Прямая трансляция

Астана

Астана

6°C

Жасырын жүрістен гөрі екінші әйел алған жөн – теолог

Белгілі исламтанушы, теолог Мұхиддин Исаұлы еліміздегі ажырасу деңгейінің артуын үлкен трагедия деп санайды, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Жасырын жүрістен гөрі екінші әйел алған жөн – теолог
фото: baq.kz

Оның айтуынша, отбасы институтының әлсіреуі ұлт болашағына кері әсер етеді. Ал бұл мәселенің шешімін тек шариғат тұрғысынан ғана емес, әлеуметтік жауапкершілікпен қарау қажет.

«Қазақстан ажырасу бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Бұл – қоғам үшін үлкен қасірет. Отбасы дегеніміз – шағын мемлекет. Әр отбасы мықты болған сайын мемлекет те нығаяды», – дейді теолог.

Ол қазіргі қоғамда некесіз, жасырын қарым-қатынастар көбейіп кеткенін айтады.

Сондықтан шариғатқа сай, ашық әрі жауапкершілікпен екінші әйел алу – әлдеқайда әділетті жол деп есептейді.

«Бүгінде 3 емес, одан да көп әйелі барлар бар. Алайда олар некелеспей, жасырын өмір сүріп жүр. Мұның орнына шариғат заңымен екінші әйел алып, жауапкершілік арқалағаны жөн. Бұл – біздің ата-бабаларымыз ұстанған жол. Мысалы, Абылай ханның бірнеше әйелі болғанын көпшілік біледі», – дейді Исаұлы.

Алайда ол шариғатта “екінші әйел алу – міндет” деген талап жоқ екенін баса айтты. Керісінше, бұл – үлкен жауапкершілік пен әділеттілікті талап ететін амал. Бірінші әйелдің өзін асырай алмайтын, еңбекке құлқы жоқ, жалқау еркекке шариғат екінші әйел алуға рұқсат бермейді.

«Жатып ішер» еркектер көбейді. Бұл дұрыс емес. Құранда: «Егер әділ бола алсаңдар, екінші әйел алыңдар» деп жазылған. Бірақ әділ болу – оңай шаруа емес», – деді теолог.

Мұхиддин Исаұлының айтуынша, мемлекет азаматтарға ортақ жағдай жасайды, ал рухани өмір – әр адамның өз жауапкершілігі.