Оның айтуынша, жазда мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Биыл Қазақстанда шілде айынан бастап мемлекеттік қызметшілердің жалақысын 30-150 процентке дейін көтеру жоспарланып отыр. Әсіресе, ауыл мен аудандарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы айтарлықтай өседі. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Жарқын Тілеукенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жазда мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Соның аясында лауазымның дәрежесі емес, қызметтің маңыздылығы мен рөлі ескеріледі. Қазіргі кезде ұлттық экономика министрлігінің мамандары мемлекеттік қызметшілердің саны мен факторлық-балдық шкаланы ескеріп, тиісті есеп-қисапты жасап жатыр. Алдын ала есепке сәйкес, жалақы 30 проценттен 150 процентке дейін көтеріледі.
"Бүгінде еңбекақы төлеу жүйесінде жалақының көлемі жағынан орталық пен аудандардың арасында диспропорция бар. Ол орташа есеппен 70 процентті құрайды. Еңбекақы кестесі лауазымдар иерархиясына негізделген. Сол себепті төменгі деңгейде жұмыс істейтіндер аз ақша алады. Ал мемлекеттік органның дәрежесі жоғары болған сайын еңбекақы да көбейеді", - дейді Тілеукенов.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа жүйеде иерархия көп ескерілмейді. Оған сәйкес, алдымен лауазымның мазмұнына, қызметтің қаншалықты қиын болғанына мән беріледі. Оны тиімді орындауға қажетті қарым-қабілетке де назар аударылады.
"Сосын жаңа жүйе аясында қызметкердің өкілеттілік аясы мен жауапкершілігі ескеріледі. Осылайша, қазіргі диспропорция 70%-тен 10%-ке дейін төмендейді. Ал ауылдар мен аудандарда жалақының өскендігі сезіледі. Орталықта еңбекақы қатты өспейді", - деп атап көрсетті Тілеукенов.
Осы орайда департамент директоры ауылда істейтін маманның қазіргі орташа жалақысын да мысалға келтірді. 9-11 жылдық еңбек өтілі бар қызметкер айына шамамен 89 мың теңге алады.
"Барлық төлемді шегеріп тастаса, қолға одан да аз алады. Біз шілде айына дейін тиісті жұмысты аяқтап, сол уақыттан бастап жаңа жүйені енгізуіміз керек", - дейді департамент директоры.