Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Бәріміз заңға бағынуға тиіспіз

Қанша адам, нешелеген сала болса, сонша түсінік, сонша ұғым бар.   Наным-сенім де солай. Ал осы әртүрлілікті бет-бетімен жіберсе не болар еді? Ойлау да, елестету де қиын... Өте қиын... Міне, мемлекет осындай қиындық тумас үшін де түрлілікті  реттеп, біртұтас жүйеге салып отырады. Ол реттеу Конституциямен бекітілген.

Бәріміз заңға бағынуға тиіспіз
Фото: ашық дереккөз

Осы тұрғыдан келгенде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының атқарып жатқан шаруасы жетерлік. Айталық біздің елімізде ғана емес, дін мәселесі әлем бойынша ушығып тұр. Қазақстанның әр аймағынан бұрындары бұрқ еткен оқиғаларды қалың жұрт ұмыта қойған жоқ. Осы проблемаларды болдырмас үшін, алдын алу қамымен дін саласына байланысты министрлік, арнайы Агенттік ашылды. Заң-құқық органдары жұмылдырылды. Яғни,  әрекет бар. Көпшіліктің көзі ашық бөлігі әрекеттің барын біледі, мемлекеттің болашағына сенеді және мемлекетке болысуға тырысады. Біздегі проблема көпшліктің кейбір бөлігінің осыны түсінбей жатқандығында... Айтаққа еріп, айдауға жүріп кеткендігінде болып тұр...   Мысалы үшін  бүлікшіл теріс діни ағымдардың көздегені не?! Олар ықылым заманнан сыйластығы жарасып, салт-дәстүрі қалыптасқан  халықтың санасына сына қаққысы келеді. Дінді әдейі бұрмалап, ұйып отырған елге ірткі салуды көздейді. Ондай теріс діни ағымдардардан  сақ болуымыз керек. Пиғылы жаман теріс діни топтардың алдын алып, елді сақтандырып, жастарды арашалап, жас буынның көзін ашып, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт, түзу жол сілтеп отырмаса, бүгінге дейін біз қандай болар едік?! Осы айтқандарды атқарып отырған мемлекет.

          Құдайға шүкір елдігіміздің арқасында көп қиындықты жеңіп, айтып отырған діни проблемаларды да шешіп келеміз.  Әрине, осы айтқандарды белгілі бір негізге сүйенбей, атқару да, одан нәтиже шығару да қиын ғой. Ол негіз, ол сүйенішіміз не? Әрине,   заң. Бәрі де заң аясында шешілуге тиіс. Діни қағидаларға, сенімнің серттеріне жүгінуге болмайды.  Сол үшін де біз зайырлы мемлекетпіз. Демек зайырлы дегеніміз не деген сұраққа әрбір азамат жауап бере алуға тиіс. Зайырлылық не үшін қажет? Зайырлылық адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін қажет. Қазақстан Конституциясының І-бөлімінің 1-бабы, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»-деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.   Мемлекет осы бағытта жұмыс істейді. Жалпы халық та осы бағытта жүруге тиіс қой. Ал деструктивті діни топтар біздің басы ашық, дұрыс  бағытымызға  қарсы әрекет жасайды.

Мемлекеттік құрылымға қарсы жүреді. Сондықтан олар «деструктивті» деп аталады. Арбайды, алдайды, көлгірсиді, көз бояйды, т.т. тәсілдерді қолдана береді. Мүдде біреу ғана оларда, заңға бағынбау, соқыр сеніммен, теріс діни ұстаныммен әсер ету.

         Мысалы үшін, білім саласында ата-аналар мен білім ұйымдары арасында келіспеушіліктер болып тұрады. Бұл діни фанатизмге берілген ата-аналардың тарапынан болатын қарсылық. Сана уланған. Заңға бағынуды дінге қарсы келу, күнә табу деп есептейтін фанатизм.  Оқушы формасын емес, басынан аяғына дейін тұмшалап, қыздарын хиджаппен мектепке жібергісі келеді. Шын мәнінде мектеп формасын кигізбеймін, хиджабпен барады деу қате. Бұл дегеніңіз Қазақстан Конституциясына қайшы. Егер мемлекеттік мекемелерге әр ұлт, әр диаспора, әр конфессия өкілдері өз сенімі мен нанымына, діни көзқарасына сай, өз дегенімен барып, өз деңгейі мен өз түсінігімен жүрсе, келісім, біртұтастық деген көзден бұлбұл ұшады емес пе!

            Қазақстанның кез келген азаматы, мейлі азаматы болмаса да Қазақстанды зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет деп тануға тиіс. Өйткені бұл біздің Ата заңымызда жазылып тұр. Демек, мектеп формасын талап ету – зайырлылықтан шығып отырған талап. Мектеп формасын талап ету ешқандай діни ұстанымға қайшы келмейді, құқығына қол сұққандық емес. Зайырлылық,  бұл –  жай ғана сөз де емес. Бұл мемлекет принциптерінің ерекшелігі.

             Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, зайырлылық принциптерін қалыптастыру Батыс елдерінде ХІХ ғасырдан бастап, қолға алынған екен.  Батыс елдерінің құқықтық тәжірибелерінде кең таралған. Нақтырақ айтқанда 1905 жылдан Францияда түпкілікті көрініс таба бастапты. Барлық елдерде әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері өмір сүреді. Міне, осылардың қарым-қатынасы қандай болу керек? Қандай принциптерге негізделуге тиіс деген сұрақ сол заман үшін де, бүгінгі қоғам үшін де өзекті болып отыр. Діни қарым-қатынастар әлеуметтік қарым-қатынастар ретінде мемлекет тарапынан реттелуді талап етеді. Әртүрлі діндер арасындағы қайшылықтарды, шиеленістерді, қақтығыстарды шешудің тиімді және ұтымды мүмкіндігі – зайырлылық принциптерін енгізу. Сол замандарда Еуропада протестанттар мен католиктердің және басқа да діни ағымдардың арасындағы шиеленістер, қақтығысқан соғыстар талай адамның өмірін қиды, қоғамға қасірет алып келді,  жағдай ушықты, күрделі проблемаға айналды. Сондықтан мемлекет өз аумағында әртүрлі діни конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруі үшін құқықтық негіздерін қалыптастыру керек болды. Зайырлылық принцип осы кездерден бастап, қолданыла бастаған.

         Көріп отырғаныңыздай мемлекеттік заң талаптарын орындау – біртұтастыққа алып келеді. Ал егер әр діннің қағидасымен, конфессиялардың ұстанымымен кетсек, Абай атамыз айтқан: «Бас басына би болған өңкей қиқымнан» ары сорақы жағдайға душар боларымыз анық.  

      Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің болашағы үшін ойлануға тиіс. Өйткені еліміздің болашағы әрбір азаматтың ұрпағының болашағы. Мемлекетті ойлау – өз ұрпағының болашағын ойлау деген сөз. Кім өз кіндігінен тараған ұрпағының болашағына немқұрайды қарайды? Ешкім де! Игіліктердің ішіндегі ең ұлы нығыметтің  бірі де бірегейі – бастың амандығы мен қоғамның тыныштығы. Тыныштықты сақтау әрбір азаматтың парызы. Ал ол заңға бағынудан басталады. Заңды сыйлайық! Сақтанайық! Сақ болайық!  

Еділ Анықбай