Ішкі істер министрлігінен Kazinform сауалына жолдаған жауапта түзету мекемелерінде діни рәсімдерді орындауға қалай жағдай жасалып жатқанын айтты, деп хабарлайды paryz.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
- ІІМ-нің 2014 жылғы 14 тамыздағы бұйрығымен бекітілген «Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулық» талаптарына сәйкес сотталғандарға өздерінің әртүрлі діни сенімдеріне қатысты салт-жораларды мекеменің күн тәртібімен көзделген жеке уақытта өзінің ұйықтайтын орнының жанында жеке орындауға рұқсат етіледі. Бұл мақсатқа арнайы орын-жай бөлінбейді, - деп жазады министрліктегілер.
Бұл мәселе Қылмыстық-атқару кодексінің арнайы бабымен де реттелген.
- Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабына сәйкес, сотталғандардың діни жораларды орындауы мекеме қызметіне кедергі келтірмеуі, ішкі тәртіпті бұзбауы, сондай-ақ жазаларын өтеп жатқан басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін шектемеуі тиіс, - деп жазылған министрлік жауабында.