Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Дін - ғылымның атасы

Коронавирус індеті – әлемді әбігерге салып тұр және оған қарсы екпе алуға байланысты елдің пікірі сан түрлі.

Дін - ғылымның атасы
Фото: ашық дереккөз

Оның үстіне қасиетті «Рамазан» айында  ине салдыру оразаның бұзылу-бұзылмауына қандай әсері бар дегеннің жауабын нақты білмей, әрі-сәрі күй кешіп жүргендер қаншама?! Осы тұрғыда Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының шаһар тұрғындарына дұрыс бағыт сілтеуде деп хабарлайды  paryz.kz

         Діннің атын жамылып, жымысқы әрекет жасау үлкен проблемаға айналғалы көп жылдың жүзі болды. Елдің шырқын бұзған теріс дін өкілдері әлі де өз жоспарын жүзеге асыруға тырысады. Әсіресе, әрі-сәрі күй кешкен жұрттың осы кезін өздерінің теріс мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін. Ол дегеніңіз елді дүрліктіріп, тыныштығын кетіреді. Кейбіреулер тура жолдан ауытқиды, адасады. Одан барып, отбасы ойрандалады, шаңырақ шайқалуы да кәдік.  Кінәсіз сәби,   жазықсыз жасөспірім зардап шегеді. Мұндай мысалдар жетіп артылады.

          Мемлекет теріс діни ағыммен күресіп, олардан келетін қауіптің алдын алумен айналысып-ақ келеді, бірақ  мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Бұл шорт кесіп шеше салатын дүние де емес. Наным-сенім, адамның діни ұстанымы, Жаратушыға деген көзқарас өте нәзік нәрсе. Нәзік нәрсемен байқап айналыспаса үзіліп кетуі ғажап емес... Мәселен, арбау мен алдауға ерген жан өзін адасып жүрмін деп есептемейді. Керісінше күнәдан арылып,  сауап жинап жүрмін деп ойлауы мүмкін. Бұл ойға теріс діни өкілдердің бұрыс насихаты бекітеді. Яғни, діни сауаттың аздығынан, шариғи білімнің жетіспеушілігінен де осындай келеңсіздікке ұрынып жататындығы белгілі. Белгілі деуімізге деструктивті топтарға байланысты Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы жинақтап зерттеген фактілер куә. Бұл басқарма факті жинаумен ғана айналыспайды, әрине. Бұзылғанды түзеумен, білімсізді  сауаттандырумен, діндерге зерттеу жүргізумен, т.б. осы саладағы маңызды жұмыстармен айналысады. Діннің ішіндегі салалар бойынша бірнеше орталықтар бар. Бұл орталықтар да көптеген жұмыстар атқаруда. Осы мақалаға арқау болған тақырып та Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ықпалымен көтеріліп отырғанын айта кеткіміз келеді.

               Мысалы үшін бұған дейін де түрлі тұмау мен басқа да вирустардан сақтану үшін жарты ғасырдан аса уақыттан бері салынып келе жатқан екпелерге әсіреқызыл шариғи заңдарын алға тартқан  діни фанаттардың, теріс догмалардың әрекеті елді дүрліктіргені рас. Ал қазіргі індет кезіндегі арандатушы ақпараттың әсері қатты болуы ықтимал және қазір технологияның дамыған кезі. Ақпарат таратудың жолдары өте көп және ол ақпарат халыққа тез жетеді. Бүгінде үлкен-кіші, жас-кәрінің бәрінде смартфон бар. Смартфон арқылы кез келген ақпарат көздеріне кіруге болады. Сайттар, порталдар, әлеуметтік желілерге халықтың қолы жетімді. Еш қиындық жоқ. Заман сондай. Яғни, ақпараттық технологиялар заманы. Демек, бұл заманды пиғылы теріс, мүддесі қауіпті діни топтар құр жіберсін бе!..  Ақпаратқа аса сақтықпен, салмақтап, сараптап қарау керек. Кез келген ақпаратқа еріп кетуге болмайды. Електен әбден өткізген абзал.  Айталық діни тұрғыдан ковидке қарсы екпеден бас тартуға ешқандай себеп жоқ. Әрине, оның сапасы, денсаулыққа пайдасы мен зияны туралы медицина ғалымдары, дәрігерлер айтады және екпе салдыру-салдырмау әр азаматтың өз еркінде. Салсаң да саласың, салмасаң да саласың деуге ешкімнің қақысы жоқ. Біздің айтқымыз келгені дін мен ғылымның қайшылығының жоқтығы. Ислам дінінің атын жамылған теріс діни топтар өтірікті әдемі құрастырып, екпені дінге жат қылып көрсетіп, елдің арасына дүрбелең туғызбасын дегеннің алдын алу, біздің мақсат. Олардың өтірікке шеберлігі сондай құран-хадиспен үйлестіріп жіберуі мүмкін. Екпе, яғни, вакцинаның дінге қайшылығы жоқ дегенді тағы бір қайталап айтамыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін дін мамандарының пікірін келтірейік.  Нұр-Астана мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазанов: «Діни тұрғыда Құран аяттарында, Хадистерде  екпеге ешқандай қайшы келетіні жоқ. Шариғатта бұл туралы айтылмаған. Керісінше, Құранда, хадистерде Алла тағала кез келген дерттің, аурудың емін жіберген дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманынан сүннет амал қалған. Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз құрманың кішкентай бөлігін аузына тигізіп, оны жаңа туған сәбидің таңдайына басатын болған. Ондағы мақсат ересек адамның аузында бактериялар болады. Бұл – жаңа туған баланың организмі  бактерияларға үйреніп, қарсы күресетін иммунитет қалыптассын дегеннен шыққан амал. Сүннеттің ғылыммен байланыстығын ғалымдар айтады. Сонымен қатар ислам дінінде таңертең, кешке оқылатын дұғалар бар. Осы дұғаларды оқыса, тіл-көзден немесе басқа да аурулардан сақтайды. Меніңше, кез келген  екпе  аурудың алдын алуға, оның жаппай таралмауына көмектеседі, иммунитетті көтереді және жұқпалы дерттен сақтанудың көзі болуға тиіс».

          Міне, имамның айтқанынан екпенің дінге қайшылығы жоқтығы анық айтылды. Ал екпеден оразаның бұзылмайтындығы жөнінде ҚМДБ  «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Қазақстан ұлттық арнасының тікелей эфирінде екпеден оразаның бұзылмайтындығы жөнінде тайға таңба басқандай айтып берді. Яғни, бұлшық етке салынған дәріден ораза бұзылмайды деді ол.

             Дін мамандарының айтқан пікірлерінен түйеріміз, дін мен ғылымды бөліп қарауға болмайды. Ғылымның арғы жағында дін, діннен ғылым шығады. Бүгінгі сөзімізді халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Дін – ғылымның анасы»  атты өлеңімен түйіндейміз.  

Дін – ғылымның анасы,

Дін – ғылымның әкесі.

Ғылым – діннің баласы,

Дін – ғылымның көкесі.

Ғылым да бар, дін де бар,

Қоқыс та бар, гүл де бар.

Қол ұстасып Құдайға,

Ғылым мен дін бірге бар.

 Еділ АНЫҚБАЙ