Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде екінші куәгер Дана Жақсыгелді жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ол Талғар қаласының тумасы, орта білімді, ажырасқан, қазір жұмыс істемейді.
Куәгердің айтуынша, оларды Равиль есімді азамат Талғардағы "Эйфория" кафесіне шақырған.
«Біз құрбым Эльмира Нұрбековамен бірге бардық. Түнгі сағат он екілер шамасында үйге қайтуға ниеттендік. Нұрқияс бізді жеткізіп тастайтынын айтты. Көлікке Нұрқияс, мен, Эльмира, Равиль, Шыңғыс және Азамат отырдық. Жолай "Қамажай" дүкенінің жанына тоқтадық. Темекі алу үшін дүкенге кірдік. Бірақ сатушылар бізге темекі сатудан бас тартты. Сыртқа шыққанымызда ерегіс басталып кеткенін көрдік, - деді Дана Жақсыгелді сотта.
Оның сөзінше, көліктің артқы жағына кеткен кезде оқ атылған.
«Ұзын бойлы, сақалды жігіт алдымен аспанға, кейін біз жаққа қарай екі рет оқ атты. Одан кейін төбелес жолдың қарсы бетіне ауысты. Мен қатты қорқып, көлікке қайта отырып алдым. Себебі оқ атылғанда өмірім үшін қорықтым. Полицияға хабарласу туралы ой мүлде болмады», - деп түсіндірді куәгер.