29.04.2021, 15:07

Білмей жасалған қылмыс жазадан құтқармайды

Егер таратып отырған ақпаратыңыз арнайы діни конфессия ретінде тіркелмеген ұйымдікі болса немесе Қоғамдық келісім комитеті жүргізген сараптама қорытындысы бойынша рұқсат етілмесе, жауапкершілікке тартыласыз. 

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы шаһар халқын, оның ішінде жастарды қауіпті ақпараттардан сақтандыру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді.  Өйткені қазіргі заманда ақпараттың ағыны қатты. Оларды талғап оқып, таңдай білмесе, бұл ағын адамдарды  адастыруы мүмкін. Әсіресе  дінге байланысты теріс насихат-үгіттер талайдың тағдырын талқандады, байқамаса талқандай береді деп хабарлайды paryz.kz.

Қазақстан Республикасының  Үкіметі 2020 жылы 31 желтоқсанда №953 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021– 2023 жылдарға арналған кешенді жоспар бекіткен. Бұл жоспар 130-дан астам ұлт өкілдері мен диаспоралар тұратын мемлекеттің татулығын нығайту, ынтымағын арттыру бағытына  және                          18 конфессия өкілдерін татулық пен келісімде өмір сүруін қамтамасыз етуге арналған.   Оның ішінде интернет-ресурстарда деструктивті сипаттағы материалдарды таратуға жол бермеуді көздеген тармақтар бар. Біздің сөз қылмағымыз осы тармақ. Өйткені көпшіліктің ішінде дұрыс ақпаратты саралай алмағаннан, заңды білмегеннен алды абақтыға жабылып, арты айыппұл төлеп, жауапкершілікке тартылуда. Әлеуметтік желіні қолданушы жастар ағылып жатқан ақпаратты оқып, оны тарату мен бөлісуде өте сақ та сауатты болғаны жөн. Діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды шығару, жариялау мен таратуға байланысты заң бар.  Егер таратып отырған ақпаратыңыз арнайы діни конфессия ретінде тіркелмеген ұйымдікі болса немесе Қоғамдық келісім комитеті жүргізген сараптама қорытындысы бойынша рұқсат етілмесе, жауапкершілікке тартыласыз. Жауапкершілікке тартылу таратылған ақпараттың салмағына қарай, оның көпшілікке тигізген зиянына байланысты әкімшілік және қылмыстық болып екіге бөлінеді.   Мәселен,  Әкімшілік кодекс елде «тіркелмеген діни топтардың дінін таратуға» тыйым салады, ол үшін 226 900 теңге көлемінде айыппұл төлетеді. Таратылған әдебиет пен материалдардың тигізген зиянына қарай қылмыстық іске де тартып кетуі мүмкін. Ол дегеніңіз сотталу қаупін туғызады. Білмей, байқамай тартақан жағдайда да бұл жауапкершіліктен, жазадан ақтап қала алмайды. Заңның аты – заң. Ол орындалуға тиіс. Сол үшін оқып, таратпас бұрын әбден ойлануға, ақылды қозғауға тура келеді.  Мысалы үшін, Түркістан облысының Сайрам ауданында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот 18 жастағы  Шахсат есімді мектеп оқушысын  діни алауыздықты қоздырып, терроризмді насихаттағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырған. Соттың мәлімдеуінше, Шахсат әлеуметтік желіде топ құрған және достары мен оқырмандарына діни экстремистік материалдар таратқан. Шахсаттың өз айтуы бойынша ол бұл әрекеттерінің қылмыстық іс екенін білмеген көрінеді. Бірақ білместік жазадан арашалай алмайды. Сондай-ақ экстремистік  деп танылған діни ұйымның идеясын тарату да қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Мысалы, Қарағанды соты Тасқали, Қазыбек, Марат есімді азаматтардың экстремистік деп танылған «Таблиғи жамағат» ұйымының идеяларын таратқаны үшін 3 жылдан бас бостандықтарынан айрылғандығы туралы мәлімет БАҚ-та жарияланған болатын. Олар «Таблиғи жамағат» ұйымына қатысыздығын, олармен ешқандай байланысы жоқтығын  айтып, істі облыстық сотқа аппеляцияға бергенмен, оны облыстық сот қабылдамаған. Олай болатыны бұл жердегі қылмыс олардың экстремистік ұйымның мүшелігіне байланысты болып отырған жоқ. Олардың осы ұйымның идеясын таратқандығында болып тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, білмей қылмыс жасау жауапкершіліктен, жазадан  құтқармайды.  Деструктивті діни топтарға керегі өз мүдделері үшін жасаған материалдарының неғұрлым көбірек және кеңірек тарағаны. Кең аудиторияға қол жеткізуге олар ынталы. Неғұрлым аудитория ауқымды болған сайын оның таралу жылдамдығы да арта түсетіні белгілі. Ешқандай шығынсыз, қаржысыз біреудің қолымен өздерінің діттегеніне жетудің амалын интернеттен қарастырған олар үшін қандай ақпарат таратқанына мән бермейтін жастар өте қолайлы. Деструктивті идеяны интернет ресурстары арқылы таратушы топтар жұмыстарын көбінесе шетелден жүргізеді. Теолог Жасұлан Сүлейменовтің  мақаласынан үзінді осы жерде сұранып тұрғандай. Ол: «Деструктивті діни топтардың ақпараттық көздері көбінесе халықаралық домендік атауларға ие болады. Атап айтқанда: «.com», «.org» және «.info». Аталған ұйымдар идеологияны тарату мақсатында танымал «В Контакте», «Одноклассники», «Twitter», «YouTube», «Facebook» және «Instagram» желілерін көп қолданады. Сонымен қатар, осы аталған желілер арқылы өз идеология¬ларын қамтыған фотоларды, видеоларды, аудиоларды және электронды кітаптарды репосттаумен (бөлісу) таратып отырады. Ғаламтор арқылы деструктивті ақпаратты алудың салдары мыналарға әкелуі мүмкін: 1) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни сипаттағы өшпенділік пен дұшпандық; 2) соғысқа шақыру; 3) жеккөрушілікті, дұшпандықты және үстемдікті насихаттау; 4) адамның ар-намысына, атына және беделіне қол сұғу; 5) сананы психологиялық улануға душар ету. Айта кету керек, ғаламтор арқылы болған діни экстремистік көріністер көбінесе жастар арасында жиі кездеседі. Жастардың психологиясы мен иммунитеті қарсылықты тұрғыда әлсіз келеді» дейді.  Міне, теологтың айтқандарымен келісе отырып, жастарды ақпарат алу мен оны таратуда аса сақ болуға шақырамыз. Білместікпен арандалып қалмауды баса айтқымыз келеді. Діни сауатты ресми сайттардан алуға кеңес береміз. Қандай жағдайда да сақ болған жөн. Білместікпен тағдырға қиындық туғызып алмаған дұрыс. Сақтансаң сақтаймын деген Алла тағала. Сақтанайық! Сақ болайық!

Еділ АНЫҚБАЙ