Жастар жылынан бүгінге дейін: Нәтиже, болашақ, жоспар

Үкіметтің есебінше, жас мамандардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру 3 жылда 3 миллиард теңгеге ұлғайғалы отыр. Ал «Әлеуметтік студенттік кредит» жүйесі аясында жоғары оқу орындарында волонтерлікпен айналысатын студенттердің шәкіртақысын 30%-ға арттыру көзделіп отыр.

Жастар жылынан бүгінге дейін: Нәтиже, болашақ, жоспар
Дерккөз: kaznpu.kz

Қазақстанда 2019 жыл еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Жастар жылы» ретінде аталып өтті. Осыған орай республика бойынша барлығы 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оларға 1 миллионнан астам жастар қатысқан. Сонымен бірге арнайы шаралармен 800 мыңнан астам жас азамат қамтылған. Бүгінгі материалымызда сіздерді елімізде жастарды қолдау үшін, қандай игі бастамалар қолға алынып жатқандығымен таныстыратын боламыз.

Заң бар: нәтиже қандай?

         Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап жастар саясаты саласына көп көңіл бөліп келеді. Оның дәлелі – қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен заңдар. Елімізде 2015 жылы жастар саясатын реттейтін  «Жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Ал бір жылдан соң «Волонтерлік қызмет» туралы заң өз күшіне енді. Заңдардың әрқайсысы аты айтып тұрғандай, ел жастарының құқықтары мен мүддесін қорғау, оларға көмек көрсету, волонтерлік қызметті реттеу мақсатын көздейді. Қуантарлығы аталған заңдар өскелең ұрпақты ынталандырып, олардың волонтерлікке қызметке деген қызуғышылығын арттырды. Мәселен былтырғы жылы карантин уақытында түрлі волонтерлік ұйымдар көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп, еріктілер қашан да ел игілігі үшін еңбек ететінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Елімізде жастарға қолдау көрсететін қандай мемлекеттік бағдарламалар бар?

         Республика бойынша жас азаматтарды қолдауға арналған бірқатар бағдарламалар бар. Осы орайда солардың бірлі-екілісіне тоқтамақпыз. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарға ауылға барып, жұмыс істетуді көздейді. Сол сияқты «Жасыл ел», «Серпін», «Жас кәсіп­кер» және т.б. мемлекеттік бағдарламалар жетіп артылады. Осылайша «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес, жәрдемақы мөлшері 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті. Сондай-ақ 2019 жылы «Жасыл ел» жобасына 20 мыңнан астам жас азамат қатысқан. Сонымен бірге жастардың қызығушылығы кәсіп ашу ісіне артып отыр. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы негізінде 5 мың азамат мемлекеттік грант ұтып алып, кәсіпкер атануда. Ал 10 мың жас кәсіпкер өндіріс көлемін шағын несиелер тарапынан кеңейтті.

         Мемлекет назарынан еліміздің жас ғалымдары да тыс қалмады. Үкіметтің есебінше, жас мамандардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру 3 жылда 3 миллиард теңгеге ұлғайғалы отыр. Ал «Әлеуметтік студенттік кредит» жүйесі аясында жоғары оқу орындарында волонтерлікпен айналысатын студенттердің шәкіртақысын 30%-ға арттыру көзделіп отыр.

         Сол сияқты ел үкіметі «2025 жылға дейінгі Жастар Отанға» мемлекеттік бағдарламасын қабылдамақ. Осы бағдарлама арқылы жастарды саясатқа тарту, білім сапасын арттыру, оларды жұмыспен қамту және т.б. мәселелер өз шешімін табады деп болжанып отыр. Өкініштісі соңғы жылдары шетелде білім алғысы келетін студенттер саны артып барады. Мәселен 2011 жылы елден небары 43 мың студент шетелге білім алуға кетсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 90 мыңға жеткен. Білім және ғылым министрлігі ұсынған дерекке сәйкес, түлектердің жыл сайын 20%-дан астамы шетел асып кететін көрінеді. Олар Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы сияқты елдерде білімдерін жалғастыруды жөн көреді. Міне осы олқылықтардың орнын аталмыш бағдарлама толтырады деп жоспарланып отыр.

         Бұған қоса «Жас маман», «Еңбек» жобалары да іске қосылды. Олардың аясында бүгінгі заман талабына жаңа мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру арқылы мамандар тапшылығы мәселесін шешу, ауыл мен қала білімі арасындағы «айырмашылықты» жою және т.б. маңызды мақсатқа қол жеткізу мәселесі тұр.

Баспана – басты назарда

         Қазақстан жастары арасындағы ең өзекті мәселе – баспанаға қол жеткізу мәселесі болып қала бермек. Десе де соңғы жылдары бұл проблеманың да күрмеуі шешілуі тиіс. Оған дәлел Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында қызмет ететін жастарға жалдамалы пәтер берілуі болып отыр. Осылайша, былтырғы жылы 3 мың отбасы дәл осындай пәтер иесі атанды. 5 жылға берілетін жалдамалы баспанада тұратын жас жанұялар осы уақыт аралығында пәтер мәселесін шешулері қажет. Алдағы уақытта осындай 9 мың пәтер беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда жас отбасылар «7-20-25», «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Алматы жастары» және т.б. мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізе алады.

         Соңғы мәліметтерге сәйкес, мемлекетте жалпы 29 жасқа дейінгі жастар – 3,9 миллион екенін ескерсек, сол сияқты әлем елдерінің тәжірибесі сүйеніп, жас азаматтардың жасын – 35 жасқа дейін өзгеретінін болжасақ, баспана мәселесі жақын арада өз шешімін табады деген ойдамыз.