Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Татулық пен тұтастық - Қазақстандағы тұрақтылықтың кепілі

Статистика агенттігінің 2019 жылғы деректері бойынша, халықтың этникалық құрамында - 67,98 % қазақтардың, 19,32 % орыстардың, 3,21 % өзбектердің, 1,47 % украиндардың, 1,47 % ұйғырлардың, 1,1 % татарлардың бар екендігін айғақтаған.

Татулық пен тұтастық - Қазақстандағы тұрақтылықтың кепілі
Дереккөз: skc.kz

Елімізде қазіргі таңда 130-дан астам ұлттар мен 17 діни конфессия өкілдері тұрады. 2021 жылдың 1 ақпанындағы мәліметке сәйкес, бүгінде республикада 18 миллион 897 мың халық саны бар. Ал халықтың тығыздығы 1 шаршы шақырымға 6, 93 адамнан келеді. Қазақстан бұл көрсеткіш жөнінен әлемде 184-шы орында тұр. Ұлан-байтақ қазақ жерінде бірлікте, татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт өкілінің бүгінгі жай-күйі қандай? Қазақстандық ынтымақ пен бірліктің сыры неде? Осы және өзге де сауалдардың жауабын материалдың бүгінгі санынан біле аласыздар.

Өткен ғасырдың 30,40,50 жылдары Қазақстанға жаппай келген ұлттар мен ұлыстардың бүгінде біразы өз Отандарына оралғанымен, республикада қазіргі күні 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты Жолдауында «Біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз» деп атап өткен болатын.

Осыған орай елімізде өзге ұлттардың шығу тегі, нәсілі, тілі, діні мен әлеуметтік тобы, олардың қандай қоғамдық ұйым немесе партияға жататынына қарамастан, азаматтардың тең құқықты болуы – елдің тұрақтылық, халық бірлігі мен татулығы саласындағы ішкі саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды. Тіпті ел Конституциясында да «Қазақстан – зайырлы мемлекет» деп бекітілген. Бұл дегеніміз – мемлекеттегі әрбір ұлт пен ұлыстың өкілі өзінің ұстанымы мен дүниетамына қарамастан, қандай да бір дінді ұстануға тәуелсіз деген мағынаны білдіреді. Қуантарлығы этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі өзінің тиімділігін әрі өміршеңдігін тәуелсіздік жылдары дәлелдеп берді. Оның айқын көрінісі -  елде 130-дан астам ұлт пен 17 діни конфессия өкілдерінің бірлікте әрі келісімде өмір сүруі болып тұр.

Мемлекетте 2009 жылы өткізілген соңғы халық санағының нәтижесі елдегі қазақ халқының саны - 63,1 %-ды құрайтынын, одан кейін 23,7 %-бен орыстар, 2,1 %-бен украиндар , 2,8 %-бен өзбектер, 1,3 %-бен татарлар, 1,4%-бен ұйғырлар, 1,1 %-бен немістер, 0,6 %-бен кәрістер, 0,6 %-бен түріктер, 0,5%-бен әзірбайжандар , 0,4 %-бен белорустар, 0,3 %-бен дүнгендер, 0,2 %-бен күрдтер, тәжіктер, поляктар, шешендер, 0,1 %-бен қырғыздар және 1,1 %-бен өзге де ұлт өкілдері тұратынын көрсеткен. Ал, Статистика агенттігінің 2019 жылғы деректері бойынша, халықтың этникалық құрамында - 67,98 % қазақтардың, 19,32 % орыстардың, 3,21 % өзбектердің, 1,47 % украиндардың, 1,47 % ұйғырлардың, 1,1 % татарлардың бар екендігін айғақтаған.

Сонымен бірге әлеуметтанушы ғалымдардың жүргізген сауалнамасына сәйкес, Қазақстандағы ұлтаралық қатынас тұрақты екені дәлелдеген. Мәселен, ашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша 2019 жылы сауалнамаға қатысқан 89,8% қазақ пен 84,8% орыс және басқа ұлттардың 88,3%-ы елдегі этносаралық қатынастың тұрақтылығын баяндаған. Сонымен бірге олар 2019 жылға дейін ұлтаралық қатынастарда айтарлықтай өзгерістер болмағандығын, керісінше соңғы жылдары этносаралық қатынастардың нығая түскендігін мәлімдеген. Дәл осындай пікірді респонденттердің 19,7%-ы көрсеткен.  

Тарихқа көз жүгіртсек, 1930 жылдары елге депортацияға ұшыраған көптеген этнос өкілдері табан тіреген. Солардың арасында күрттер де бар еді. Қазақстанда күрттердің алғашқы орталығы 1989 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. 1993 жылдың наурыз айында аталған орталық «Якбун» (Бірлік) Күрттер Қауымдастығы Қоғамдық бірлестігі ретінде тіркеліп, қызмет атқара бастайды. Ал 1999 жылы ол «Барбанг» (Шығыс) деп атауын өзгертеді. Ал 2013 жылдың 15 қаңтарында «Барбанг» Қазақстанның Күрттер Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ретінде заңды атауға ие болып, қайта тіркеледі. Бүгінде қауымдастыққа 10-нан астам филиал енген. Сол жылдары ата-бабаларымен бірге қазақ еліне көшіп келгендердің арасында Ханум Ахмедова да бар еді. «Қазақ халқы 1937 жылы елге репрессия құрбаны болып келген талай ұлттар мен ұлыстарды бауырына басты. Біз қазақтардың бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Кең халық содан бері талай ұлыстың Отаны атанып отыр. Сол себепті Қазақстан жұртына алғыстан басқа айтарымыз жоқ»,-дейді күрт этномәдени орталығының өкілі.

1993 жылы елордада бой көтерген тағы бір мәдени орталық – еврейлердің этномәдени ошағы болып табылады. Орталық төрағасы Нахум Горбуновтың айтуынша, елде барлық этнос өкілдеріне тең мүмкіндік жасалған. «Қазақстан мәжбүрлі түрде қудаланған немесе қандай да бір тарихи оқиғалардың нәтижесінде көшіп келген барлық ұлттарға теріс қарамады, керісінше дархандығын көрсетіп, бауырына басты. Ал қазақ халқы болса сырттан келген ұлт өкілдеріне өз көмектерін аямады. Кей жағдайларда тіпті қолындағы бармен де бөлісіп отырды. Біз осы ерлігі үшін қазақ халқына тек алғысымызды айтамыз»,-дейді еврей мәдени орталығының төрағасы Нахум Горбунов.

Қазақстандағы ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғысы ретінде 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1 наурыз – «Алғыс айту» күні деп бекітілді. Елбасының бұл күнді таңдауы жайдан-жай емес. Себебі дәл осы күні тәуелсіз ел тарихында алғаш рет Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылған еді. Сол тарихи күндерден бастап бүгінге дейін Қазақстан елдегі көптеген ұлыстар мен ұлттардың Отаны атанып отыр. Бірлік, татулық пен ынтымақтың, этносаралық келісімнің айқын көрінісін көрсеткен қазақстандық үлгі алда әлі талай жылдар бойы өзге елдерге осы тұтастығымен үлгі болады деген ойдамыз. Себебі елде – бірлік бар. Ал бірлік бар жерде – татулыққа толы тірліктің болары сөзсіз.