Төлқұжатын тартып алған бахрейндік отандасымызға жезөкше боласың дегенде, азаматша тәнін саудалаудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Жақында ішкі істер министрлігі мен Интерпол бірлесіп, еліміздің 39 азаматшасын елге қайтарды. Бахрейн Патшалығында тәнін саудалауға мәжбүр болғандардың бірімен Еуразия бірінші арнасының тілшісі сөйлесті.
Өзгеге құл болған бойжеткен – Шымкент тұрғыны. Түр-әлпетін көрсетпеуді сұраған бойжеткеннің айтуынша, осыдан бір жыл бұрын оны алыс туысы жоғары жалақылы жұмыс бар деп алдап, Бахрейн Патшалығына жіберген. Азаматша өзге мемлекетке қонған бойда құжатынан айырылыпты.
"Күтіп алған кезде менің құжаттарымды қолына алып алды. Сосын біз қонақ үйге барамыз. Қонақ үйге жайғастырғаннан кейін ол кісі маған "Сенің құжаттарың менің қолымда болады. Мен сені сатып алғанмын" деді. Мен не үшін сатып алғанын, не істегенін түсінбеймін. Сонымен, не деп жатсыз десем, сені сатып жіберді деді. Негізі адам сатады деген ойымда да болған жоқ",- дейді адам саудасының құрбаны.
Төлқұжатын тартып алған бахрейндік отандасымызға жезөкше боласың дегенде, азаматша тәнін саудалаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Бірақ жұдырық пен тепкінің астында қалған соң амалсыз келістім дейді. Қараңғы қапаста өзге қазақстандықтармен отырып, Бахрейнде тақыр тиын да таппаған ол алыс туысы оны 5 мың долларға сатып жібергенін де кейін біліпті.
"Менен кейін де тағы да алып барған, жөзекшелікке алып келіп, сатып, мәжбүрлегеніне куәгер болдым. Оның арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Өз-өзіне қол жұмсап, ол жақтан шыға алмай, қиналып, тамырын кескен жағдайлар болған",- дейді ол.
Елімізде 2016 мен 2020 жылдар аралығында сексуалдық құлдыққа арбап түсіретін трансұлттық қылмыстық топ жұмыс істепті. Өкінішке қарай, оның құрығына 39 қыз-келіншек түскен. Барлығы да жоғарыда атаған Парсы шығанағындағы елге табан тигізіп, жезөкше атанған. Мұны ішкі істер министрлігі мен Интерпол анықтады.