Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

2021 жылы елімізде әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы қалай өзгерді?

Жалпы республика бойынша 2,2 миллион қариялардың зейнетақысы артты.

2021 жылы елімізде әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы қалай өзгерді?
Дереккөз: zakon.kz

Елімізде әлеуметтік осал топтар арнайы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алуға құқылы. Жыл басынан бастап республикада ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгеге, ал  айлық есептік көрсеткіш (АЕК)  - 2917 теңгеге артуына байланысты мұндай төлемдердің мөлшері де өзгергені рас. Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді кімдер ала алады? Былтырғы жылы мемлекет тарапынан жәрдемақыға мұқтаж жандарға қанша көлемде қаражат аударылды? Материалдың бүгінгі саны осы тақырып төңірегінде болмақ.

Зейнетақы 7%-ға, жәрдемақы 5%-ға өсті

2021 жыл қазақстандық зейнеткерлер үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Биылғы жылдан бастап олардың зейнетақылары 7%-ға артып, ең төменгі зейнетақы мөлшері - 43 272 теңгені құрады. Ал мемлекеттік базалық (ең төменгі) зейнетақы көлемі – 18 524-ке жетті. Нәтижесінде еліміздегі зейнетақының ең аз мөлшері - 61 796 теңгеге дейін өсті. Жалпы республика бойынша 2,2 миллион қариялардың зейнетақысы артты.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы қалай өзгерді?

Қазақстанда мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақы көлемі 35 675 пен 65 860 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл орайда 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар 48 023 теңге көлеміндегі жәрдемақы алса, 16-18 жас аралығындағы мүгедек балалар мүгедектік тобына байланысты 41 162 теңгеден бастап 65 860 теңгеге дейінгі жәрдемақыға қол жеткізе алады. Былтырғы жылы жалпы мүгедек баласы бар 89,5 мыңнан астам отбасы 49,6 миллиард теңге көлеміндегі ай сайынғы жәрдемақыны алды.

Асыраушысынан айырылып қалған отбасыларға да (ата-әжелер, 8 жасқа дейінгі баласы бар ерлі-зайыпиылардың бірі, кәмелет жасына толмаған балалар, 23 жасқа дейінгі студенттер) мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады. 2021 жылы мұндай жәрдемақы көлемі 29 500 теңгеден бастап 72 378 теңгеге дейінгі аралықты қамтыды.

Көп балалы аналар қандай жәрдемақы ала алады?

Елімізде отбасында 4-тен астам баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Мысалы, 4 баласы бар отбасылар - 46 759 теңге алса, 5 баласы бар жанұялар - 58 457 теңге, 6 баласы барлар - 70 154 теңге және 7 баласы барлар - 81 851 теңге көлеміндегі жәрдемақы алады. 2020 жылы 236,2 миллиард теңге көлеміндегі мұндай жәрдемақыны 428 290 отбасы алды. Ал, «Ана даңқы», «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегелерлеріне 18 669 теңге көлеміндегі жәрдемақы сайланады. Мұндай жәрдемақымен өткен жылы мемлекет бойынша 232,3 мың көп балалы ана қамтылған.

Атаулы әлеуметтік көмек: кімдер алады және 2021 жылы мөлшері қанша?

Атаулы әлеуметтік көмек табыс деңгейі төмен азаматтарға тағайындалады. Сонымен бірге мұндай әлеуметтік төлем көп балалы отбасылар мен тұрмысы төмен жанұяларға беріледі. Мұндай көмек әр тоқсан сайын тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің бұл түріне қол жеткізу үшін, азаматтар барлық табыс көлемі ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 70%-дан аспайтынын дәлелдейтін құжаттар тапсыруы тиіс. 2021 жылы бұл төлем отбасы табысын оның әр мүшесіне бөлгенде 24 011 теңгеден аспауы тиіс.

2020 жылы тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны 936 189 адамды құраған. Айта кетерлігі, мұндай атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылы 571 мыңнан астам адамға берілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 2 миллион 177 мың адамды құраған. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика агенттігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, республика бойынша былтырғы жылы атаулы әлеуметтік көмектің орташа айлық мөлшері 6 602 теңге болған. Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны ең көп аймақ – Түркістан облысы болып шықты. Мұнда былтыр 223 мыңнан астам адам айлық мөлшері орташа есеппен 5567 теңге болатын төлем алған. Сол сияқты Шымкент қаласында да 180 мыңға жуық адам дәл осындай көмекке зәру болған. Оларға шамамен 9 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал аталмыш төлемді халық саны ең аз алатын өңір – Солтүстік Қазақстан облысы деп танылған. Аймақта өткен жылы осындай қаржылай көмекті 11 мыңнан астам алған.

Ана мен бала қашан да мемлекет назарында

Қазақстанда бала тууына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші бала үшін - 110 846 теңге көлемін құрайды. Ал отбасындағы төртінші және одан кейінгі балаларға 183 771 теңге көлеміндегі жәрдемақы ұсынылады. Ал егіз немесе үшем дүниеге келген отбасыларда жәрдемақы көлемі әр балаға жеке-жеке тағайындалады. Сол сияқты елімізде жұмыс істейтін және қызметте емес аналар бала 1 жасқа толғанға дейін, бала күтімі бойынша жәрдемақы ала алады. Осылайша жұмыста жоқ аналар 1-ші балаға - 16 802, 2-ші балаға - 19 865 теңге, 3-ші балаға - 22 898 теңге және 4-ші балаға - 25 961 теңге көлемінде жәрдемақы ала алады. Ал жұмыс орны бар аналарға соңғы екі жылдағы табысының 40%-ы көлеміндегі жәрдемақы сайланады. Республика бойынша 2020 жылы жалпы сомасы 106,4 миллард теңгені құрайтын 501,6 мың анаға осындай жәрдемақы мөлшері берілді.

Сол сияқты 2008 жылдан бастап Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры (ӘСМҚ) міндетті сақтандыру қоры жүйесінің қатысушысы болып табылатын, жұмыс орны бар аналарға жүктілік және босануға қатысты бір реттік төлем төлейді. 2020 жылы мұндай төлемге 203,1 мың ана қол жеткізіп, оларға жалпы сомасы 96,4 миллиард теңге көлеміндегі ақша аударылды. Сол сияқты өткен жылы республикалық бюджеттен  87 275 адамның зейнетақы шоттарына 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер аударылды. ӘСМҚ-нан бұл мақсатта 5,7 миллиард теңге аударылды.

Жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы жайлы не білеміз?

Ел үкіметі тұрақты жұмыс орны жоқ азаматтарды да назардын тыс қалдырған емес. Олар "Міндетті әлеуметтік сақтандыру" Заңына сәйкес аталған әлеуметтік төлемге қол жеткізе алады. Мұндай төлемдерді алу үшін, азаматтар аумақтық жұмыспен қамту бөлімінде есепте тұруы тиіс. Әлеуметтік көмек азаматтардың не себепті жұмыссыз қалуына қарамастан берілетін болады.

Қорыта айтқанда, республика басшылығы әлеуметтік осал топтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысына баса мән беруде. Ел билігінің аталған бастамалары болашақта да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.