Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қосымша білім беру орталықтары Бекшиннің шығарған қаулысына наразылық танытып отыр

Былтыр желтоқсанда қабылданған қаулыда өңір "қызыл аймаққа" енсе де, балалар және ересектерге арналған білім орталықтары жабылмайды деп көрсетілген.

Қосымша білім беру орталықтары Бекшиннің шығарған қаулысына наразылық танытып отыр
фото: ашық дереккөз

Алматыда балаларға қосымша білім беру орталықтарының басшылары бүгін наразылық білдірді. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы оқушылардың бос уақытында білім беру, демалысын тиімді ұйымдастырумен айналысатын мекемелер де карантинге жабылды. Алматы мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысымен 19 наурыздан бастап осындай оқу орталықтары да толық жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Бүгін БАҚ өкілдеріне мұңын шаққан қосымша білім беру орталықтарының өкілдері мектептердің, оның ішінде жеке меншік мектептердің де ҚР Мемлекеттік бас санитар дәрігердің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 68 қаулысы негізінде жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Яғни коронавирустың асқынуына қарамастан орта білім беру мекемелері 15 адамға дейінгі толымдылықпен оқуын жалғастырып жатыр. Бүгін қосымша білім беру орталықтары өкілдерінен құралған бастамашыл топ санитар дәрігер мен қала басшысына үндеу жолдады.

Былтыр желтоқсанда қабылданған қаулыда өңір «қызыл аймаққа» енсе де, балалар және ересектерге арналған білім орталықтары жабылмайды деп көрсетілген. Олар алдын ала жазылумен 15 адамға дейін оқушы қабылдап, жұмыс істей алады. Ең қызығы  бұл ереже мектепке келгенде өзгеріссіз қалды да, осы салалас, қызметі ұқсайтын білім орталықтарына тыйым салынды.  

Онлайн форматтағы білім беру жүйесі, Ковидке байланысты енгізілген карантиннің кесірі баланың білім деңгейін төмендетіп қана қоймай, психологиясына да әсер етіп жатыр. Мұны баласын былтырдан бері үй жағдайында оқытып отырған ата-аналар да айтып отыр. Айта кету керек, 2020 жылғы наурыз-мамыр айы аралығындағы қатаң карантиннен соң, мұндай қосымша білім беру орталықтары жарым-жартылай ашылған болатын. 

"Алматыда қазір ересектер мен оқушыларға қосымша білім беретін 800 орталық тіркелген. Бұл жерде 15 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бұл орталықтардың карантинге байланысты жабылуы қала бюджетіне де кері әсер етеді. Олардың бір айғы табысы 1-2 млн теңге арасында. Сонда қала бір тәулікте салық түсімінен келетін 67 млн теңгеден қағылып отыр", - дейді бастамашыл топ өкілдері.