға - 22 898 теңге;

- төртінші балаға - 25 961 теңге.

Егер, әйел декреттік демалысқа дейін жұмыс істеген болса, онда балаға жәрдемақы келесі формула бойынша есептеледі: соңғы 2 жылдағы табыс: 24×0,4 - 10%. Сондай-ақ, Қазақстанда балаға берілетін жәрдемақы ананың соңғы жылдағы орташа айлық табысына қарай тағайындалуы мүмкін.

Жұмыссыздар қандай жәрдемақы ала алады?

Жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақы  Қазақстан Республикасының "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Заңы бойынша, егер жұмыс берушілер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударымдар жасаған болса, жұмыссыз қалған азаматтар үшін жәрдемақының осы түрін беру қарастырылады. Төлем мөлшері адам жоғалтқан табыс сомасының 40%-нан аспайды.

Төлемдерді алу үшін жұмыссыз азаматтар аумақтық жұмыспен қамту орталығында тіркелуі керек. Әлеуметтік көмек адамның жұмыстан босатылу себептерін есепке алмай көрсетіледі.