TikTok әлеуметтік желісінде Нұралы Бақытұлы есімді азамат хиджабқа қатысты тосын пікір білдіріп, оқырмандары арасында қызу талқыға түсті. Ол өзін исламтанушы, ҚМДБ РАНТ мүшесі әрі «Һибатулла Тарази» мешітінің имамы ретінде таныстырады,- деп жазады paryz.kz Sadaq.kz-ке сілтеме жасап.
«Хиджабтың астында шайтан жасырынып жатады. Кей қыздар байға тию үшін хиджаб киеді, ал ондайларға алданып қалатындар да бар. Менің айтарым, өзің қандай болсаң, Алла саған сондай адамды жолықтырады. Орамал тақпайтын, тіпті намаз оқымайтын, бірақ иманды қыздар да болады. Егер әке-шешесі жақсы болса, ондай қыз мұсылман болған соң насихат айтсаң, намазға да келеді. Орамалға алданып қалудың қажеті жоқ. Орамал тағып, аузымен аңырап жүргендер де кездеседі», - дейді ол. Имам жар таңдағанда, үйде бала тәрбиесіне көңіл бөліп отыратын, азаматына жақсылық тілеп жүретін қызды таңдау керегін айтады. «Үйлене салысымен «тойымды Медеудің басында жасаймын» десе, мәселе сол жерден басталады. Теңіңді тап, әйтпесе, өмір бойы қиналасың. Сондықтан дұрыс қыз іздеп, соған күш салған жөн. Орамал таққан, салиқалы, тақуа қыздар да баршылық. Егер сондайын кездестірсең, үйлен. Ал ондай табылмаса, орамалсыз да иманды, тәрбиелі, ибалы қызды алсаң, өкінбейсің. Уақыт өте келе ол да намазға келеді», – деп сөзін түйіндеді.
Бұл видео желі қолданушыларының арасында қызу пікірталас тудырды. Оқырмандардың бірі қолдаса, енді бірі авторды дүмше молдаға балаған.
«Ақыры бір имам шындықты айтты», «Орамал тақпайтындардың көңілі жайланды», «Дінді бұрмалайтын осындай шала молдалар көбейіп кетті», «Әсіредіншілдер естіп алсын», «Аға, артық кеттіңіз, Алла кешірсін» деп жазды олар.