Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы медресенің бас ұстазы Әбдужаппар Сманов шәкірттеріне аяғын неге уқалатты? Әлеуметтік желіде өзіне қатысты тараған ақпарат туралы имам Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Айтуынша, ол жастайынан әкесінің аяғын уқалап, батасын алған адам.
«Әкем «жерден алған топырағың алтын болсын» демейінше аяғын уқалаушы ем. Мына ел арасында жайсыз пікір тарапты. 30 немерем бар, 15 ұл, 16 қыз немерем бар. Бәрі бөлек тұрады, бірақ үйіме келсе болды менің аяғымды уқалап, хисса-дастан тыңдағанды жақсы көреді», — дейді Әбдужаппар Сманов.
Оның сөзінше, немерелеріне қазақтың тарихынан сыр шертіп, білім де береді.
«Менің немерелерім бірге намазға барады, біреуін намаз оқы, аяғымды уқала деп қинамаппын. Медресеге барып аяғымды уқаласа, шәкірттеріме үлгі, тәлім болмай ма? Атасының аяғын уқалаған немереме «бар ары» деп сағын сындырмаймын», — дейді Әбдужаппар имам.
Бас ұстаздың айтуынша, мұндайды көрген шәкірттері ата-анасына құрмет көрсететіні хақ.