Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы қалай өтті?

Жиында алғаш болып сөз алған Елбасы Н.Ә. Назарбаев ҚХА-на елімізде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті бұдан әрі нығайту жөнінде нақты міндеттер қойды.

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы қалай өтті?
Дереккөз: Хабар 24

2021 жылғы 28 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақ­стан халқы Ассамблея­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалық етуімен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXIX кезекті сессиясы өткізілді. Іс-шараға Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысты.

Сессия жұмысына онлайн форматта 600-ге жуық адам қатысты. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері – Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) төрағалары, орталық мемлекеттік органның басшылары, ҚР Парламенті депутаттары, ҚХА мүшелері, өңірлік және республикалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, саяси партиялар, діни бірлестіктер, ҮЕҰ, ғылыми және зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Сессия аясында Елбасы Н.Ә. Назарбаев, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев, этномәдени бірлестіктердің басшылары, өңірлердегі ҚХА мүшелері мен делегаттары, мәдениет және спорт, азаматтық қоғам өкілдері, жастар қауымы және т.б. сөз сөйледі.

Жиында алғаш болып сөз алған Елбасы Н.Ә. Назарбаев ҚХА-на елімізде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті бұдан әрі нығайту жөнінде нақты міндеттер қойды.

Елбасы бұдан 30 жыл бұрын көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жасап, болашаққа бірлікпен, татулық және келісіммен бет бұрғанын ерекше атап өтті.  

Тұңғыш президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартудағы нақты жетістіктеріне тоқталды. Елбасы қазіргі нарықтық экономиканың жаңадан құрылуы мен іргелі реформалардың табысты жүзеге асуына баса назар аударып, соның арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған және бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгенін атап өтті.

Н.Ә. Назарбаев Ұлы дала Елі – Тәуелсіз Қазақстанан мемлекеті  жаһандық ұлттар қоғамдастығының беделді әрі сенімді мүшесіне айналғанын, сондай-ақ халықаралық қауымдастық аренада ұлттық мүделлеріміз бен басымдықтарымызды жүйелі түрде қорғап келе жатқанын хабарлады.

Елбасы әлемдік державалы мемлекеттер арасынан Қазақстанның бірінші болып ядролық қару-жарақтан бас тартуы және оны таратпау жөніндегі сарабдал саясаты халықаралық қоғамдастыққа адамгершіліктің жаңа символы мен бейнесін әкелгенін мәлімдеді.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Еуразия экономикалық одағы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Түркі кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты халықаралық интеграциялық жобаларға бастамашы болып, оның іс-шараларын жандандыруға оң ықпалын тигізгенін жария етті. 

Әсіресе, Қазақстанның көпвекторлы саясатының арқасында еліміз әлем елдерімен терезесі тең ынтымақтастық пен өзара әріптестікті, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге бет бұрған біртұтас ұлт ретінде танылғанын жеткізді.

Түркі әлемінің рухани астанасы – киелі Түркістан қаласы Ұлы дала Елінің мәдени төл мұрасының баға жетпес қазынасын жандандырып, әлем жұртшылығына кеңінен танылғанын атап өтті.   

Бұдан бөлек, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың негізгі түп тамыры мен қайнар көзі болатын бес қағидатқа ерекше назар аударды.

Олар, мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

Осы орайда, ҚХА алдағы жұмыс стратегиясын айқындағанда осы бес қағидаттарды негізге алу, сондай-ақ қоғамдық дамудың пәрменді институты ретінде ұйым қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сәйкесінше, ҚХА институттары еліміздегі этносаралық келісімге нұқсан келтіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге әрдайым әзір болуға тиіс деді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев баяндамасын қорытындылай келе ҚХА төрағалық лауазымындағы өкілеттілікті ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевқа беретінін ресми мәлімдеді. Сондай-ақ, Қазақстан халқын ел игілігі жолында табанды еңбек пен қажырлы қызмет ету жолында Мемлекет басшысының жанына топтасуға шақырды.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев өз сөзінде ҚХА басқару өте жауапты жұмыс екенін атап өтіп, өзіне жүктелген міндеттерді аса жоғары жауапкершілікпен атқаруға уәде беріп, Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа шынайы алғысы мен ризашылығын білдірді.

Қ.К. Тоқаев баяндамасында, ең алдымен Елбасының Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосудағы еңбегіне, еліміздегі әртүрлі этностардың бірлік пен татулығына тоқталып өтті. «Әлем жұртшылығы мен еліміздегі қалың бұқара Сізді аса көрнекті реформатор және әлем деңгейіндегі саясаткер ретінде құрметтейді. Сіздің парасатты басшылығыңызбен қол жеткізген табыстарымыз мәңгілік тарихи мән-маңызға ие болды. Сондықтан, елдік жолында сіңірген ерен еңбегіңіз әлемнің және Қазақстанның тарихында мәңгі жазылатыны сөзсіз. Халқымыздың тату-тәтті өмірі мен күнділікті тыныс тіршілігі – Сіздің салиқалы  саясатыңыздың арқасы», - деді мемлекет басшысы.

Президент ҚХА мемлекетімізде әртүрлі түрлі этнос өкілдерінің басын қосатын әлемде баламасы жоқ бірегей құрылым екеніне ерекше мән берді. «Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ете­тін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келі­сімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз»,– деді мемлекет басшысы.

ҚР Президенті бүгінгі күні әлем елдері алдында жұқпалы коронавирус індеті жаңа міндеттер мен талаптарды жүзеге асыру үшін ҚХА аясында бірқатар тапсырмаларды жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. «Әсіресе, саясат пен экономикада, қоғамдық өмір мен технологиялық дамуда мүлдем жаңа шынайылық туындап келеді. Жер шарының түрлі өңірінде діни алауыздық ушығып, ксенофобиялық көңіл күй байқалып отыр. Бұл сын-тегеуіріндер мемлекеттің әл-ауқаты үшін әсіресе коронавирустың жаппай таралуы кезінде өте қауіпті болып отыр»,- деді президент.

Күрделі қиын қыстау кезеңде Елбасы қалыптастырған қар­­жы­лық мүмкіндіктерге, қаржылық әле­ует­ке арқа сүйей отырып, Үкімет тұрғын­дардың көп бөлігіне, соның ішінде 4,5 мил­­лионнан астам адамға дер кезінде теңдессіз кө­мек көрсете алғанын ерекше атап өтті.

ҚР Президенті сөз соңында Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшесі бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығында ҚХА халықтың талап-тілек­тері мен ұсыныстарын орындауға бағытталған нақты жоба­ларды жүзеге асыруға айрықша мән беретінін баса айтты.

Сессия жұмысының қорытындысы бойынша Үндеу қабылданды. Атап айтқанда, Үндеу мәтінінде: «30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бастап халқымыз, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың кемел басшылығымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті – ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат – табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды. Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған ҚХА қызметі айрықша. Жалпыхалықтық институтқа айналған ҚХА – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді. Біз Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлін айрықша атап өтеміз. ҚХА барлық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген дамудың жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруға шақырады. Біз, Тәуелсіздік пен бірлікті нығайта отырып, Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты дамуы мен өркендеуіне қол жеткізетінімізге нық сенім білдіреміз», - деп жазылған.