Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

2020 жылы волонтерлер ТЖ уақытында 1 миллионға жуық азаматқа көмек қолын созған

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі берген мәліметтерге сәйкес, бұл кезеңде еліміздегі волонтерлік қызметке 500 мыңнан астам адам тартылып, 1 миллионнан астам адамға көмек көрсетілген.

2020 жылы волонтерлер ТЖ уақытында 1 миллионға жуық азаматқа көмек қолын созған
Дереккөз: Азаттық рухы

Қазақстанда дерт дендеп, былтырғы жылдың жаз айларында коронавирус алқымымыздан алып тұрған сәтте, көп балалы отбасылар, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтар қарапайым көмекке мұқтаж болып қалғаны баршамызға аян. Дәл осындай кезеңде республика волонтерлері халыққа көмек қолын созып, өздерінің ерен еңбектерімен көпті тәнті етті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда пандемия уақытында әрбір сегізінші адам волонтерлік қызмет атқарған. Бүгінгі материалдың санын елдегі ТЖ кезінде көпке көмегін аямаған волонтер-батырлар тақырыбына арнамақпыз.

         ТЖ уақытында көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлікті әкелу, оларды жинау және тарату, дәрігерлерге тамақ әзірлеп, үлестіру және т.б. көптеген игі бастамалармен волонтерлер айналысты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі берген мәліметтерге сәйкес, бұл кезеңде еліміздегі волонтерлік қызметке 500 мыңнан астам адам тартылып, 1 миллионнан астам адамға көмек көрсетілген. «Бүгінде біз волонтерлік қызмет – бүкіл әлемге таралған пандемиямен күресте ерекше орынға ие болды деп айта аламыз. Еріктілер дерттің ошақтарына барып, адамдарға азық-түлік таратты, тіпті тыныс алу аппараттарын тауып, тасыды. Біз ондай адамдарды мақтан тұтуымыз қажет»,-дейді министрлік өкілдері.

Қиын-қыстау заманда өз басын қауіп-қатерге тігіп, дәрігерлермен иық тіресе еңбек еткен волонтерлердің бірі, «Қазақстан медицина жастары» РБ вице-президенті, дәрігер-интерн Жәнібек Сұлтанай болды. Ол былтыр елдегі төтенше жағдай уақытында 30 мыңға жуық отбасыға көмектескен. Анасы 37 жасында дүниеге әкелген ол, бүгінде тұтас әулетінің мақтаныш атанып отыр. Жәнібек бала күнінен мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Оның дәрігер мамандығын таңдауы бекер емес. Кішкентайынан анасымен ауруханаға жиі келетін ол, өскенде қалай да дәрігер боламын деген мақсат қояды. Сөйтіп мектепте биология пәніне ден қояды. «Волонтерлік деген адамның жүрек қалауымен, жан дүниеңмен болатын іс. Біз адамдардың көзінен күлкі көріп, оларға қуаныш сыйлағанда шынайы бақытты боламыз»,-дейді жас маман.

Десе де қоғамда күні бүгінге дейін волонтерлерді «барып кел, шауып келге» жұмсайтын, я болмаса ауқымды шараларға тек көрермен санын көбейту үшін апарылатын жастар тобы деген жаңсақ пікір қалыптасқан. «Бұл қате түсінік, біз ондай көзқараспен мүлде келіспейміз. Мұндай бастамаларды волонтерлік қызмет деп айтуға болмайды. Сол себепті көпшілікке нағыз волонтердің қандай болатынын нақты атқарылған істермен көрсетуіміз керек»,-дейді еліміздегі волонтерлік желі өкілдері.

ТЖ уақытында республиканың 36 қаласындағы 80-нен астам волонтерлік ұйымдарда 140 мыңнан астам волонтерлер еңбек етті. Еріктілер сонымен бірге елде коронавирус өршіп тұрған уақытта бырлығы 4,4 млн маска мен 62,9 мың азық-түлік таратқан. «Біз карантин уақытында мектеп оқушыларына тіл үйретіп, түрлі пәндер бойынша онлайн форматта сабақ та бердік. Арамызда оларға репетитор болған волонтерлер де бар. Әсіресе мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мұндай форматтағы оқу пайдалы деп ойлаймыз»,-дейді волонтерлер.

Волонтерлер қиын-қыстау кезеңде вирус ошақтарына да барған. Оларға  тіпті кей жағдайларда мәйітханаларды аралауға тура келді дейді еліміздегі волонтерлік желі жетекшілері. «Волонтерлер Қоғамдық бақылау комиссиясының да құрамы енді. Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен қолға алынды. Біз вирус ошақтары мен инфекциялық орталықтарға, мәйітханалар мен дағдарыс орталықтарына бардық. Ол жақта науқастармен кездесіп, оларға қандай көмек керектігін біліп, ненің жетпей жатқандығын білдік. Волонтерлік қызметке тек жастар немесе студенттер ғана келеді деген қате түсінік. Олардың арасында орта жастағы, тіпті егде жастағы адамдар да кездесіп жатады. Қазақстандағы волонтерлердің орташа жасы бүгінде 35-40 жасты құрайды. Ересек волонтерлердің мамандықтары әр түрлі. Мысалы заңгерлер, кәсіпкерлер, дәрігерлер мен спортшылар және т.б. Жоғарыда айтқанымыздай, волонтерлікке адамдар өздерінің жан қалауымен келеді. Оларды бұл қызметке ешкім мәжбүрлемейді»,-дейді волонтерлер.

Еріктілер қатарында 13 жылдан бері жүрген Данара Саранова бүгінгі күні «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігіне басшылық етіп отыр. Ол ұйымдағы волонтерлермен бірге әлемнің көптеген мемлекеттерін аралаған. Былтыр Түркістан облысы Мақтарал ауданын су басқанда, Данара Саранова ондағы адамдарға психологиялық тұрғыда көмек көрсеткен. Сонымен бірге ол БҰҰ-ның волонтері қатарына енген. Айта кетерлігі биылғы жылы Қазақстаннан БҰҰ-на 7 волонтер жұмысқа аттанбақ.

Әлемде халқының жартысынан көбі волонтерлікпен айналысатын елдер де бар екен. Олардың қатарында Норвегия – 57%, Люксембург - 55% және Камерун - 53% көш бастап тұр. Жалпы дүниежүзі бойынша 7 млрд-тан астам адам болса, солардың тек 150 млн-ы ғана волонтерлікпен айналысатын көрінеді. Ендеше Қазақстан да аталған елдерден қалыс қалмай, алдағы жылдары волонтерлер саны бойынша әлемде көш бастайтын мемлекеттер қатарына енеді деген сенімдеміз.