Сандарға сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік бойынша Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Атырау, Алматы өңірлері көш басында.
Қоғамның дертіне айналған жасөсіпірімдер арасындағы жүктілік тыйылар емес. Тек былтырдың өзінде 7000-ға жуық қыз бала жүкті болған. Оның мыңнан астамы түсік жасатыпты. Дүниежүзілік статистика бойынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік едәуір артқан және соңғы жылдары көбеймесе азаймай отыр деген ақпараты тағы бар. Мамандар кәмелетке толған қыз-жігіттермен ашық түрде жыныстық қарым-қатынастың зияны жайлы жиі пікір алмасып, ата-аналар түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді. Бұл туралы Paryz.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Ерте жүктілік, жасанды түсік! Құлаққа түрпідей тиетін бұл сөздер соңғы жылдары үйреншікті жағдайға айналды. Мәселен, былтыр Қазақстанда 15 пен 19 жас аралығындағы 6724 қыз жүкті болған , оның ішінде 5639 қыз босанып, бөпесін бауырына басса, 1086 бойжеткеннің жүктілігі абортпен аяқталған!
"Жүктіліктің болуы босануы, түсік жасау көрсеткіштер 1000-ға шаққанда көрсетіледі. 2020 жылы 2019-ға қарағанда төмендеген анықталған. 1000 қыз балаға 2,5 мың болса, 2,2 төмендеген", - деді ҚР ДСМ ана денсаулығын сақтау басқармасының жетекшісі Шәкизат Жақсымбетқызы.
Сандарға сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік бойынша Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Атырау, Алматы өңірлері көш басында. Бұл соңғы дерек. Ең қиыны от басқан қаракөздер, үйінен қолдау таппағасын амалдың жоқтығынан «Аналар үйіне» баруға мәжбүр. Қазір республика бойынша 200 қыз бала осында өз бөбектерін тәрбиелеуде.
"Бізде мынадай жағдай болды. Үйдің табалдырығын енді ғана аттап, тіркеуге алып жатқан қыз баланың толғағы қысып, суы кеткен. Сол күні баласын бауырына басып, қайта бізге келді", - деді «Аналар үйі» жобасының жетекшісі Сания Аренова.
Мамандар ойнап жүріп от басатын қыз балалардың көбі жағдайы төмен отбасыдан шыққан дейді. Ал жоспарсыз жүктіліктің соңы түрлі қиын жағдайлармен аяқталуда. Тіпті, гинекологтың есігін қақпағандар жетерлік екен.
"Бізге өте жас аналар көмек сұрап келеді. Бойжеткендердің көбі жүктіліктің соңғы айында мамандарға жүгінеді. Ең өкініштісі, олар еш жерде тіркеуде жоқ. Дәрігерге қаралмаған. Ал ең жас ананың жасы – 13-те болған. Өздеріңіз білесіздер, мұндай ерте жүктілік Семей қаласында тіркелген", - деді «Аналар үйі» жобасының жетекшісі Сания Аренова.
Жуырда жасанды түсік жасатудан Қазақстан әлем елдерінің ішінде Ресей мен Вьетнамнан кейін 3-ші орында тұр деген мәлімет тараған еді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл 2004 жылғы ескі мәліметк екен. Керісінше, соңғы жылдары елімізде аборт пен ерте жүктілік жыл санап төмендеп келеді екен.