Павлодар облысында мектеп оқушысы құдыққа құлап кетті (ВИДЕО)

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоға пікір қалдырған ақсулықтар мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін шара қолдануды сұрайды. 

Павлодар облысында мектеп оқушысы құдыққа құлап кетті (ВИДЕО)
Фото: дереккөз

Павлодар облысы Ақсу қаласының жетінші сынып оқушысы бес метрлік құдыққа құлап кетті.

Қыздың әкесі кешке қызымен бірге дүкенге барғанын айтты. Олар Ленин көшесіндегі жаяужол тайғақ болғандықтан қар жатқан жермен жүреді. Алайда қыз қар астындағы ашық құдықты көрмей ішіне түсіп кетеді.  

Sputnik Қазақстан тілшісіне Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева 2008 жылы туған қыздың қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жүгінгенін хабарлады. Мидың шайқалуы, желке, бел және сол жақ иық бұлшықетінің жарақаттануы диагнозы қойылған. Қазір науқасты емхананың травматология бөлімі бақылауға алды.   

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоға пікір қалдырған ақсулықтар мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін шара қолдануды сұрайды.