Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Павлодар облысынан жыл сайын 5 мыңға жуық адам көшіп кетеді

Қазіргі уақытта өңірде 752,4 мың адам тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Павлодар облысынан жыл сайын 5 мыңға жуық адам көшіп кетеді
Baq.kz

Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева мәлім етті.

Сараптама көрсеткендей, облысымыздың халық саны жыл сайын азаюда. Жыл сайын 5 мыңға жуық адам басқа жаққа қоныс аударады. Олардың көбі Ресейге кетеді. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 757,3 мың адам тұрса, 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 752,4 мың адам тұрады. Демографиялық теңгерімсіздікті азайту мақсатында 2016 жылы Үкімет шешімімен Павлодар облысы қандастар мен елдің еңбек күші артық өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңір болып айқындалды, - деді Меруерт Есембаева.

Спикердің айтуынша, 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Павлодар облысына өңірлік квотамен 5726 адам (1218 отбасы) қоныс аударған. Оның ішінде 2738 адам еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті жастағы 2121 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетілді. Оның ішінде 1955 адам немесе 77,5% тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Биыл 1837 адам көлемінде қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы бекітілді. Қазіргі уақытта квотаның 50 пайызға жуығы орындалып, 909 адам (201 отбасы) енгізілді.

Басқа өңірлерден бізге кез келген адам келе алмайды. Бағдарламаның өзінің талаптары бар. Мысалы, қоныс аударатын отбасылардың ішінде кемінде 1 адам еңбекке жарамды болуы тиіс. Біз жыл сайын еңбек күші көп өңірлерде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіземіз. Өңірімізде сұранысқа ие мамандарды тартамыз. Облысымызда көбінесе медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетіспейді. Биыл оңтүстіктен 16 медбике, 5 жоғары білімді дәрігер келді, - деді Меруерт Есембаева.

2017 жылдан бері қоныс аударған 5726 адамның (1218 отбасы) ішінде 2297 адам (521 отбасы) тұрғын үйді жалға алады, 2110 адам (460 отбасы) тұрғын үй сатып алды. 28 адам (4 отбасы) жұмыс беруші есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді және 17 адам (4 отбасы) коммуналдық тұрғын үйде тұрады.

Айта кетейік, 2017 жылдан бері басқа мемлекеттерден 1957 қандасымыз (864 отбасы) көшіп келген. Олардың барлығы «Қандастар» мәртебесіне ие болып, өздеріне тиесілі субсидияларын алған.