Иранда туып, сонда өскен қандасымыз қазақ жұртына өкпелі екенін айтып, мұңын шақты. Бұл туралы ол Темірлан Мұқашевтың “Иран қазақтары” бағдарламасында айтты, деп хабарлайды paryz.kz Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
Қандасымыздың айтуынша, ол өзін не Қазақстанда, не Иранда қазақ ретінде сезіне алмаған.
“Басты проблема — сен өзіңді ешқайда жатпайтын адам сияқты сезінесің. Өйткені, келбетіңе байланысты Ирандағы бет-әлпетің, өзіңді парсы халқының бір бөлігі емес сияқты сезінесің. Бұл сезім Қазақстанға барғанда жоғалады ма деп ойладым. Ол жаққа екі рет барғанмын. Бірақ Қазақстанға барғанда да өзіңді қазақ ретінде сезінбейсің. Өйткені қазақтардың көбі орысша сөйлейді және оларды түсінбейсің. Осылайша терең түпкі санаңда өзіңді ешбір жерге жатпайтын адам ретінде сезінесің. Сонда сен не ирандық қазақ, не кәдімгі қазақ емессің. Ешбір жерге тиесілі емессің. Кішкентайымда атамның әке-шешесін жек көретінмін. Өйткені олар осында көшіп келген. Білесің бе, иран қазағы болып туылуымның ықтималдығы соншалықты төмен… Осыдан ойлаймын, неге мен…? Неге мен Иранда туылуым керек болдым? Иран қазағы болып туылудың ықтималдығы соншалықты төмен… Шамамен 0.00001%. Бұл менің жыныма тиеді. Үнемі өзіме сұрақ қоямын. Неге мен? Неге біз Иранда туылдық? Неге біз басқалардан ерекшеміз?”, — дейді ол көзіне жас алып.
Пікір жазған желі қолданушыларының сөзіне сенсек, бұндай сезім тарихи отанынан бөлек жерде туып-өскен барлық адамда болады.
”Бұл — рас, шетте туған қазақтар елге келгенімен, өздерін толық қазақ сезіне алмайды”, “Қарындасым, сен түгілі осында туған біз де өзімізді қазақ сезінбейміз”, “Мен де Өзбекстаннан көшіп келгенде шынымен Қазақстанға келдім бе деп таң қалдым, бәрі орысша сөйлейтін”, “Өте дұрыс айтады, атамекен деп іздеп келесің, бірақ өз ұлтыңның адамдарымен түсінісе алмайсың”, — деп жазды олар.