Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

2020 жылы әлеуметтік төлем, оңалтуға арналған техникалық құралдарды алуға 448 миллиард теңге бөлінген.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?
Дереккөз: spectr.com.kz

         Елімізде бүгінде 698 мыңнан астам мүгедек жандар бар. Олардың 94 мыңы балалар болса, 181 мың адам – зейнет жасындағы тұлғалар екен. Ал 430 мыңы еңбекке қабылетті жастағы азаматтар.

           Өкініштісі республика бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың да саны жыл санап артып келеді. 2010 жылы олардың саны 149 043 болса, 2019 жылы мүгедек балалардың саны 161 156-ға жеткен. Тек Түркістан облысында мұндай жеткіншектер саны сол жылы 19 149 болса, екінші орында 15 733 баламен Шығыс Қазақстан облысы тұр. Ал үшінші орында сол жылғы деректер бойынша Алматы қаласы тұр. Сол сияқты ересектер арасындағы мүгедектер саны да 2011-2019 жылдар аралығында күрт өскен. Мәселен 2011 жылы ел аумағында 563 086 мүгедек жан болса, 2019жылы олардың саны 695 253-ке ұлғайған. Олардың ішінде 18 жасқа дейінгі балалар 91 573-ті құраған.

       Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды барынша қолдау – мемлекеттің әлеумет саласындағы саясатының басым бағыттарының бірі болып қала бермек. Ендеше материалдың бүгінгі тақырыбын мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету тақырыбына арнамақпыз.

Мүгедек азаматтар қандай әлеуметтік көмек ала алады?

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен өтемақы, әкімдіктер беретін қосымша төлемдер мен жұмыс ұсынушылар беретін қосымша әлеуметтік көмекті ала алады. 2020 жылы әлеуметтік төлем, оңалтуға арналған техникалық құралдарды алуға 448 миллиард теңге бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық көрсеткіш болып табылады. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік көмек көрсету саласын жақсарту үшін, барлығы 19 нормативтік-құқықтық актіге (мысалы 1-ші топтағы мүгедек жанға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы беру, әр түрлі топтағы 7-16 жас аралығындағы балалардың жәрдемақысын қайта қарау, 18 жастан асқан, 1-2 топтағы мүгедектігі бар балаларға тұрғын-үй кезегін сақтау және т.б.) өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң жобасы әзірленуде. «Қазіргі таңда министрлік жаңа заң жобасын қарастырып жатыр. Онда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы мен экономикалық белсенділігін арттыру жағдайына баса назар аударылатын болады. Өкініштісі республикада еңбекке қабылетті мүгедек жандардың тек ¼-і ғана жұмыспен қамтылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, 2021 жылы бұл көрсеткішті 30%-ға арттыру көзделіп отыр. Бұл дегеніміз тағы 20 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады дегенді білдіреді»,-дейді еңбек министрлігінің өкілдері.

Қазіргі таңда ерекше қажеттіктері бар жандар 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа тұра алады. Нәтижесінде 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 13 мың адам (5 мың тұрақты, 8 мың уақытша) жұмыспен қамтылған. Республика бойынша 2020 жылы мүгедек жандар ең көп жұмысқа орналасқан аймақ – Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстары деп танылды.

Сол сияқты «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік курстарына 626 адам қатысып, олардың 392-сі өздерінің бизнес жобаларын қорғап шыққан. Ал 198 мүгедек адам микрокредиттер мен гранттарға ие болған. Сондай-ақ 350 азамат шағын несие алып, олардың арасында 263-і өз бизнесін ашқан, ал 830-ы грант иесі атанған. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша да жұмысқа тұра алады. 2020 жылы осындай 2,2 мың адам түрлі инфрақұрылымдық жобаға тартылды.

Бұған қоса өткен жылы Әлеуметтік қызметтер порталы ашылған. Ол арқылы мүгедек жандар оңалтуға қажет техникалық құралдар (ТҚ) мен арнаулы әлеуметтік қызметтерге (АӘҚ) тапсырыс бере алады. Оңалту саласына қатысты тағы бір қуанышты жаңалық – 2020-2023 жылдары аралығында Қазақстанның 8 аймағында жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге ерекше қажеттіліктері бар жандар енді шипажайларда 14 күнтізбелік күн аралығында емделе алады.

Жалпы ел бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге кететін қаржы көлемі 10%-ға артты. 2019 жылы бұл көрсеткіш 315 миллиард теңгені құраса, былтыр бұл сома 347 миллиард теңгеге жеткен. Ал, ТҚ мен АӘҚ-мен қамтамасыз етуге бөлінген қаржы көлемі 17%-ға артып, 2020 жылы 101 миллиард теңгені құраған.

Covid-19: Мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай көмек көрсетілді?

2020 жылғы пандемия кезеңінде елдегі 55 мыңнан азаматтың мүгедектік мерзімі 3 рет ұзартылды. Сонымен бірге мүгедек азаматтар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға азық-түлік және басқа да тұрмысқа қажет заттар апарылып тұрды. Осылайша жалпы республика бойынша 739 мың адамға көмек көрсетілді. Олардың 570 мыңы ересек мүгедек адамдар болса, 86 мыңы мүгедек баласы бар отбасылар болды. Ал, «Нұр Отан» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында 1-ші топтағы мүгедек азаматы бар отбасыларға 100 мың теңге, мүгедек балалары бар жанұяларға 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай көмек көрсетілді.