Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұятсыз фильмдер көбейіп бара жатқанын айтып, тәрбиелік мәні бар картиналарды жасауға көңіл бөлу керегін ұсынды, деп хабарлайды paryz.kz.
«Кино саласында қордаланған мәселе көп. Бір ақынымыз "Шәкен Аймановтармен бірге қазақ киносының ұяты кетті" деп айтып еді. Бүгінгі таңда кейбір саны бар, бірақ сапасы жоқ кинолар көбейіп бара жатыр. Ата-анасының баласымен бірге отырып көруге бет шыдамайтын ұятсыз кинолар көбейіп бара жатыр», - деді депутат.
Әлтай Ұлттық құрылтайда Президент отандық кино санының көбейгені жақсы, алайда санға емес, сапаға жұмыс істеуіміз керегін атап өткенін еске салды. Әсіресе тарихи тақырыптағы киноларды түсіруге көп көңіл бөлуіміз керек.
«Комедия жанрындағы фильмдердің кассасы көп болғандықтан кино түсірушілер осыған әуес болып кетті. Тәрбие тал бесіктен басталады. Егер ұрпағымызды жөндегіміз келсе, балаларға арналған анимациялық фильмдерге, балалардың тарихи, ұлттық тәрбие санасын қалыптастыратын өнімдерді көп түсіруіміз керек», - деп түсіндірді Аманжол Әлтай Мәжіліс кулуарында.