«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Рамазан айының құдіретімен сәйкестендіре Paryz.kz-ке қайырымдылықпен айналысып, қоғамға игі іс жасап келе жатқан жанмен сұхббат алу сәті түсіп отыр.
Қайырымдылық саласына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жіті көңіл бөліп келеді.
«Волонтерлік - бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу керек.
Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор», - дейді Президент.
«Аялаған алақан» қоғамдық қоры көру, есту қабілеттері төмен, зерде бұзылыстары бар, жалпы мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы сабақтар өткізіп, көмек көрсетуде. Қордың жетекшісі әрі негізін қалаушысы Рада Хайрушева Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында пайда болған бұл ұйымның негізгі жетістіктері, қоғам үшін маңыздылығы, алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.
- Рада ханым, «Аялаған алақан» қалай құрылды?
- Біз негізнен қайырымдылықпен 2012 жылдан бастап айналысамыз. Бірақ тобымыз кеңейіп, қызметіміз көбеюіне байланысты қорды ресми түрде 2015 жылы ашып, тіркедік. Ұйымымыз жайлы республикалық телеарналардан Оралға арнайы келіп, сюжеттер, репортаждар түсірген. Одан бөлек, Қазақстан, Тәджікістан, Қырғызстан мемлекеттерінде «Аялаған алақан» туралы көлемді бағдарлама көрсетілді. Бізде оқитын балалар өздерін мүмкіндігіміз шектеулі санамайды, керісінше, дендері сау қатарластарымен бірдей көріп, мотивация алады. Біз тегін түрде сурет салудан сабақтар өткіземіз.
- Негізі қор ашу идеясы қалай туындады?
-Мен егіз балалардың анасымын. Осыдан сегіз жыл бұрын перинаталдық орталықта жатқанымда, аналары тастап кеткен сәбилерді көрдім. Кіп-кішкентай, жаңа ғана өмірге келген нәрсетелер арнайы технологиямен жабдықталған инкубаторларда жатты, ал қастарында ең керек жан - аналары жоқ. Бұл ауыр есте қалған көрініс мені кейін осындай ұйым ашуға итермеледі. Мен барлық балаларды өз балаларымдай көремін. Менің бұл бастамам айналадағы адамдардан қолдау тапқаннан кейін, «Аялаған алақан» қоры ашылды.
- Сабақтар қалай өтеді? Неше жас аралығындағы балалар қатыса алады?
- Орал қаласының тұрғындары ұйымға келіп, офлайн түрде оқиды. Басқа қалалардағылар үшін онлайн форматтағы шеберлік сыныптары қарастырылған. Бізге 18 жасқа дейінгі ұл, қыздар келеді. Барлығын өз еркімізбен, балалардың көңілдері үшін істейміз. Біздің мақсатымыз - балалардың бойында мүгедектігі болса да, олар талантты екендерін көрсету. Олардың барлығы көп армандайды, жоғары оқу орындарына түскілері келеді.
- Қызықты оқиғаларыңызбен бөліссеңіз?
- Бізде мүлде құлағы естімейтін бала оқиды, ол шаштараз маманы болғысы келеді. Өзі де сол саланың арнайы курстарына қатысты. Сол кезде шаш үлгісін, шаштың қысқа-ұзын болуын, барлығын суретке салып курстағы жетекшілерімен кескін арқылы «сөйлесіп», көрсетіп отырған. Сонда суреттері өте әдемі болды, мұғалімдері таң қалды. Сондықтан да, бұл жерде біздің беретін сурет салу сабақатырының әр салада пайдасын тигезітінен көруге болады. Біз жетім балаларды бірнеше тілдерге үйреттік. Сонымен қатар, фотоға түсіру шеберлік сыныптарын ұйымдастырдық. Көптеген балалардың қызығушылықтары артып, бізден үйренгеннен кейін өздерінің жеке шағын кәсіптерін ашты. Өздері талпынып, жетістіктерге жетіп жатыр. Бұл, әрине, тек біздің арқамызда емес, олардың өздерінің де мұғалімдері бар. Бірақ бізге келетін балалардың мотивациялары мықты болады. Біз ешкімді бөлмейміз.
- Қоғамдық қордың қандай негізгі жетістіктерін атап кете аласыз?
-Алматыдағы AlmaU университетінің үшінші қабатында біздің балаларымыздың суреттері үшін арнайы залды босатып, көрме ұйымдастырылған. Қазіргі таңда біз осындай көрмелерді Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктерінде өткіздік. Одан бөлек, тағы он екі мемлекет аталмыш көрмелерді ұйымдастыруға келісімдерін беріп, бізді күтіп отыр.
- Мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
- Мемлекет бізге қаражат жағынан ешқандай көмек көрсетпейді. Бірақ, әр министрлік өз тарапынан қадағалайтын саласы бойынша бізді қолдайды. Өткен маусымда Білім және ғылым министрлігінің балалар құқықтарын қорғау комитеті онлайн сабақтар өткізу үшін өздерінің Zoom алаңдарын тегін әрі лимитсіз уақытқа берген. Сыртқы істер министрлігі болса, халықаралық деңгейде біздің тәлімгерлеріміздің сурет жұмыстарын көрсету үшін көрмелер ұйымдастыруға септіктерін тигізуде.
Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінен қолдау бар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпараттық қолдау беріп жатыр. Олардың барлығы өздерінің шын ниеттерімен, адамгершілік тұрғыдан шет қалмай, бізбен жұмыс істеуде.
- Жалпы Қазақстандағы еріктілер, қайырымдылық туралы өз ойыңызбен бөліссеңіз
- Өткен 2020 жыл - еріктілер жылы болып жарияланды, сонда мемлекет бұған көп назар аударды. Сол бағытта енді жұмыс істей беру керек, бастлаған жобалар жалғасын табу керек - ол бір. Екіншіден, бір-бірімізге көмектесу - ата заманнан келе жатқан дүние, жаңадан ашылған ештене жоқ. Тек осыны сақтап, ұрпаққа жеткізе білуіміз керек. Әр жерден пайда іздемей, шын ниетпен мейірімді болу керек, осы ретте отбасылық құндылықтар маңызды.
Қазақстандағы демеушілер ақшаларын еріктілерге жұмсаса екен. Студент ақылы формада оқып, бірақ қайырымдылық шараларына қатысып отырса, оның оқу ақысына бір жеңілдіктер қарастырылу керек сияқты.
- Сіздің арманыңыз қандай?
- Мен Орал қаласында өнер мектебін ашуды армандаймын. Мүмкіндіктері шектеулі немесе әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардан шыққан балалар бұл мектепке келіп, тегін оқып, қосымша білімдерін жетілдіріп отырса керемет болатын еді.
«Аялаған алақан» қоғамдық қорына қаржылай көмек көрсеткіңіз келсе немесе сурет салуға қажетті (қағаз, гуашь, таспа) заттарымен қамтамасыз етуге ниетті болсаңыз келесі байланыс ақпараты сіздер үшін: 87772458672, Instagram: @radaurl