Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі азайды

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан өткен жылдың қаңтар-наурыз айларында 341 адам зардап шексе, осы жылдың аталған айларында мұндай оқиғалар саны  31 адамға қысқарып, 310 адам өндірісте жүріп жарақат алған.

Елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі азайды
Дереккөз: inbusiness.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің дерегі бойынша, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі 9,1%-ға төмендеген. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан өткен жылдың қаңтар-наурыз айларында 341 адам зардап шексе, осы жылдың аталған айларында мұндай оқиғалар саны  31 адамға қысқарып, 310 адам өндірісте жүріп жарақат алған.

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға – өзінің еңбек міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде, қызметкердің жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не өліміне әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың қызметкерге әсер етуі.

Аталған комитеттің таратқан дерегіне сүйенсек, оқыс оқиғалар салдарынан қаза тапқандардың саны да төрттен бірге қысқарған. Нақтырақ айтар болсақ, 2020 жылдың бірінші тоқсанында 51 адам өндірістік орында алған жарақат салдарынан қайтыс болса, биыл олардың саны 13 адамға қысқарғананын айта кету керек.

Дегенмен жеке өңірлер бойынша тоқталатын болсақ, жазатайым оқиғалар салдарынан қаза болғандар саны 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткішпен салыстырғанда кейбір өңірлерде көбейгенін байқауға болады. Мәселен,  Ақтөбеде  былтыр 4 адам қайтыс болса, биыл ол көрсеткіш 7 адамға жеткен, Жамбыл облысында өткен жылы 2 адам қайтыс болса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 4 адам қайтыс болған екен, ал Қызылорда облысында былтыр  3, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында 6 адам қайтыс болды, Батыс Қазақстан облысында биыл 3 адам қайтыс болған. Былтыр аталған облыста 2 адам өніріс орнындағы жазатайым оқиғадан қайтыс болған еді.

Өндірістік орында жазатайым жапа шеккендерге қатысты арнайы комитет таратқан деректерді өңірлер бойынша талдайтын болсақ, өндірістік жарақат алғандар саны бойынша Қарағандының көш басында тұрғанын айта кету керек. Ондағы жалпы зардап шеккен адамдар саны – 65. Одан кейін Шығыс Қазақстан (34 адам), Ақтөбе (29 адам), Қызылорда (22 адам), Қостанай (21 адам), Түркістан (18 адам) және Батыс Қазақстан (17 адам) облыстарын атауға болады.

Кейбір өңірлерде бірінші тоқсанда өндіріс орнындағы оқыс оқиғалар салдыранан зардап шеккендердің былтырғы жылмен салыстырғанда көбейгені анықталды. Атап айтсақ, Ақтөбеде былтыр 25 адам зардап шексе, биыл ол көрсеткіш 29 адамға жеткен, Атырау облысында былтыр 6 адамның өндірістік жарақат алғандығы тіркелсе, биыл 10 адам болған, Қызылордада былтырға қарағанда биыл 6 адам көп жарақат алған, былтыр ол көрсеткіш 14 адам болған еді. Ал Павлодар облысында  өткен жылы 13 адам өндіріс орнында жүріп зардап шеккен болса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында ондай адамдар саны 15-ке жетіп отыр.

Дегенмен жалпы көрсеткіш азайған. Өндірістік жарақаттануды төмендетуге себеп ретінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер тарапынан қабылданған еңбекті қорғау саласындағы кешенді шараларды атап өтуге болады.

Мемлекет тарапынан қабылданған өндірістік жарақаттану деңгейін азайтуға қатысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Сондай шаралардың бірі ретінде 2019 жылғы 17 маусым күні Женевада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы арасында қол қойылған «Vision Zero - нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасын ілгерлету бойынша меморандумды айтуға болады.

Бұл – меморандум өндірістік жарақаттануды айтарлықтай төмендетуге, жазатайым оқиғалар мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарының санын қысқартуға мүмкіндік беретін алдын алу шараларын іске асыру мәселелері бойынша тараптардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған озық тәжірбие.

Аталған меморандумда еңбек жағдайларының қауіпсіз болуына негізделетін 7 «алтын» ереже қарастырылған. Олар:

1) көшбасшы болу – қағидаттарға адалдықты көрсету;

2) қауіптерді анықтау – тәуекелдерді бақылау;

3) мақсаттарды анықтау – бағдарламаларды әзірлеу;

4) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жүйесін құру – ұйымның жоғары деңгейіне қол жеткізу;

5) жұмыс орындарында, станоктармен және жабдықтармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік пен гигиенаны қамтамасыз ету;

6) біліктілікті арттыру – кәсіби дағдыларды дамыту;

7) кадрларға инвестициялау – қатысу арқылы дәлелдеу.

Меморандумға қол қойылған 2019 жылдан бері еліміз бойынша 137 кәсіпорын «Vision Zero – нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасына  қосылды. Олардың басым бөлігі тау-кен металлургия және мұнай-газ секторлары («СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақалтын» ТКМК» АҚ және т.б.) болып отыр. Өйткені оларда өндірістік жарақаттанудың деңгейі жоғары келеді.

Сондай-ақ бұл бағытта Қазақстан Республикасында өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Үкімет қаулысының жобасын қабылдаудың мақсаты – өндірістік жарақаттану және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту бағытталған шаралар кешенін әзірлеу.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеу шеңберінде өндірістік жарақаттану көрсеткіштерін төмендетуге және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқартуға ықпал ететін еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құру жөніндегі міндетті шешу жоспарланған.