Ақын, психосоматик Асылзат Арыстанбек Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында эротикалық өлеңдеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
«Кез келген құбылысты өлең ғып жазуға шектеу жоқ. Егер жақсылық, жамандық, ләззат алу, сүйіну, күйіну, ренжу, ашулану, қызғану, қайғы шегу – бәрі өмірде бар болса, одан мынаны жаз, мынаны жазба деп қалай шектей аламыз. Сосын ол анайы түрде жазылған дүние емес, поэтикалық тұрғыда, жоғары деңгейде жазылған. Олай жаза алған адам жаза алады. Мен жаза алдым деп ойлаймын. Сондай жанр дейміз бе, сондай соқпақ дейміз бе, менен кейін де, дейін де қазақ қыздарының ішінде сондай көркемдік деңгейде жазған ешкім болған жоқ. Ол өмірде бар нәрсе. Сіз «Күрең атың шөлдесе...» деген өлеңде күрең ат туралы оқып отырмын ойлауыңыз мүмкін, бірақ сіз оның не туралы екенін сезесіз. Өлеңнің поэтикалық деңгейі деген сол», - деді ол.
Асылзат Арыстанбек түнгі жырларын талдап, жақтаған адамдар болғанын және қолдаса да ойын ашық білдіруге батылы жетпеген ақын-жазушы ағалары болғанын айтты.
Сондай-ақ ақын өзінің эротикалық өлеңдерін Фариза Оңғарсынова оқығанын жеткізді.
«Елена Әбдіхалықова Фариза Оңғарсыновамен апалы-сіңлі болып араласып жүрді ғой, сол кезде оған Асылзат деген сіңліңіз эротикалық сарында өлең жазады екен, көпшілік қабылдай алмай жатыр деп айтыпты. Сонда Фариза апамыз «ол – ақын, поэзия тілімен жырланса, жазуға хақысы бар, не жазса да жарасады» депті. Мен ол кісінің қолдауын рухани деңгейде сезінетінмін», - деді ақын.