Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Елордалық жалғызбасты әйелдер "Нұр Отанның" ғимаратына басып кірді

Ал өтініш жазудан бас тартқан аналар дорбаға салып алып келген көрпелерін төсеп, "Нұр Отанның" ішіне жайғасты. Ересектердің бір сағаттық айқайынан әбден шошып қалған балалар көздері бақырайып қала берді...

Елордалық жалғызбасты әйелдер "Нұр Отанның" ғимаратына басып кірді
фото: видеодан скриншот

Нұр-Сұлтанда жалғызбасты аналар "Нұр Отаннан" көмек көрсетуді талап етіп келді. Бүлдіршіндерін жетектеп, партия филиалына басып кірген олар "мәселеміз шешілмей, ғимаратты босатпаймыз" деп отыр. Аналардың біреуі бас партиядан үй сұраса, екіншісі денсаулығын дұрыстап алғанша несиесін жауып беруге жәрдемдескенін қалайды. Олардың осы өтініштерімен әкімдік пен "Нұр Отанды" жағалап жүргендеріне бір жыл болыпты, деп хабарлады paryz.kz, 31 арнаға сілтеме жасап.

Амалы әбден таусылған Мақпал көшеге шығып, қайыр сұраудан басқа жол қалмағанын айтады. Бірнеше дерті бар оның екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанына біраз жыл болыпты. Денсаулығында кінәрат болған соң жұмыстан шығуына тура келген. Медициналық сақтандыруы болмағандықтан, оны жергілікті емхана қабылдамай қойған. Тек "Нұр Отанға" келіп, айқай-шу шығарған соң ғана дәрігерлер көмектесе бастаған.

"Барып жүріп, енді ғана көмек алып жатырмын медицина жағынан. Басымда ипотека бар, төрт кредит бар. Маған тым болмағанда несиемді кейінге қалдырып болсын, алып беріп, бай адамдар көп қой, бір жағдайымызды жасап бере алмай ма, аяққа тұрғанша?" - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

Қиындық жанын қысқан соң бүлдіршіндерімен "Нұр Отанды" жағалап Гүзел де келген. Жалғызбасты ана 3 бала тәрбиелеп отыр. Пәтер жалдап тұратын ол 3 ай бойы баспана ақысын төлемеген. Айтуынша, қайта-қайта күшейтілетін карантиннің кесірінен тұрақты жұмыс таппай жүр.

"Бүкілі уәдені береді, орындамайды, ешқайсысы орындамайды. Қонуға келдім осы жерге, қонамын, жатамын осы жерде", - деді ол.

Шенеуніктерден көмек сұрап, шырылдап келген аналардың жанайқайын тыңдауға үш бірдей басшы шықты. Ашынған аналар "мәселемізді айтып өтініш жазбаймыз, тек талабымыз орындалғанша ғимаратта жатамыз" деп кесіп айтты. Ал олардың базынасын тыңдауға шыққан нұротандықтар қыруар көмек беріліп жатыр деп, оның әлі де жалғасатынын мәлімдеді.

"Біраз мәселе шешіліп жатыр. Ал кейбірі біраз уақытты талап етеді. Мысалға үйге қатысты мәселе. Партияның сайлауалды бағдарламасында биыл 10 мыңға жуық қолжетімді баспана беру жоспарланып отыр. Түрлі кешенді бағдарламалар әзірленіп жатыр. Сондықтан күту керек. Эмоциямен ештеңе шеше алмаймыз", - деді Нұр-Сұлтан қаласындағы "NurOtan" партиясы филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.

Жалғызбасты аналармен ымыраға келе алмаған шенеуніктер ақыры кабинеттеріне тарқасты. Ал өтініш жазудан бас тартқан аналар дорбаға салып алып келген көрпелерін төсеп, "Нұр Отанның" ішіне жайғасты. Ересектердің бір сағаттық айқайынан әбден шошып қалған балалар көздері бақырайып қала берді. Жалғызбасты аналар "Нұр Отанның" ғимаратында 16.00-ге дейін отырған екен. Кейін әкімдік қызметкерлері келіп, оларды өздерімен бірге ертіп алып кетті. Аналарды үйлеріне жеткізген шенеуніктер 2-3 күнде талаптарын орындауға сөз берді.