Прямая трансляция

Астана

Астана

3°C

2021 жылы президенттік кадрлық резервке іріктеу қалай өтеді?

Биылғы жылдан бастап Президенттік кадрлық резервке өту талаптары өзгерді. Сонымен бірге үміткерлерге қойылатын талаптар да өзгерді. Енді іріктеуге жасы 40-тан аспайтын, жалпы еңбек өтілі 10 жылдан асатын, басшылық қызметте 2 жылдан астам еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді жетік білетін үміткерлер ғана қатыса алады.

2021 жылы президенттік кадрлық резервке іріктеу қалай өтеді?
Дереккөз: Хабар 24

Елімізде 2019 жыл Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Елбасының жарлығымен Жастар жылы деп жарияланды. Осыған орай республикада талантты жастарды қолдау мақсатында бірқатар бастамалар қолға алынғаны белгілі. Солардың бірі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген – Жастардың кадрлық резервін құру мәселесі тұрды. Осылайша 2019 жылы ел тарихында алғаш рет 300 үздік жас азамат Президенттік кадрлық резервке еніп, өз білімдері мен тәжірибелерін ел болашағы үшін жұмсайтын болды. Бір қызығы алғашқы іріктеуге еліміздің 13 мыңнан астам азаматы қатысып, өз бағын сынап көрген. Десе де ақтық сынға барлығы 330 үміткер жетіп, олардың арасынан үздік 300 азамат топ жарып шықты. «Президенттік кадрлық резервке кірген әрбір азамат алдағы уақытта мемлекеттік басқару ісіне белсене араласатын болады. Жобаның басты стратегиялық мақсаты да сол – мемлекеттік басқару саласында тиімді басқарушылардың жаңа толқынын жасақтап, ел жастарына тиімді әлеуметтік баспалдақтық жүйесін қалыптастыру болып табылады»,-дейді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

         Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, алғашқы іріктеуде үміткерлердің басым көпшілігі негізгі үш қаладан болған. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласынан - 1 379, Алматыдан – 493 және Шымкенттен – 380 адам жобаға қатысуға өтінім білдірген. Нәтижесінде кадрлық резервке елордадан 199 және Алматыдан 43 үміткер енген. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанованың айтуынша, кадрлық резервке ел астанасынан үміткерлердің көптеп енуі – заңды құбылыс. Оның айтуынша, әлемнің барлық елдері сияқты, біздің мемелекетте де республика астанасы қашан да таланттар мен білімділердің ордасы әрі интеллектуалды орта болып қала бермек. «Пре­зиденттік жастар кадр резерві» жобасы ең алдымен бәсекеге қа­білетті және жасампаз жас­тарды қолдау­ға бағытталды. Жоба­ның мәні – қажет болған жағ­дай­да жауап­ты лауазымдарға таға­йын­далып, еліміздің дамуы жолында тиім­ді жұмыс істей алатын әр­түрлі саладағы 300 жоғары дәре­же­лі мамандардың құрамын жа­сақ­тау. Резервті қалыптастыру мем­лекеттік басқару саласында адам капиталын елдің пайдасына жұмылдыру үшін жасалған жұмыс болды», - дейді ол.

         Қазіргі таңда Президенттік кадрлық резервтегі 300 азаматтың 166-сы қызметке тағайындалған. Олардың 12-сі саяси қызметке, біреуі – «А» корпусындағы, 92-сі «Б» корпусындағы және 52-сі квазимемлекеттік және басқа да мемлекеттік мекемелерде қызметке орналастырылған. Сондай-ақ 3 қызметкер құқық қорғау органдары қызметіне қабылданған.
         Биылғы жылдан бастап Президенттік кадрлық резервке өту талаптары өзгерді. Сонымен бірге үміткерлерге қойылатын талаптар да өзгерді. Енді іріктеуге жасы 40-тан аспайтын, жалпы еңбек өтілі 10 жылдан асатын, басшылық қызметте 2 жылдан астам еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді жетік білетін үміткерлер ғана қатыса алады. Сонымен бірге кадрлық резервке биыл бар-жоғы 50 жас маман енеді деп күтіліп отыр. Тағы бір ескеретін жайт, бұл жолы «А» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлер, министрлер мен комитет төрағалары, сондай-ақ, 2019 жылы резервке енген азаматтар іріктеуге қатыса алмайды. «Бұған дейін іріктеуге квазимемлекеттік қызметтің де қызметкерлері қатысқан еді, бұл жолы тек мемлекеттік қызметкерлер қатысатын болады. Біздің басты мақсат – резервке жеке емес, қоғамдық принциптерді алға қоятын қызметкерлерді жинау. Сонымен бірге көшбасшылық қасиеттері бар қызметкерлерге де басымдық берілетін болады. Себебі олар өздерінің бастамашылдығы әрі ұйымдастырушылық қабылеттерімен тиімді реформаларды енгізіп, жүзеге асыра алатын болады.  Яғни кадрлық резервке енген азамат өз саласын жетік білетін, жан-жақты болуы тиіс. Ол басшылықтың да, халықтың да көңілінен шыға білуі керек»,-дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

         Сонымен бірге 2021 жылы іріктеу атауы да өзгеруі мүмкін. Агенттік басшысының айтуынша одан «жастар» сөзі алынып тасталып, «президенттік кадрлық резерв» деп қана қалуы ықтимал. «Бұл жаңашылдық - БҰҰ стандарттары бойынша жас азамат ретінде 44 жастағы адам да есептелуі мүмкін, сол тұрғысынан ғана енгізілуі мүмкін. Алайда ол аса маңызды критерий емес деген ойдамын. Сол сияқты ауқаттының баласы немесе танысы барлар ғана іріктеуден өтеді деген ойдан аулақ болуымыз қажет. Резервке ауылдан шыққан, кез келген қарапайым отбасының балалары да ене алады»,-дейді агенттік төрайымы.

         Резервке өтінім қабылдау биылғы жылдың көктемінің соңынан бастап өтеді. Одан кейінгі іріктеу, яғни тест тапсыру кезеңі маусым-шілде айларында өтеді деп күтіліп отыр. Ал кейстік тапсырма, яғни эссе немесе презентация әзірлеу – тамыз айында өтпек. Құзыреттілік пен тілді білу деңгейін бағалау – қыркүйек-қазақ айларында өтеді деп жоспарлануда. Ал сарапшылар комиссиясындағы сұхбат – қараша айында өтеді. Ал Президент жанындағы кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында өтеді деп жоспарланып отыр.