Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдағы бірлік пен этносаралық келісімнің символы

Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдағы бірлік пен этносаралық келісімнің символы
Дереккөз: asiaplustj.info

Қазақстан халқы Ассамблеясы – ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке бастамасымен мемлекет және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында құрылған мемлекеттік органға 26 жыл толды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өз тарихында консультативті-кеңесші органнан бастап, бүгінгі күні қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсіп, қоғамда салмақты орны мен рөлін айқындай білді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 130-дан аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Сондай-ақ, бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.

Қазіргі уақытта, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз етіп келеді.

Сонымен бірге, қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайту бойынша қолайлы жағдай жасау, еліміздің бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту, мемлекеттік органдарға діни экстремизм мен терроризмнің көріністеріне қарсы іс-қимыл жасау, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қолдау көрсетеді.

Бұған қоса, Қазақстан өңірлеріндегі этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этномәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және оның дамуын қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

26 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеяның институционалдық жұмыс органы қалыптасты. Атап айтқанда, ҚР Президенті Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы қызмет жасайды.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 21 сәуірдегі Өкімімен Марат Алмасұлы Әзілханов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Ассамблеяның мемлекетіміздің өңірлеріндегі құрылымдарын қалалар мен облыстар әкімдері басқарады. Ассамблеясының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда ассамблеяларының құрамы этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінен, мемлекеттік органдар өкілдері мен қоғамдағы абырой-беделі бар тұлғалардан құралады.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты елдегі барлық этностардың мүддесіне қорғайды. Сонымен қатар, қазақстандық этникалық қоғамдастықтардың Парламентте өкілдік етуі олардың саяси партиялар арқылы өкілді органдарға тікелей қатысуы негізінде де жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында - Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.

«Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы төрайымы, М. Қозыбаев атындағы СҚО доценті Г. Мұсабаева Қазақстан халқы Ассамблеясының тәуелсіздік жылдарындағы тарихын төрт кезеңге бөліп қарастырады. Олар:  1991-1995 жылдары алғашқы кезең - елдің ұлттық саясаты моделінің пайда болуының алғы шарттары. 1995-2008 жылдары екінші кезең – консультативтік-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, Ассамблеяның құқықтық негіздерін Қазақстан Республикасының Конституциясында бекіту, Ассамблеяның идеологиялық негіздерін әзірлеу және дамыту кезеңі.
2008-2015 жылдардағы үшінші кезең – «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау және оның құқықтық мәртебесін бекіту, Ассамблеяның әкімшілік құрылымдарын кеңейту, халықаралық аренаға шығу кезеңі. 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі төртінші кезең -Қазақстанның ұлттық саясат саласындағы 2015 жылғы 28 желтоқсандағы «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму Тұжырымдамасының» іргелі құжатын қабылдау, қазіргі заманғы қазақстандық қоғамды «Мәңгілік Ел» идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төңірегінде біріктіруге ықпал ететін бағыттар мен институттарды құру кезеңі. Бұдан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХXIX сессиясының құндылығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қорытындылау, елдің мемлекеттік ұлттық саясатын ұғыну және Ассамблея қызметінде оның 2025 жылға дейінгі даму перспективаларын айқындау болып табылады.

Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының 26 жылдық тарихында Ұлы дала Елі – Тәуелсіз Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азаматтардың этностық және діни наным-сенімдеріне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсіністік механизмнің қалыптасуына алып келді.