Прямая трансляция

Астана

Астана

12°C

2020 жылы Қазақстанда волонтерлер саны 3 есеге артқан

Сондай-ақ, өткен жылы «Birgemiz» волонтерлерінің республикалық фронт-офисі құрылып, ол өңірлердегі 17 аймақтық кеңсенің басын біріктірген.

2020 жылы Қазақстанда волонтерлер саны 3 есеге артқан
Дереккөз: mk-kz.kz

2020 жыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Волонтерлер жылы деп бекітілген еді. Содан бері бар-жоғы бір жыл ғана өтсе де, Қазақстандағы волонтерлер саны бірден 3 есеге өскен. Оған дәлел 2017 жылы елдегі волонтерлік ұйымдардың саны небары 100-ді құраса, былтырғы жылы олардың саны 600-ден асқан. Бүгінде оларда 180 мыңнан астам волонтер елге қызмет етіп жүр. Еліміздегі волонтерлік қызметке қатысты өзге де тың ақпаратты төмендегі материалдан біле аласыздар.

Волонтерлер жылы өтті: Нәтиже қандай?

         Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, былтырғы жылдың волонтерлер жылы болып жариялануы – елдегі волонтерлер санының артуына тікелей әсер еткен. Қуаныштысы қазіргі таңда республика бойынша волонтерлік ұйымдардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге өсіп, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесетін еріктілердің саны артқан. «Біз бар-жоғы бір жылдың ішінде волонтерлік қызметпен айналысатын ұйымдар мен азаматтардың санының артқандығының, олардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан орасан зор игі бастамалардың куәсі болып отырмыз. Сол себепті волонтерлік қызмет алдағы уақытта бұдан ары жандана түседі деген сенімдеміз»,-дейді ведомство өкілдері.

         Сондай-ақ, өткен жылы «Birgemiz» волонтерлерінің республикалық фронт-офисі құрылып, ол өңірлердегі 17 аймақтық кеңсенің басын біріктірген. «Волонтерлік саласындағы тағы бір жаңалық - QazVolunteer.kz бірыңғай платформасының іске қосылуы болды. Бүгінде ол осы салада түрлі жобаларды жүзеге асыратын 47 мың еріктісі бар, 3 мыңнан астам ұйымды біріктіріп отыр».

         Қазақстандағы волонтерлік қызметтің маңыздылығын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте атап өткен еді. Президент еріктілер қызметінің дамуында жастардың үлесі зор болатынына сенімді екенін жеткізді. «Волонтерлер жылы біз үшін ерекше жыл болды, ол біздің жас буынның қаншалықты қайырымды екенін көрсетті. Бұл кезең баршамыз үшін жақыныңа жәрдем беретін, жауапкершілік пен қолдаудың жылы болды. Мемлекет былтырғы жылы волонтерлермен бірлесіп көптеген қиындықтарға төтеп бере алды. Мұнымен біздің қоғам өзінің бірлігін мен тұтастығын тағы бір мәрте дәлелдеді»,-деді жылды қорытындылаған президент.  

         Сондай-ақ мемлекет басшысы волонтерлікке азаматтар тек бір күнде келе салмайтынын алға тартты. «Волонтерлік – ол жай ғана әлеуметтік құбылыс емес, немесе ол бір-ақ күнде қалыптаса салатын әдет немесе дағды да емес. Ол – өмір сүру салты, оған адамдар жүрек қалауымен келеді. Жалпы қайырымдылық деген адамға бала күнінен бойына сіңірілетін қасиет. Сондықтан өскелең ұрпақты мейірімділікке баулу біздің міндетіміз», - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

         Естеріңізде болса, елімізде волонтерлер жылы «Білім», «Қамқор», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра» және «Үміт» сияқты 7 негізгі бағыт бойынша өткен еді. Республика бойынша мыңдаған іс-шара өткізіліп, оған 2 миллионнан астам волонтер қатысқан-ды.

Волонтерлер жылының жалғасы - қайырымды істер марафоны

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр волонтерлер жылын жабу барысында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафонын» ұйымдастыру туралы ұсыныс айтып еді. Осыған орай, Ақпарат және даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ басқарма басшысы Лима Диаспен біріге отырып, аталған жобаны қолға алды. Басқарма басшысының айтуынша, «Қайырымды істер марафоны» Қазақстандағы волонтерлер жылының жалғасы болмақ. «Қайырымды істер марафоны – ұйымдар мен қарапайым халықты біріктіретін жалпыұлттық қозғалыс. Марафонның басты мақсаты – адамдарды бір-біріне жақсылық жасауға үндеу, оларды қайырымдылыққа шақыру»,-дейді Лима Диас.

         Оның айтуынша акция басталған күннің алғашқы айында 60-тан аса үкіметтік емес ұйым, шағын және орта бизнес, ұлттық холдинг және т.б. өкілдері оған қолдау білдіріпті. Сонымен қатар игі шара басталғаннан бері, 47 мыңнан астам волонтер акция қатысушыларына бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп отыр екен. Әзірге республика бойынша акцияға ең белсенді қатысып отырған облыстардың арасында Шығыс Қазақстан облысы тұр. 2020 жылы  мұнда марафон аясында 345 іс-шара өткен. Ал жалпы республика бойынша іс-шара негізінде түрлі форматтағы 1,5 мыңнан аса жоба іске қосылған.

         Бұған қоса бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021-2023 жылдарға арналған Волонтерлік қызметті дамытудың жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр. Бүгінде ҚР Үкіметінің қаулысымен жобаны қабылдау қарастырылып отыр. Ол бойынша былтырғы жылдың нәтижелі жобаларын жалғастыру, сондай-ақ, волонтерліктің жаңа бағыттарын дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. 

         Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75 жылдық отырысында алғаш рет Волонтерлерге қолдау көрсету қажеттігін, сол себепті 2020 жылды – Халықаралық волонтерлерді қолдау жылы болатынын жариялаған еді.