Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Жамбыл облысында 244 кәмелетке толмаған қыз жүкті болып қалған

"Жалпы кәмелетке толмағандың 40-60 пайызы ерте жыныстық қатынасқа түссе, оның 10 пайызы – 14 жасқа толмағандар", - дейді балалар гинеколог-дәрігері.

Жамбыл облысында 244 кәмелетке толмаған қыз жүкті болып қалған
фото: ktk.kz

Осы деректің 40-ы жыныстық сипаттағы жасалған қылмыс болса, 8-і зорлау түріне, 4-еуі сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне жатады. Ал 21-і 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түссе, 7-еуі жас баланы азғыруға барған.

Бұл туралы Жамбыл облыстық білім басқармасының жыл қорытындысына арналған алқа мәжілісінде айтылған болатын. Жүкті болғандардың 175-і 17-18 жас аралығында болса, 57-сі – 16-17 жастағылар. 12 қыз небәрі 15-16 жасында құрсақ көтерген. Мамандардың сөзінше, жасына жетпей жүкті болғандардың қайда білім алатыны немесе үйде отырғаны, қайсысының ата-анасынан бөлек тұратыны, кімнің ерте бастан отау құрғаны белгісіз.

Осыған қатысты мәселелер жергілікті әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында да көтерілген. Бұл жиынның қорытындысы негізінде жазылған жазба әлеуметтік желіде де қызу талқыға түскен-ді. Желі қолданушыларының дені құзырлы органдар мен жауапты мамандарды орын алған фактіні осылай ашық түрде ұдайы талқылап отыруға шақырған.

Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар балалар гинеколог-дәрігері Динара Шондыбасова бұл көрсеткіштердің көңілге қаяу түсіретінін айтады. Оның айтуына қарағанда, ата-анасына еркелеп жүрер шағында қыз баланың "жаман атқа" ілігуінің соңы әртүрлі келеңсіз факторларға да апарып соғуы мүмкін.

"Бүгінде жасөсіпірімдер арасында ерте есею, яғни акселерация үдерісі үдеп келеді. Себебі, интернеттегі ақпараттар сүзгіден өтпейді. Содан кейін балалар әртүрлі анайы нәрсені тәк-тәксіз еркін көріп отыратын болған. Сондықтан да қазіргі жасөспірімдер бүкіл ересектердің өмірінен ерте хабардар болады. Солай бола тұра, көп ата-ана, әсіресе, қазақы отбасылар балаларының сексуалдық өмірлеріне араласқысы келмейді. Анасы мен қызы, әкесі мен ұлы болып сырласудан қалып барады", - дейді дәрігер.

Жасөсіпірім қыздар жүкті болып қалса, көбіне одан құтылуға, яғни жасанды түсік жасатуға бел буады. Ал мұның соңы – бедеулік. Зерттеулер көрсеткендей, ересек әйелдермен салыстырғанда жасанды түсіктен кейінгі асқынулар жасөсіпірім қыздарда екі есе жоғары болады екен. Мәселен, жыл сайын әлемде түсіктен кейінгі асқынулардан 500 мың әйел көз жұмады. Ал Қазақстанда он жүктіліктің үшеуі түсікпен аяқталады.

"Жыл сайын әлемде 14 миллион жасөспірім қыз жүкті болады. Жалпы кәмелетке толмағандың 40-60 пайызы ерте жыныстық қатынасқа түссе, оның 10 пайызы – 14 жасқа толмағандар. Егер отбасында ата-ана ұл-қызына өмірдің мәнін ұқтырып, шолжаңдағанын қабағымен ықтырып отырса, қазір ерте жүктіліктің проблемасы бұлай ушықпас еді", - деді Динара Мелсқызы.

Жамбыл облысының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бахыт Жақсылықова ерте жүкті болған қыздардың мәселесін қарау комиссия құзырына кірмейтінін жеткізді. Тек олардың ата-анасы қандай да бір көмек сұрап, өтініш жасаса ғана қолұшын созады екен. Ол мұндай жағдайға тап келген қыздың өмірін талдап, талқылап, "жығылған үстіне жұдырық болмау" керек деген пікірде. Оларды ата-анасымен бірлесіп, моральдық және психологиялық тұрғыда қолдаған абзал.

"Осыдан екі жыл бұрын өңірде 5 қызы бар отбасының 17 жастағы екінші қызы жүкті болып қалып, сол қыздың мәселесі бойынша комиссия үлкен жұмыстар жүргізді. Әкесі қызынан бас тартып, жағдай ушыға түсті. Біз қызға қолдау, көмек көрсетіп, айы-күні жеткенде босандырып алдық. Өмірге ұл келді. Бұл отбасында ұл бала жоқ болғандықтан, ата-анасы немересін атына жазып алды. Мәпелеп отырған қызының "оң жақта" отырып, от басқаны қай отбасыға да оңай емес. Десе де жағдайды ушықтырмай, тиімді шешу жағын да қарау қажет", - дейді комиссия хатшысы.

Жергілікті әкімдіктің білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева жоғарыда көрсетілген 244 деген сан арнайы хаттамаға сай әлі де пысықталып жатқандығын алға тартты.

"Олардың қатарында кейбір қыздар екі рет тіркеліп кеткен дерек болуы мүмкін. Сондықтан ерте жүкті болғандар саны қайта нақтыланып жатыр", - деген уәж айтты сала маманы.

Гүлзира Лесбайқызы ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр облыста 12-15 жас аралығында 3 оқушының ерте жүктілік фактісі тіркелген. Бұл деректер негізінде жергілікті полиция бөлімдерінде тергеп-тексеру ісі жүргізілуде. Ал аймақтағы аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес, жалпы білім беретін мектептер мен колледждер бойынша да бөлек деректер жиналған. Мысалы, жергілікті денсаулық сақтау саласы мамандарымен бірлесіп алынған мәліметтерде 16 жастағы – 18, 17 жастағы – 58 (оның 1-еуі басқа өңірге қоныс аударған), 18 жастағы 43 қыздың ерте жүктілігі, барлығы 122 қыздың тіркелгені расталған. Оның ішінде 56-сы заңды некеде болса, 65-і азаматтық некеде тұрып жатыр. 122 қыздың 76-сы - колледж студенттері, 43-і – 11 сынып бітірген.

Гүлзира Лесбайқызының айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тіркеуге алынған кәмелетке толмаған қыздарға (барлығының оқу орны көрсетілмеген) іздестіру жұмыстарын жүргізу "Педагог мәртебесі туралы" Заңға қайшы келеді екен. Жоғарыда көрсетілген сандардың бір ізге түспей жатқаны осындай жағдайларға байланысты көрінеді.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ