Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қазақстандықтар зейнетақы қорынан алған қаражатты қалай жұмсауда?

БЖЗҚ жариялаған 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі мәліметке сәйкес, уәкілетті операторлардан («Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ, «ЦентрКредит Банк» АҚ) тұрғын-үй жағдайын жақсарту мақсатында, бірыңғай зейнетақы төлемін алу үшін 181 842 өтінім келіп түскен.

Қазақстандықтар зейнетақы қорынан алған қаражатты қалай жұмсауда?
Дереккөз: baigenews.kz

2021 жылдың басты жаңалығы – Қазақстан халқының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражаттың белгілі бір бөлігін алып, оны тұрғын-үй, емделу мақсатына жұмсай алуы болды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енген Заң 700 мыңнан астам қазақстандықтың БЖЗҚ-нан қаражат алуына жол ашты. БЖЗҚ-на бүгінде қанша өтінім келіп түсті? Қазақстандықтар зейнетақы қорынан алған қаражатты қайда жұмсап жатыр? Бүгінгі мақаланы осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

         БЖЗҚ-дағы қаражаттың бір бөлігін азаматтарға беру мәселесі алғаш рет 2019 жылдың қыркүйек айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен көтерілген еді. Содан бері Үкімет қордағы ақшаны ел тұрғындары тиімді пайдаланудың бірнеше жолдарын қарастырып, тиісті Заң жобасына мемлекет басшысы биылғы жылдың басында қол қойған-ды. Содан бері ел аумағында 761 мың салымшы қордан 2,4 триллион теңге көлемінде ақша алу құқығына ие болды. Материалдың алдағы бөлімінде бүгінге дейін қанша салымшы қор қаражатына қол жеткізе алды және оны қалай жұмсауда деген сауалдарға жауап іздейтін боламыз.

Бастысы баспана: Ел тұрғындарының басым көпшілігі қордағы қаражаттарын тұрғын-үйге жұмсап отыр

БЖЗҚ жариялаған 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі мәліметке сәйкес, уәкілетті операторлардан («Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ, «ЦентрКредит Банк» АҚ) тұрғын-үй жағдайын жақсарту мақсатында, бірыңғай зейнетақы төлемін алу үшін 181 842 өтінім келіп түскен. Олардың ішінде жалпы сомасы 643,1 миллиард теңгені құрайтын 121 809 өтінім орындалған. Ведомство мәліметінше, салымшылардың арнайы шоттарына аударылған сома орташа есеппен – 5,3 миллион теңгені құрайтын көрінеді.

Сондай-ақ зейнетақы қорындағы ақшаны емдік мақсатта жұмсау ережесі биылғы жылдың ақпан айында өз күшіне енді. Содан бастап наурыздың 1-іне дейінгі аралықта БЖЗҚ-на 737 өтінім келген. Ал бұл мақсатта аударылатын жалпы сома 2 миллиард теңгені құраған. Қазіргі таңда 271 азаматтың арнайы шоттарына 277,7 миллион теңге аударылған. БЖЗҚ таратқан мәліметке сәйкес, қазақстандықтар емделу үшін, қордан арнайы шоттарына орташа есеппен 1 миллион теңгені аударады екен. Сонымен бірге аталған мақсатта еліміздің қай өңірлерінен өтінімдер көп мөлшерде келіп түсетіні белгілі болды. Бұл тізімде Алматы қ.  (20,9%) көш бастап тұрса, екінші орында Нұр-Сұлтан қ. (18,6%) тұр. Ал тізімдегі үшінші орын Атырау облысына (7,3%) тиесілі болып отыр.

БЖЗҚ-нан уақытынан бұрын ақша алған дұрыс па?: Мамандар пікірі

         CSI аға серіктесі Олжас Құдайбергенов аталған мәселеге қатысты өз ойын былай деп білдірген еді: «Егер  БЖЗҚ-ны сингапурлік үлгі бойынша реформалау көзделсе, баспана мәселесі шешілген азаматтар, зейнетақы қорындағы қаражаттарына тиіспей, оны зейнет жасына дейін жинай алатын еді. Яғни, олар кейін зейнетке шыққанда осы ақшаға баспана ала алады. Бұған қоса мұндай реформа, аталған бағдарламадан тыс қалған 93% тұрғынның баспана мәселесін шешіп бере алатын еді. Осылайша ел тұрғындарын 100% баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады».

         Сол сияқты танымал экономист Мақсат Халық та жобаның қалталыларға арналған бастама екенімен келіспейтіндігін мәлім етті. «Біздің мемлекетте еңбек нарығында 10 миллион адам бар. Былтыр БЖЗҚ қордан 721 мың ақша ала алады десе, биыл олардың саны 761 мыңнан асты. Яғни бәрі айтып жатқандай жұмыс істейтін 10 миллион адамның тек 7%-ы ғана бұл жобаға қатыса алады. Сол себепті де көпшілік бұл бастаманы қарапайым халыққа қол жетімсіз, қалталыларға арналған бағдарлама деп отыр. Алайда мен мұндай пікірмен келіспейтін едім. Себебі ауқатты адамдар қаражаттарын зейнетақы қорында жинамайды.  Сол себепті бұл жоба орта тап өкілдеріне арналған деп айтар едім. Себебі өмір бойы еңбек еткен адамдар енді міне маңдай терімен жинаған ақшасын өз керегіне жұмсай алатын мүмкіндікке ие болып отыр»,-деді ол.

Сонымен бірге мамандар қордағы қаражаттың халыққа берілуі салдарынан баспана бағасы қымбаттауы мүмкін деп алаңдап отыр. Айтуларынша БЖЗҚ-нан ақша алғандардың басым көпшілігі оны баспанаға жұмсауды жоспарлап отыр. Демек пәтер нарығында оған деген сұранас артады. Сондай-ақ қордан қаржы алатындардың дені жалақысы жоғары, ауқатты адамдар болып тұр. Бұл тиісінше пәтер бағасының қымбаттауына әкеп соқтыруы ықтимал дейді сарапшылар. «Қордан ақша алғандар екінші, үшінші пәтерлерін алуы мүмкін. Салдарынан пәтері жоқтар, баспананы енді аламын деп отырғандар тағы үй ала алмай қалады. Себебі баға қымбаттайды, баспана қолжетімсіз болып қалады»,-дейді қаржыгер Сәбит Рысбаев.

         БЖЗҚ ресми сайтындағы мәліметке сенсек, 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қордағы салымшылардың шоттарында 12,9 триллион теңге сомаға зейнетақы жинақтары бар екен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12,9 триллион теңгеге немесе 20% - ға артық сома көрінеді. Сонымен бірге зейнетақы былтырғы жылдың ауыртпалығына қарамастан, БЖЗҚ-ға түсімдер азаймаған, олар керісінше ұлғайған екен. Сондай-ақ белсенді салымшылардың да саны жыл сайын артып келеді.