Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Марқұм кәсіпкер күйеуінің қарызын өтей алмай жүрген келіншек жанайқайын айтты

Артында қалған елордадағы ең қымбат үйлердің алғашқы бестігіне кіретін коттеджі заңды әйеліне қалды.

Марқұм кәсіпкер күйеуінің қарызын өтей алмай жүрген келіншек жанайқайын айтты
Дереккөз; Azattyq-ruhy

Елордалық Дана Асымидің жолдасы, танымал кәсіпкер Айдын Тұрғамбаев былтыр жазда коронавирус жұқтырып, қайтыс болған еді. Марқұм кәсіпкер танысынан 84 млн қарыз алып, қайтарып үлгермеген. Сот кәсіпкердің заңды некедегі әйелі мен мен екінші әйелі және олардың балаларына қарызды қайтарсын деп отырған көрінеді. Амалы таусылған ана, не істерін білмей дал болып отыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасаған Paryz.kz. 

Айта кетерлігі кәсіпкердің соңынан қалған тоғыз баланың үшеуі бірінші әйелінен, ал қалғаны екінші әйелі - Дана Асымидан екен. Алты баласы бар ана қарыз балалардың мойнына ілініп тұр деп, әділдік іздеп жүргенде, жақында жасқа толмаған кішкентайынан айырылып қалған. 

«2020 жылы 8 шілдеде менің алты баламның әкесі Айдын қайтыс болды. Мұрагерлікті бөлу ісі заңгер Жоламанова Салтанат Нығметқызының нотариусында ашылды. Маған Айдынның басындағы қарыздар туралы және оны төлемеген жағдайда болатын салдары туралы ең алғаш осы кісі ескертті. Өйткені, Салтанат Нығметқызы өзі Айдынның қарыз алу туралы нотариалды келісімшарттарын әзірлеген. Мен сот істерінен ешқандай хабарым және тәжірибем болмағандықтан, оның сөзіне күмәнданған жоқпын», - дейді Дана.

Марқұм кәсіпкер мен Дана 20 жыл бірге тұрған. Алайда олардың некесі заңды түрде қиылмаған.

"19 жасымда мен Айдынмен таныстым. Оның жасы 21-де еді. Менің ата-анаммен танысып, алда сөз байласу болатыны жөнінде хабарлаған. Алайда, аяғым ауыр екенін білгенімізде, Айдын маған өзінің бұған дейін үйленгенін, заңды некеде әйелі бар екенін айтты. Әрине, менің төбемнен жай түскендей болды...

Айдын дүниеден озған соң, өтеп үлгермеген қарызы туралы маған нотариустан кейін оның туыстары және қарыз берген адамның адвокаты хабар берді. Олар бірауыздан "Айдынның қарызы сенің де қарызың. Тек балалар ғана емес, сен де жауаптысың. Сотсыз, ешқандай жариясыз ақшаны қайтару керек" деді олар", - дейді Дана.

Нотариуста жасалған келісімшарт бойынша, марқұмның қарызы – 84 млн тг. екен. 

«Заңгер мен нотариустың кеңесінен кейін мен балалардың мұрагерліктен бас тартуы мәселенің шешімі емес екенін түсіндім. Себебі, заң балалар жағында. Мұрагерлер әкесінің қарызын мұрагерлік масса шегінде кәмелет жасына толғаннан кейін өтейді екен», - дейді көпбалалы ана.

Дана Асымидің сөзінше ол марқұм "күйеуі" қайтарып үлгермеген қарызды қалай да өтеп беретінін айтып отыр. Алайда қарсы тарап, оны күтпей істі сотқа жіберіп үлгеріпті.  

"Қарыз беруші сотқа арызданған кезде судья заң бойынша бұл істі қаралымсыз қалдыруы тиіс еді. Себебі, мен жауапкер емеспін. Бірақ сот ісі қаралды, ол аздай, медиатор Баймурзина менің жеке мүлкіме тыйым салу туралы анықтама берді. Ол қаншалықты заңды? Менің мүлкімнің мұраға не қатысы бар? Медиатор сондай-ақ, балаларға мұрагерлік бойынша алуы тиіс мүлікке меншік құқығын тіркеуге тыйым салды. Біз бұл анықтамалар жөнінде 23 күннен кейін білдік. Жоғарыда айтылғандардың бәрі заңның өрескел бұзылуы", - дейді Дана Асыми.

Көпбалалы ананың айтуынша, ол 84 млн теңге қарыз дұрыс бөлінбеген екен. Сондай-ақ ол кәмелетке толмаған балаларының құқығы қорғалмай отыр дейді.

"Судья Ордабаев бұл істі қарау барысында кәмелетке толмаған балаларымның құқығын бұзды. Оның шешімі бойынша әкесінің қарызының көп бөлігі кішкентай балалардың мойнына ілініп отыр. Сотқа қорғаншылық және қамқоршылық органының мамандары қатысқан жоқ. Балалар алдымен әкесінен қалған мүлкіне қол жеткізбей жатып, оның қарызын қалай өтейді? Оған менің мүлкімнің не қатысы бар?...", - де"ді көпбалалы ана.

Көп балалы ананың айтуынша, бұл заңсыздықтар оны моральдық тұрғыда да әбден шаршатқан екен. Ал 23 наурыз күні ол әлі жасына толмаған алтыншы баласынан айырылып қалған. Енді әйел сотта 5 баласының құқығын қорғауға мәжбүр.

«Балаларымның әкесі Бурабайдағы Green Park Burabay қонақ үйінің иесі еді. Оның алғашқы кірпіші салынғаннан бастап, әлеуметтік желілердегі жарнамаларына дейін бірге жүргіздік. Бесінші ұлымның тұсауын осы қонақ үйде кестік. Айдынның бұл бизнесінен басқа оның шоттарында қанша ақша болғанын білмеймін. Артында қалған елордадағы ең қымбат үйлердің алғашқы бестігіне кіретін коттеджі заңды әйеліне қалды. Оған мен таласып отырған жоқпын. Бар болғаны балаларымның құқығы шектелмесе болғаны. Соттың әділ шешіміне жетпесек, бәрі заң аясында шешілмесе, маған Бас прокуратураның алдына шығып, өзімді-өзім өртеу ғана қалды. ҚР Неке және отбасы, кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты, мұрагерлік туралы заңдар аясында шешілгенін қалаймын", - дейді ана.

Әділдік іздеген ана Елбасы, Бас прокуратура және Жоғарғы Сотқа ашық хат жазамын деп отыр.