Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Отандық БАҚ алдағы жылдары қай бағытта дамиды?

TNS агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда ТЖ уақытында отандық телеарналарды көру деңгейі 22%-ға өскен.

Отандық БАҚ алдағы жылдары қай бағытта дамиды?
Дереккөз: moviestart.ru

БАҚ-ын әдетте төртінші билік иесі деп айтатыны ақиқат. Бүгінде елімізде 3600-дан астам БАҚ барын ескерсек, олар осы атаққа қаншалықты лайық болып жүр деген заңды сауал туындайды. Отандық журналистикада соңғы жылдары қандай өзгерістер бар? БАҚ-ы жаһандану үрдісіне төтеп бере ала ма? Міне, бүгінге материалда осы тақырыптарды талқылайтын боламыз.

Телевизия әлде интернет: Қай сала озып тұр?

4 мыңға жуық БАҚ арасында, бүгінде, әлі күнге дейін Қазақстанда интернет-ресурстар озық тұр ма, әлде ел азаматтары бұрынғысынша телеарналарды жиі көре ме деген пікір-талас туындайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда республикада танымал ақпарат құралы ретінде – телевизия тұрса, екінші орында – интернет порталдар, ал үшінші орында дәстүрлі басылымдар тұр. Әсіресе былтырғы жылы, коронавирус күшейіп, әлем жұртшылығы карантин талаптарына сай үйде отыруына байланысты телеарналардың аудиториясы ұлғая түскен. Мәселен көршілес Ресей мемлекетінде 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы телевизия аудиториясының көлемі бірден 25%-ға артқан. Дәл осындай тенденция отандық телеарналарда да байқалды. TNS агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда ТЖ уақытында отандық телеарналарды көру деңгейі 22%-ға өскен. Сондай-ақ, көрермендер алғашында ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды көп көрсе, кейін ойын-сауық форматындағы контентке сұраныстың артқаны белгілі болған. «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының басқарма басшысы Ляззат Танысбайдың айтуынша мұндай жағдайдың орын алуы қалыпты. Себебі көрермен кейіннен коронавирусқа қатысты ақпаратты оқудан жалыққан. «Бұл да көрермен талғамы деп түсінуіміз керек. Біз талғампаз көрерменнің телеарналарға деген қызығушылық танытқан сәтін пайдаланып және Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, AbaiTV арнасын іске қосуды жөн көрдік. Ал жалпы алғанда былтыр «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының аудиториясы 53%, ал Balapan телеарнасының көрермендер саны 37%-ға артты»,-дейді басқарма басшысы.

Десе де мамандар алдағы жылдары интернет-ресурстар алға шығады деп жоспарлап отыр. Себебі елімізде жүргізіліп отырған цифрландыру саясатына сәйкес, осы жылы 880-ге жуық елдімекенге интернет тарлымақ. Ал бұл өз кезегінде ауыл-аймақтарда ғаламтор арқылы ақпарат алушылардың санын арттыратынына себепкер болатыны сөзсіз.

Ақпарат көп, қайсына сенеміз?

Қазіргі таңда жаһанда жалған ақпараттың таралуы кеңінен белең алып отыр. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмады. «Fake news» деп аталатын ұғыммен бүгінде көпшілік етене таныс. Жалған ақпаратпен күресуді әдеттегідей бәрінен бірінші болып АҚШ бастады. «Fact-cheching» деген ұғым ағылшыннан аударғанда «деректерді тексеру» деген мағынаны білдіреді. АҚШ дәл осылай осыдан 20 жыл бұрын пайдаланылған деректің өзін тексеруді қолға алды. Мамандардың айтуынша, жалған ақпарат тарату бүгінде әлем журналистикасына ортақ проблема болып қала бермек. Өкініштісі шындыққа жанаспайтын ақпарат былтырғы пандемия уақытында да көптеген халықты шынайы ақпараттан адастырды. Қазақстан халқы әлеуметтік желілерде тараған көптеген ақпаратқа сеніп, дәрілік препараттарды көптеп сатып алу, өз бетінше емделу және т.б. қателіктерге жол беріп жатты. Сарапшылар бұл үрдісті «инфодемия» деп атап, халықты одан ада болуға шақырды. Ғалымдардың бұл пікірімен мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай да келісетінін мәлімдеді. Ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен БАҚ-ындағы келелі мәселелерді талқылауға арналған алқалы отырыста осы ойын ортаға салды. «Әлеуметтік желі, интернет басылымдар және т.т. көптеген жалған ақпарат, қауесет әңгімелер толып жүр, міне осының алдын ала білуіміз керек. Халыққа тек шынайы ақпарат жетуі тиіс»,-деді халық қалаулысы.   

Отандық БАҚ-ын алдағы уақытта не күтіп тұр?

Қазақстан үкіметі БАҚ саласын 2020-2022 жылдарға ар­нал­ған «Ақпарат саласын дамы­тудың ұлт­тық жоспарына» сәйкес одан ары дамытуды көздеп отыр. Құжат бойынша саланы дамытудың үш негізгі бағыты бекітілген. Олар: БАҚ бәсекеге қабілеттілігін артты­ру, кадрлар­ды даярлау және ақпа­рат саласын­дағы заңнама мен құқық­тық мәселелерді пысықтау. Оның негізінде БАҚ-на мемлекеттік қолдау әдістерін қайта қарау қарастырылып отыр.

БАҚ-тағы контентке келер болсақ аналитикалық, шығармашылық және мультимедиалық материалдардың санын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге жекелеген БАҚ біріктіріп, медиахолдингтер құру арқылы өңірлердегі БАҚ-ын дамыту, олардың техникалық жабдықталуын жаңғырту көзделуде. Сондай-ақ алдағы жылдары Қазмедиаорталығын жаңарту жұмыстары жоспарлануда.