Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Аяжан Еділованың туыстары мәйітті жер қойнына тапсыра алмай отыр (ВИДЕО)

Аяжан пәктігін саудалаған деген ақпаратты, ол оқыған колледж ұстаздары жоққа шығарды.

Аяжан Еділованың туыстары мәйітті жер қойнына тапсыра алмай отыр (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Аяусыз өлтірілген Аяжан Еділованың денесін жақындары әлі жер қойнына тапсыра алмай отыр. Мұны марқұмның туыстары айтты. Олар қоғамда тараған қауесеттер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында жасалып жатыр деп топшылайды, деп мәлімдеді Астана телеарнасы.

Аяжан пәктігін саудалаған деген ақпаратты, ол оқыған колледж ұстаздары жоққа шығарды. Олар бойжеткеннің оқуда озат, әрі тәрбиелі болғанын айтады. Сондықтан «Аяжан күдіктінің үйіне 500 мың теңге үшін барған» - дегенге сенбейді.  

"Мен мүлде келіспеймін бұл пікірмен. Өйткені ол қызды мен басқа жағынан білемін. Қазақи, қарапайым қыз болған. Өзінің сөйлесіп жүрген жолдасы болды. Осы соңғы курсы, 4 жыл бойы осы колледжде оқып шықты, бірінші курстан бастап, грантта оқыды. Үлгілі, үздік оқушылардың бірі болды", - деді ұстазы Томирис Кустова.

Дизайн және технология мамандығына түскен. Кейін киім дизайнымен әуестеніпті. Жасаған жұмыстарын әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп отырған. Колледж директоры, бойжеткеннің қосымша сән салонында да жұмыс істегенін айтты.

"Еділова Аяжанның өзінің коллекциялары болатын. Ол өте ерте бастады өзінің жұмысын. Басқа студенттер одан үлгі алатындай жан-жақты қыз болатын. Бос уақыты болмайтын бізге көмектесетін. 00/58 Артық жүрісін мен оның ешқашан байқамағанмын", - деді «Сымбат» дизайн және технология академиясы колледжінің директоры Гүлнәр Оразымбетова.

Түрік тілінің ұстазы Әйгенім Үсенова, Аяжанның арманы асқа еді деп еске алды. Ол тіл үйретіп, шетелге барып жұмыс істеуді жоспарлаған еді деп отыр.

"Жексенбі күні, 14-і күні ол менен оқыды. Сосын 17-сіне оқыды. Сол кезде айтты аптасына үш рет келсем. Мен үйренсем түрікше, жазға дейін, қалай болады деп. Ондай жеңіл жүрісті қыз деп айта алмаймын Аяжанды. Өте аңқау қыз, может алдап шақырды", - деді ұстазы Әйгерім Үсенова.

Жатақханада көрші тұрған Баян да, соңғы күндері орын алып жатқан жайттардан ес жия алмай жүр. Ол қылмысқа барды деген күдіктіге қатысты бұрын-соңды тіпті естімеген.

"Арамызда қаншама әңгіме болды. Бірақ ол ондайға баратын қыз емес. Алдап шақырған шығар. Жұмыс бабымен. Потому что ол жұмысқа қатты кірісіп кеткен", - деді құрбысы Баян Балтабай.

Ал арнамызға сұхбат беруден бас тартқан Аяжанның туыстары марқұмның денесін әлі жер қойнына тапсыра алмай отырғандарын айтты. Олар тергеу салдарынан дене бөлшектері бізге берілмей отыр дейді. Ал қоғамда тараған қауесет әңгімелер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында деп топшылады. Аты шулы іске қатысты ішкі істер министрлігі түсінік берді.

"Бұл қылмыстық істі 26-шы наурыздан бастап арнайы прокурорлар жан-жақты тергеп жатыр. Біз тергеу барысын жария ете алмаймыз. Оны таратуға немесе қандай да бір ақпарат айтуға құқығымыз жоқ. Қазір 28 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр", - деді ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу бөлімінің бастығы Ермек Шүлден.

Естеріңізге салсақ, 19 жастағы Аяжан 19-шы наурыз күні кешкісін жұмыстан шығып, қайта оралмаған еді. Оның бөлшектелген денесі араға екі күн салып, Нұркент ықшамауданындағы пәтерлердің бірінен табылды.