Йешім Саваштың атасы Қазақстанда, әкесі Түркияда, ал өзі Францияда туған.
Францияда қала мэрінің орынбасары қызметіндегі Йешім Саваш есімді қазақ қызы алдағы уақытта Қазақстанмен байланысты нығайтқысы келетінін мәлімдеді, деп жазады elorda.info-ға сілтеме жасаған Paryz.kz.
Йешім Саваштың атасы Қазақстанда, әкесі Түркияда, ал өзі Францияда туған. Ол саясатпен ерте жастан бастап айналысқан. Ал 30 жасында өзі туған Крей қаласы мэрінің орынбасары қызметіне тағайындалған.
"2014 жылы муниципиалдық кеңеске сайланған кезде мен халықаралық қатынастармен айналыстым. Айта кету керек, Крей қаласы әлемнің 12 қаласымен тығыз байланыс орнатқан. Біз – Крейдегі жалғыз қазақ отбасымыз. Сондықтан Қазақстанмен байланысымызды нығайтсақ, жақсы болар еді. Мен осыған дейін әлемнің бірқатар қаласымен, соның ішінде Түркияның Кушадасы қаласымен де байланыс орнаттым. Қазақстанның бір қаласымен байланыс орнатсам, мен үшін абырой болар еді", – деді Есім Саваш.
Білімді қыз Қазақстанда бұған дейін болып көрмепті. Ол туған жерімді қайтсем де көрсем екен дейді. Десе де ол ұлттық тағамдардың дайындап, қазақы салт-дәстүрді ұстанады екен.
"Мені түрік деп айтса да болады. Өйткені ата-анамда Түркия азаматтығы болса, менде Франция азаматтығы. Бірақ менен ұлтымды сұраса, мен бәріне әрдайым қазақ екенімді айтамын. Маған ата-әжеммен бірге тұрмағандықтан, қазақ тілін ешкім үйретпегендіктен, ана тілімде сөйлемесем де, мен қазақпын. Қазақстан халқы менімен мақтан тұтатынын естігенде көз-жасыма ерік бердім. Тұтас елдің қолдауын сезінгенде бөлекше сезімде болдым", – деді Крей қаласы мэрінің орынбасары.
Алдағы уақытта алғыр бойжеткен қазақ диаспорасның жастарын саясатқа көптеп тартпақ.