Аталған дүкен карантин талаптарын осымен бірнеше мәрте бұзып отырғандығы белгілі болды.
Алматыда сауда орталықтарының біріндегі дүкен басшысы адамдарды ұзын-сонар кезекке тұрғызып қойған. Желіде тараған видеоның мән-жайын анықтаған құзырлы органдар дүкен басшысына 320 мың теңге көлемінде айыппұл салды, деп жазады Paryz.kz NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше мұндай видео Instagram-дағы kris.p.online парақшасында жарияланған. Видео авторлары: "Пандемия ештеңеге кедергі емес" деп жазған.
СЭС департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов бір орынға шоғырланған адамдар тобы Grand Park сауда орталығы, оның ішінде Escaparate киім дүкеніне келгендігін мәлімдеді.
Осылайша карантин талаптарын бұзғаны үшін дүкенге 319 470 теңге көлемінде айыппұл салынды. Егер карантин талаптары тағы да бұзылатын болса, іс материалдары сотқа жолданбақ.
Айта кетерлігі аталған дүкен карантин талаптарын осымен бірнеше мәрте бұзғандығы белгілі болды. Дүкен былтыр тамыз айында тағы осылай адамдарды кезек күткізіп қойған болатын.